Технология • 30 Қаңтар, 2018

Жаңаөзенде жаңа өндірістік база іске қосылды

777 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

150 мыңға жуық халқы бар Жаңаөзен қаласы өзінің жарты ғасыр­­лық тойы қарсаңында жаңа істер­­мен жаңғыруда. Жуырда ғана қалада мұнай өнеркәсібі құрал­­дарын және технологиялық комму­ни­кацияларды жөндеу бас­қар­ма­сының өндірістік базасы ашылды.

Жаңаөзенде жаңа өндірістік база іске қосылды

Жалпы аумағы 9 гектар жерді алып жатқан базада мұнай өнеркәсібі құрал­дарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының 300-ден аса қызметкері жұмыс істейді. Сон­дай-ақ аталған басқарманың 5 цех, 2 учаскесі осы нысанға орналасуда. Маман­дардың айтуынша, мұндай ірі нысан ТМД елдеріндегі мұнай-газ секторында алғаш рет салынып отыр.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың күні кеше жариялаған Жолдауындағы 10 ба­сым­­дықтың негізгісі де өндірістік сала­ны жаңғырту бағытында болды. Өт­кен жыл қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 110,3%-ды құрады. Ал «Өзенмұнайгаз» акцио­нерлік қоғамы 5013,1 мың тонна шикі мұнай, қала кәсіпорындары арқы­лы 281,7 млн текше метр табиғи газ өндірді. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоға­мы бүгінде 9000-дай мұнайшыны жұмыс­пен қамтып, қаланың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына өзіндік үлес қосып отыр, – деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғ­жанов нысанның ашылу салтанатында.

Өткен жылы «Өзенмұнайгаз» ак­цио­нерлік қоғамының мұнай өндіру көр­сеткіші 5 млн 480 мың тоннаны құрады. Компаниямен оған қатысты мекемелер 20 307 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – апатты және тозығы жеткен үйлер.

– Арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылған үйлердің тұрғын­дарына пәтер беріп, апатты үйлерді бұзу жұмыстарын жүргізу бағытында бірнеше шара қолға алынды. Өткен жылы бұл мақсатта 431,9 млн теңгеге 56 пәтер сатып алынды және № 59 үйдің тұрғындарына пәтер кілттері табысталып, тиісті құжаттар рәсімделуде. Апатты жағдайдағы №43 үйдің тұрғындарын толықтай пәтермен қамтамасыз ету үшін қосымша 14 пәтер сатып алу қажет. Бұл 284 млн теңге бөлуді қажет етеді. Сондай-ақ тозығы жеткен 59 тұрғын үйдің конструкцияларын бекітіп, қауіпті учаскелерін қалпына келтіру шараларын бюджет қаржысынсыз, өзге мекемелердің күшімен шешу жолдары да қарастырылуда, – дейді Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев.

Жұмыссыздық пен ауызсу мәселелері де Жаңаөзен қаласындағы басты мәселе­лердің бірі. Қала бойынша 1088 адам жұмыссыздық есебінде тіркеуде тұр. Қала және оған іргелес ауылдарда тіркеуде жоқ жұмыссыз жүрген тұрғындардың, отбасы жағдайы төмен отбасылардың нақты санын анықтау мақсатында қала әкімдігінде жұмысшы тобы құрылып, үйлерді аралау жұмыстарын бастаған.

Ауызсудың тапшылығы қалада, әсіре­се жаз мезгілінде байқалады. Жаңа­өзен қаласына тәулігіне «ҚазТрансОйл» АҚ-тан 20 мың текше метр, Түйесу, Сауысқан кен орындарынан 7,5 мың текше метр, барлығы 27,5 мың текше метр су беріледі, Еділ суы қалалық су тазарту ғимаратын­да тазар­тылады. Жаңаөзен қаласындағы тәу­лі­гіне 30 мың текше метр су тазартатын жаңа нысанның құрылысы осы жылы аяқталмақ.

Жергілікті әкімдік қалада ауызсу мәселесін шешудің жазғы мезгілдер­де «ҚазТрансОйл» АҚ-пен берілетін Еділ суының көлемін тәулігіне 5 текше метр­ге, яғни 20 мың текше метрден 25 мың текше метрге дейін көбейту және «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың «Кендірлі» аума­ғындағы теңіз суын тұщыту зауыты құ­ры­лысының жобасын іске асыру секілді екі жолмен шешуге болатындығын айтады.

Жаңаөзендік тұрғындар жеке кәсібін бастауға ынталы, әсіресе жергілікті қол­дауға ие «Өңірлік «Нұр капитал» бағ­дар­ламасы бойынша кәсіпкерлігін іске асыруға бастамасы 1 млрд теңгенің үстін­де несиені қамтитын 26 кәсіпкер ниет білдірген. Бұл кәсіпкерлер 500 жаңа жұмыс орнын құратын болады. Сондай-ақ қала­ның индустриялық аймағында өндіріс орын­дарын құруға ниетті 36 кәсіпкер шамамен 250 жаңа жұмыс орнын ашпақ.

Жаңаөзендегі жасалып жатқан жұмыс­тармен бірге, жасалуы тиіс жұмыс­тар да бар. Бостандық пен Рахат шағын аудан­дарында дренаждық жүйе салу, ауыл іші­нің автокөлік жолдары мәселесі, елді мекендерге тротуарлар салу, коммунал­дық меке­мелердің қаржы-экономикалық жағдайы секілді мәселелер өз шешімін күтуде.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы