Технология • 01 Ақпан, 2018

Отбасында озбырлық көргендер ақпараттық технологиялар көмегіне жүгінеді

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығарып салған жылдың соңында сауапты бір жоба қолға алынған-ды. Бұл шараға еліміздің Бас прокуратурасынан бастап Ішкі істер министрлігі, «Қазақстан кризис орталығы одағы», «Линия жизни 24» қоғамдық қоры, «RGL» ЖШС, «KT Cloud Lab» ЖШС, «Акцент Микросистемс» ЖШС- мен бірге Қазақстандағы АҚШ Елшілігі де қосылып, қолдау көрсетуді бастады.

Отбасында озбырлық көргендер ақпараттық технологиялар көмегіне жүгінеді

Сонымен «Зорлық-зомбы­лықсыз өмір» жобасы отба­сында зәбір көріп жүргендерге мемлекеттік органдардың ара­ласуымен және ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы тәулік бойы көмек бе­руді қарастырады. Және кез келген шағым міндетті түр­де қарастырылып, қысымға душар болған адамға адво­кат тағайындалады. Осы ара­да отбасындағы озбырлық әйелдерге ғана қатысты емес, кәмелетке толмаған балалар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да қатысты екенін атап өткен жөн. Бұл бастаманың бір артықшылығы – өз жақындарынан зәбір көрушілердің қауіпсіздігі үшін заманауи технологиялардың жүйесін енгізу, жедел көмек қызметінің оперативті әрекеті мен қорғау амалдарын қадағалау болмақ.

Дабыл түймесі арқылы ат­қарылатын жобаның міндеттері де нақты тармақтарға бөлінген. Біріншіден, цифрлы қауіпсіздік жүйесін енгізу үшін ұйым мем­лекеттік органдар, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, отбасындағы зәбірленушілерге жедел көмектесуді жолға қояды. Және жәбір көрушілерге жедел көмек көрсетудің техникалық мүмкіндіктері қарастырылады. Оған қоса осындай жағдайға душар болғандарға барынша жылдам әрекет ететін жедел көмек пен қорғау амалдарына қауіпсіздік жүйесін енгізу бас­ талды.

Сондай-ақ «Отбасындағы озбырлықсыз Қазақстан» жо­басы аясында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің оты­рысында қолдағы барлық нәти­желерді сараптап, талдайды. Әрі қарай көпшілік оның нә­тижелерінен құлағдар болып отырады. Ең бастысы, отбасын­дағы озбырлыққа қарсы қауіп­сіздік жүйесіне арналған зама­науи технологияны пайдала­нуды ел заңнамасына ұсыныс ретінде енгізу көзделіп отыр.

Былтырғы қазан айынан биылғы қазан айына дейін ұласатын жобаның маңызды­лығы мынада: отбасындағы қауіпсіздікті жолға қою, зама­науи технологияны пайдалана отырып жедел көмек көрсету қызметімен қамтамасыз ету. Ал цифрлы технологиялар арқылы бұлтартпайтын дәлелдер мен дәйектер жинақтау да құқық қорғау саласының қызметін жеңілдетеді. Мемлекеттік орган­ дар тарапынан мұндай бақылау орнату азаматтарымыздың алаңсыз өмір сүріп, әлімжеттік жасаған қылмыскерлерді жазаға тартып, зорлық-зомбылықтың қайталанбауына ықпал етері анық. Бұл жоба жаңа техноло­гияны өмірде пайдаланудың алғышарты болып табылады. Нәтижелі болған жағдайда мемлекеттің қолдауы негізінде жүйені көлемді етіп енгізу қарастырылған. Мақсатты ауди­тория Алматы қаласының сегіз ауданында тұратын әртүрлі дәрежедегі отбасында қысым мен жәбір көріп жүрген 400-дей әйел болып тұр.

Сонымен қатар прокуратура мен полициядан 25 қызметкер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан 30 адам қатыстыру жоспарда бар. Ең бастысы, отбасындағы озбырлыққа не­гізделген қауіпсіздік жүйесі мен жедел көмек қылмыстың қайталануын 50 пайызға тө­мендетеді деп күтілуде. Жо­баның нәтижесі ел заңна­масын толықтыруға және өзгерту енгізуге мүмкіндік ашатындығын қайталап айта кеткен жөн. Өз кезегінде бұл шаралар бақылау жүйе­сін түбірімен өзгертіп, мем­лекеттік қызметкерлердің әре­ кет етуін жүйелейді. Жаңа жоба Қазақстанда бірегей тех­нологиялық базаны жасақтауға септігін тигізеді. Нәтижесінде елімізде 58 мыңдай тұрмыстық жәбір көрушілерге қолдау көрсетілетін болады.

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ