Тәрбие • 01 Ақпан, 2018

«Пробация үйінің» шапағаты

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл өмірде кім қателеспейді, кім шалыс баспайды. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демей ме халқымыз. Осы халықтық көзқарас тұрғысынан келсек, сот­тал­ғаннан кейін жазасын өтеп келген жандарды қоғам өзекке теппесе керек.

«Пробация үйінің» шапағаты

 Керісінше, моральдық-психологиялық және әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан тиісті көмектер берілсе, олар еркін өмірге тез сіңісіп кетері анық. Осы орайда елімізде бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, ең алдымен, пробация қызметінің есебіне алынады. Бұл ретте Мұғалжар ауданының ор­та­лығында өткен жылы ашылған «Пробация үйі» тіркелген тұлғаларға өз шапа­ғатын тигізіп келеді. Соның нәти­жесінде бірқатары жұмыспен қам­ту орталығы арқылы құрылыс жұ­мыс­тарына тартылса, тағы бірі тепловоз машинасының көмекшісі мамандығын алу үшін өнеркәсіп колледжіне жолданған. Сондай-ақ жеті тұлғаға белгіленген көлем­де тегін медициналық кө­мек көрсе­тілген. Келесі кезекте олардың қа­та­рын «Жасыл ел» жасағының сапына жұмысқа орна­ласқандар мен «Бастау-бизнес» бағ­дарламасы ­бо­йынша оқу курсына  қабылданғандар және құқықтық, соның ішінде қорғаушының көмегін алғандар құрайды.

Осы жоба биыл да жалғасын тауыпты. «Пробация үйінің» қыз­­­меті «бір терезе» қағидатына не­гізделген. Соған сәйкес мем­лекеттік қызметтер мен рәсімдер оңайлатылған түрде көрсетіледі. Пробация қызметінің есебінде тұрғандардың қай-қайсысы да әлеуметтік-құқықтық көмектен тыс қалып көрген емес.

Мұндағы басты мақсат – жа­за­сын өтеп келгендердің қай­тадан қылмыс жасауға ұмтылу әрекеттерінің алдын алу, қыл­мысқа итермелейтін себептерге жол бермеу және бас бостан­дығынан айыру орындарынан босағандардың қоғамдық өмір­ге тезірек бейімделіп кетуіне жағ­дай жасау, дейді Ішкі істер минис­трлігінің Ақтөбе облысы­ бойын­ша қылмыстық атқару жүйе­сі де­партаменті Мұғалжар аудан­дық №1 пробация қызметі бөлі­мінің аға инс­пекторы Гүлсезім Ешма­ғамбетова.

Жоғарыда айтылғандай, жа­­за­сын өтеп келгендерге арнайы квота бойынша белгілі бір жұ­мыс орындары ұсынылады. Бұл тәртіп пен жүйе әлеуметтік дамыту бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде белгі­ленген. Бұған қоса пробация қызме­ті есе­біндегі тұлғаларды қажет бол­­ған жағдайда кешкі мектептерге жіберу көзделген. Бостандыққа шыққандар да барлық республика азаматтары секілді зейнетақы мен жәрдемақы ресімдеуге және өз бизнестерін ашып, несие алуға құқылы. Мұғалжардағы пробация қызметінің жанашырлары мұндай жағдайда тиісті көмек көрсетуді қызмет дағдысына айналдырып отыр.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,

Мұғалжар ауданы