Театр • 06 Ақпан, 2018

Жамбылда «Томирис» тарихи драмасы сахналанды

11589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі Томирис, Тұмар патшайымның тарихи бейнесі күні бүгінге дейін батырлық пен әділдіктің көрінісіндей елес береді. Геродоттың жазбасында адамзат тарихындағы әйгілі оқиға Парсы патшасы Кирдің Сақ патшайымын өзіне әйел етіп алмақшы болғанынан бас­талады. Алайда Кир патшаның саясатын түсінген Тұмар патшайым оның ұсынысын қабылдамауы мұң екен, арада қиян-кескі шайқас басталады. Тарихта мұның соңы Кир патшаның өлімімен аяқталғаны айтылады.

Жамбылда «Томирис» тарихи драмасы сахналанды

Қайсарлықтың қашанда қасиеті жоғары. Тұмар патшайымның бұл көрегендігі әлемдегі жүздеген қа­лам­герлердің, тарихшылардың шы­ғармаларында көркемдік әдіспен бей­неленді. Ұрпақтар санасында елдік мүддені сақтап қалудағы ерлік болып қалыптасты. Тұмар патшайымның қай­сарлығы мен сұлулығы да Бо­лат Жандарбековтің «Сақтар» ро­­­манында көркем бейнеленген еді. Жам­был облыстық қазақ драма театрында аталған роман желісі бойын­ша «Томирис» тарихи драмасы сахналанды. Ал драманың қоюшы режиссері астаналық Дина Жұмабекова болды. Сондай-ақ суретші Рахат Сапаралиеваның жан-жақты шеберлігі көрерменді сақ­тар дәуірінде жүргендей әсерге бөледі.

Ең бастысы, сахналық қойылымда еркіндік орын алған. Көп жағдайда тарихи шешімдер сөзбен ғана емес, әрекетпен де беріліп отырды. Тұмар патшайымның бейнесін сомдаған Анар Сағымбекова қимылымен де, сөзімен де көрерменді тәнті етті. Әйел заты қанша жерден нәзік десек те, ел мен жерді қорғап қалудағы қатал­дықты актриса Кир патшаның басын алу оқиғасы кезінде тағы бір көрсетті. Өзеуреп келіп, өлім құшқан Кирдің бейнесін сомдаған Кенен Ақүрпеков, Рустам рөліндегі Мәмбет Қожалиев те көрер­менді көне дәуірге тартқандай болды.

Драма режиссері Дина Жұ­ма­­бекованың айтуынша, шығар­машылық ұжым бір ай бойы бірлесе еңбектенген. Ал театр директоры Болат Бекжанов қойылымның сәт­ті шыққанын сөз етіп, алдағы уақыттарда «Томирис» тарихи дра­масының театр төрінен табылатынын айтты.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы