Медицина • 07 Ақпан, 2018

Біржан Нұрымбетов: Біздің мақ­­сатымыз – еңбек құқықтарын қор­ғауға қол жеткізу

430 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында әлеу­мет­тік саясаттың азамат­тар­ды толығымен эконо­ми­ка­лық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатынын айт­қан болатын. Осы орайда еңбек ресурстарының са­па­сын арттыру мен ең­бек қатынастары туралы Қазақстан Кәсіподақтары фе­­де­рациясы төрағасының бірін­­ші орынбасары Біржан НҰРЫМБЕТОВПЕН әң­гі­­мелескен едік. 

Біржан Нұрымбетов: Біздің мақ­­сатымыз – еңбек құқықтарын қор­ғауға қол жеткізу

– Біржан Бидайбекұлы, жуыр­да Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынас­тарын реттеу жөнін­дегі республикалық үш жақты комиссия отырысында бас келі­сімге қол қойылғаны белгілі. Осы құжаттың қоғамдағы еңбек бөлінісін реттеудегі ма­ңы­зы қандай болмақ?

– Иә, биылғы 31 қаңтарда елімізде еңбек қатынастарына қатыс­ты әлеуметтік әріптестер арасында, яғни Үкімет, жұмыс беру­шілер және жұмысшылар өкіл­дерінің арасында өзара мін­дет­терді бекітетін бас келісім­ге қол қойылды. Жалпы, еліміз әлеу­меттік әріптестікке егемен­дік алған алғашқы жылдары қол жеткізді. Бұл – 1993 жылы Қазақ­стан Халықаралық ең­бек ұйымына мүше болып кір­гелі бері жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қоғамдық инс­­ти­туттардың бірі. Яғни ең­бек қатынастарының үш тарабы өздерінің іс-қимылдарын бір­ге атқарады. Оның арнайы алаң­шалары бар. Республикалық үшжақты комиссияның отырысында осы құжат қабылданды.

Бұл 3 жылға қабылданатындықтан, жаңа құжат 2018-2020 жылдарға арналып отыр. Бас келісімнің ерекшелігі – Елбасының «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты Жолдауы және «Қазақ­стан­ның 2025 жылға дейінгі стра­те­гиялық даму жоспары» атты ірі бағдарламалық құжаттар­дың негізгі бағыт-бағдарларының ес­керілуінде. Әрине әлеуметтік әріп­тестіктің бір жағында кәсіп­одақтар ұйымының тұрғаны мәлім. Бұл құжат билік пен жұмыс берушілер бірлестіктерінің ашық диалогқа, еңбек қатынастары мен әлеуметтік саладағы күрделі де маңызды мәселелерді бірлесе шешуге дайын екенін көрсетеді. 

Негізгі бағыттарға тоқталар болсақ, біріншіден, бұл – эко­но­ми­каны жаңғырту. Қазір әлем­де төртінші өнеркәсіптік револю­цияның трендтері мен жаңа мүмкіндіктері туралы айтылуда. Бірақ жаңа қауіп-қатер­лер де бар екенін ұмыт­пауы­мыз керек. Себебі цифрлы эко­но­микаға көшу, өндірістік про­цес­терді автоматтандыру еңбек нарығына мін­детті түр­де әсер етеді. Бұл жұмыс орын­дары­ның қысқаруы­на алып келуі ықтимал. Осы тұрғыда алдын-ала атқарылуы тиісті шаралар бас келісімде көрсетілді.

Яғни бұл келісім жұмыстан босап қалуы мүмкін жандардың мем­ле­кет пен жұмыс берушілер на­зары­нан тыс қалмайтынына кепіл­дік береді. Бұл ретте біз, кәсіп­одақтар ұйымдары, жұмыс орындары босауы ықтимал ірі кәсіпорындардың тізбесі мен қысқаруы мүмкін адамдардың санын белгілейміз. Олардың әрі қарайғы тағдыры мен табысына қатысты жергілікті атқарушы би­лік­пен және ірі кәсіпорын бас­шы­ларымен бірге жол карта­ларын жасақтаймыз. Жол карталарында азаматтарды басқа өндіріс орнына жіберу, иә болмаса басқа саладағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытып, жұмысқа орналасуын сүйемел­деу көзделіп отыр. Бұл жұмысқа кәсіподақ ұйымдары белсене қатысып, жол картасының әзір­ленуіне және орындалуына мониторинг жүргізеді. 

Екінші жағынан, төртінші өнеркәсіптік революция жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Қазір елімізде жаңа технология­ларды жетік білетін маман бар ма, біздің білім беру жүйесі цифр­лы жүйеге жетік мамандарды әзірлеуге дайын ба деген сұрақтар туады. Осы бағытта көптеген іс-шара атқарылуда. Соның ішінде 4-5 жылға жуықтаса да, әлі ұлт­тық біліктілік жүйесін қалыптас­тыра алмай келе жатырмыз. Бұл қарапайым үш бөліктен тұратын жүйе. Ең бастысы, оқып жатқан жастарымыз нені білуі, білімі мен дағдысы қандай болуы тиіс деген талапты реттеуіміз қажет. Мұны «кәсіптік стандарт» дей­ді. Кәсіптік стандартты бұрын мем­лекеттік органдар жасақ­тай­тын. Оны шенеунік емес, бизнес өкілі, жұмыс беруші жасақ­тауы керек. Себебі маманға талап қоятын ең алдымен жұмыс беру­ші. Сондықтан кәсіптік стандарт­тарды әзірлеп, оған білім беру бағдарламалары мен стандарттары сәйкестендірілуі керек. Сонда қайта оқыған мамандар заман талабына сай болады. Үшін­ші жағынан, біліктілік әлем­де тек дипломмен расталмай­ды. Білік­тілікті растайтын тәуел­сіз жүйе бар. Осы жүйені қалып­тастыруымыз керек.

– Адами капитал еңбек қа­ты­настарын реттеуде елеулі рөл ойнайтыны белгілі. Бұл рет­те біліктілік ресурстарын қай­та қараудың қандай тәжі­рибе­лері ескерілуде?

– Бас келісімде қаралған екінші ауқымды мәселе – адами капиталды дамыту. Адами капиталдың негізі – білім. Қазіргі заманда білікті азамат озық. Осы тұрғыдағы сын-тегеуріндердің бірін айтқым келеді. Мысалы, статистикаға жүгінсек, елімізде 9 миллионға жуық экономикалық тұрғыдан белсенді халық бар. Бұл – еңбекке жарамды халық. Өкінішке қарай, оның 28 па­йы­зы орта біліммен шектелген. Жұмыссыз азаматтардың 32 па­йы­зы мектептегі біліммен жүр. Өзін өзі жұмыспен қамтыған 2 мил­лионнан астам азаматтың жартысының, яғни 49 пайызының кәсіби білімі мен дағдысы жоқ.

Сондықтан жаңа талаптарға сай азаматтардың білігін қайта бағыттаумен қоса жалпы білім берумен айналысу керек. Соң­ғы жылдары жұмыспен қамту бағдарламасы іске асырылып, жап­пай оқыту қолға алынды. Осы арада біз еңбек нарығын­­да қан­дай мамандықтар сұраны­с­­қа ие екенін зерттеп, нақты бол­­­жам жасауымыз қажет. Егер соң­ғы үш жылдағы мәліметтер­ге сүйенсек, жұмыс берушілер сұ­ра­нысының 73-75 пайызы кәсіптік-техникалық мамандар екен. Сол себепті жұмысшы ма­ман­дықтарын насихаттау, мәр­те­бесін көтеру тікелей жұмыс беру­шімен бірге атқарылуы керек. 
Оның үстіне Елбасының кә­сіп­­тік-техникалық білімді тегін беру туралы тапсырмасы бар екені белгілі. Сондықтан дуалды оқытуға басымдық берілгені абзал. Ол жұмыс берушінің оқыту орталығында оқытылса, жұмысқа орналасу мүмкіндігі де кеңейеді.

Сондай-ақ жастардың, әсіресе ауыл жастарының арасында еңбекке бағыттау жұмыстарын жүргізу өте өзекті. Қай жерде қан­дай мамандық алуға болатыны туралы кеңес беру бастамалары қолға алынатын болады. Қазір кәсіподақ мектептерін жаңғырту жұмыс­тары жүргізілуде. Жақын­да «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ-пен бірге кәсіподақ мектептерін ашу жөніндегі алғашқы қанатқақты жобаны жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылмақ. 

– Еңбек құқықтарын тарап­тарға тең жүргізудің тиімді тетіктері қарастырыла ма?

– Иә, үшінші күрделі жайт, еңбек нарығында бейресми жұ­мыспен қамтылғандар. Мәсе­лен, былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері медици­налық сақтандыру жүйесіне да­йындық барысында ауқымды халықтық сауалдама жүргізді. Сауалдама барысында 1 миллионнан астам адам өзінің жұ­мыс істейтінін растады. Бірақ олардың міндетті зейнетақы жарнасы мүлде аударылмаған. Бұл азаматтардың еңбек қатынасы реттелмегенін, еңбек шартының жоқтығын көрсетеді.

Олардың еңбек құқығы қорғалмайды. Олар зейнетақылық, міндетті әлеу­меттік және медициналық сақ­тандыру жүйелерінен тыс қала­ды. Ертең бұл салалардағы көмек­ке де қол жеткізе алмайды. Бұл өте өзекті мәселе. Сол сияқ­ты орта және шағын биз­нес­тегі еңбек шартын жасас­пау жұ­мыс берушілердің тіке­лей заң бұзушылығы болып табы­лады. Өз кезегінде, бұл жұмыс­шылардың жеке еңбек құқын білмеуін де көрсетеді. Сондықтан бас келісім бойынша біз шағын және орта бизнес нысандары ара­сында құқықтық сауаттылық сабақтарын жүргізу­ді, әлеуметтік әріптестер арасын­да «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасының араласуымен мыңдаған бизнес нысандарын жеке-жеке аралап, олардың ең­бек­керлермен еңбек шартын жасасуын бақылауға алмақпыз.

Төртінші мәселе – жұмыс барысындағы еңбек қауіп­сізді­гін сақтау әрі қорғау. Өйткені еңбек адамының өмірі мен ден­саулығынан артық құнды­лық жоқ. Елімізде бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынса да, жыл сайын өндірісте 1,5 мың­ға жуық адам жарақат алады. Өкінішке қарай, оның 250-ге жуық жағдайы өліммен аяқталады. Бұл ретте кәсіп­орын­дардағы өндірістік қатер­лерді жұмылып реттеу жүйе­сін енгізу қарастырылды. Соның ішінде бір тетігін атап өткім келеді. Бұл тікелей кәсіподақ­тардың мін­деті деп санаймын.

Елімізде 2016 жылдан бастап Еңбек кодексі күшіне енді. Онда әлемдік тәжіри­белер ескерілген. Яғни қауіпті, зиян­ды жұмыс орындары бар кәсіпорындарда еңбек­ті қорғау мәселесін бақы­лау жөніндегі өндірістік кеңес­тер құру ісі қолға алынды. Кеңес­тің жарты мүшесі кәсіподақ­тан болса, жартысы жұмыс беру­ші­лер тарапынан сайланады. Ал жетекшісі кәсіподақ пен жұмыс берушіден кезек сай­л­анып, ротация тәртібімен екі жыл сайын ауысып отырады. Осы­лайша, олар өз жұмыс ор­нын­­дағы еңбек қауіпсіздігі мен ең­бекті қорғау мәселелерін қа­да­ға­лайды. Ерекшелігі, заңда бұл бірінші рет қолға алынып отыр, өндірістік кеңес шешімі­нің орын­далуы жұмыс беруші үшін міндеттелген. Бұл неліктен маңызды? 

Біріншіден, мемлекет тарапы­нан еңбек заңдылығының сақ­талуын тексеретін Еңбек инспек­циясы бар. Мысалы, жалақының төленбеуін айына бір мәрте тексеру керек болса, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау күнделікті бақы­л­ауды қажет етеді. Бұл ретте мем­ле­кеттік тексеруші органның өкіл­дері күнде қажетті жерде бола ал­майды. Сол себепті кәсіподақ тарапынан қоғамдық бақылаудың болуы өте қажет. Екіншіден, өн­ді­рістік кеңестер екі тараптың бастамасы болса ғана құрылады. Жұмыс беруші тарапынан бас­тама бола қоймас, өйткені ол өз өзіне баға беруге құлықты емес. Бұл бастама кәсіподақ жақтан болуы тиіс. Осы жұмыстың жолға қойылмауы кемшілігіміз деп, және оны жолға қоюды міндетіміз деп санаймыз. Бас келісім аясында осы іс-қимылды жандандыру, кү­шей­ту жоспарланып отыр. Қазір елі­мізде 15 мыңға жуық ауыр, қауіпті, зиянды кәсіпорындар болса, соның ішінде өндірістік кеңес­тер­мен қамтылғаны 10 пайыздан да төмен. 

Міне, бас келісімдегі назар ауда­ра­тын негізгі мәселелер осы. Бұдан басқа да бірқатар әлеуметтік мәселелер қаралды. Бұл әлеу­меттік әріптестердің осы мә­се­лелерді бірлесе шешуге дайын екенінің белгісі. Біздің мақ­­сатымыз – еңбек құқықтарын қор­ғауға қол жеткізу.

Әңгімелескен Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»