Ол финалдық бәсекенің алғашқы кезеңінде 75,10 ұпаймен жетінші орыннан көрінді. Екінші финалдық кезеңде 76,81 ұпаймен үздік алтылыққа кіріп, медаль үшін сынға түсетін спортшылардың қатарына енді.
Ал соңғы финалдық сайысты Галышева бірінші болып бастап, 77.40 ұпай жинады. Бұл нәтиже оның қола жүлдені иеленуіне жеткілікті болды. Күміс жүлде Сочи Олимпиадасының жеңімпазы канадалық Жюстин Дюфур-Лапуантқа (78,56) бұйырса, франциялық Перрин Лаффон (78,65) Пхенчхан Олимпиадасының чемпионы атанды.
Айта кетейік, бұл Юлия Галышеваның үшінші Олимпиадасы. Ол бұған дейін Ванкувер Олимпиадасында 11-ші, Сочи Олимпиадасында жетінші орын иеленген еді.
Галышевамен қатар бұл сынға 16 жастағы отандасымыз Аяулым Әміренова да қатысқан болатын. Өкінішке қарай, Аяулым екінші іріктеу кезеңінде төмен ұпай жинап, іріктеуден өте алмады.