13 Ақпан, 2018

Билік ісінде береке болса, елге құт келеді

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қайткенде елдің жағдайы жақ­сара бермек? Халықтың би­лік­тің қызметіне көңілі қашан то­лады? Ол үшін не істеу керек? Ал халыққа керегі елде тәр­тіп­тің болғаны, жұ­мыс­тың жүр­ге­ні, ше­неуніктердің та­лапқа сай өз мін­дет­терін атқаруы, адам құқық­та­рының заңға сай қорғалуы.

Билік ісінде береке болса, елге құт келеді

 Алайда халыққа нәтижелі қызмет істеу үшін қолына билік берілген шенеуніктер осы міндеттерін орындамаса, бірі кейін тартып, бірі бұғып, бірі жанталаса қазынаның қаржысын жеп жатса мемлекет ісі ақсайды. Одан кімге пайда? Әрине, сыбайласқан бай-манаптардың мұрты қисая қоймас, бірақ қарапайым халық зиян шегеді. Сөйтіп билікке деген сенім төмендейді. Сапасыз атқарылған жұмыстың жақсылыққа апармайтынын Президент үнемі ескертіп келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысын сынға алды. Өтірік, көз алдау ақыры орға жықты. Сапалы жол салуға деп бөлінген қаржының жартысын қалтаға басқан басшылар мемлекетке орасан зиян тигізді. Оның зардабын тағы да халық тартады. «Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Осының өзі қаржыны тиімді игеру және жол сапасы бойынша үлкен кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр», деді Елбасы. Сонда, бұл салаға жауапты адамдар қайда қараған?

Әрине, ұрылардың ұсталғаны жөн. Мұндай ұрылардың талайы ұсталып, қамалып, сотталып жатыр. Одан мемлекеттің қаржысын ұрлау тиылып отыр ма? Жоқ. Халыққа керегі біреулердің сотталғаны емес, халыққа керегі өздеріне қажетті жұмыстың сапалы орындалғаны. Бірақ бәрібір, «мына үй салуға, жол салуға, мал өсіруге, т.б. мәдени салаларды дамытуға бөлінген мем­лекет қаржысын жымқырып қой­сам сотталамын-ау» деп аяғын тарта­тын шенеуніктер көрінбейді. «Жем­қорлықпен күресті жалғастыру керек. Екі жылда 2200 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде министрлер, бүкіл деңгейдегі әкімдер, ведомство басшылары бар», деді Президент. Бұл соңғы екі жылда ғана қылмысқа тартылған шенеуніктер. Ал ірісі бар, орташасы бар, уағы бар дегендей, мемлекеттік салалардағы істі болып жатқан барлық шенеуніктерді шетінен теріп жіпке тізер болсақ не болады? Оған әлі жеп жатқан, бірақ әзірге ұсталмай мұрты майланып, бұғып жүргендерді қосар болсақ ше? Санауға сан жетпей қалар деп қорқамыз. Олардың елдің өркендеуіне, адал адамдардың тұрмысына тигізіп жатқан зияны қаншама! Миллиардтап жеп жатыр ғой. Бұған қашан тоқтам болмақ? «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы: «Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді», деді. Аз қаржы емес. Алайда осы қаржы уақытылы өз міндетіне жаратылғанда елге нақты пайда келетін еді ғой. Күткен нәтиже болмай қалды, сөйтіп осындай келеңсіздік кесірінен экономикамыз да белін жаза алар емес.

Расы керек, бүгінде азғантай шаруа атқарылса соны жалаулатып жиналыс өткізуге құмар басшылар көп. Усақ-түйек істі қампайтып, жар салады. Онысы халыққа пайдасы аз, нәтижесі шамалы дүние болып шығады. Елбасы «Бірыңғай сатып алушының моделін енгізу мен өңірлік электр желілік компанияларды ірілендіру жоспарлануда. Энергетика министрі бұл шаралар жақсы нәтиже беретінін, тұтынушы үшін электр энергиясы құнын төмендететінін баяндаған болатын. Алайда бұған қол жеткен жоқ», деді. Иә, халыққа керегі нәтиже. Министрліктің жұмысты толыққанды атқара алмай жатқаны халықтың кінәсі емес, тұтынушыға электр энергиясының үздіксіз тиімді бағада жеткізілуі қажет. Ендеше осы айтылғандарды әр сала басшылары жіті қаперге алып, өз міндеттерін әрқашан адал орындар болса, мемлекет ісі үнемі халықтың көңілінен шығып, қолдау таба беретіні анық.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»