Өнер • 14 Ақпан, 2018

Өнер: Кемелдікке ұмтылу

570 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық Қазақ музыкалық драма театры әр­тіс­терінің бағы бар. Қай қойылымда да бі­рін-бірі қас қағысынан түсінген ак­тер­лік ансамбльді көресіз. 

Өнер: Кемелдікке ұмтылу

Отты жігері мен орасан күрескерлігінің арқасында та­қыр жерде театр тұрғызған талантты режиссер Ж.Омаров, оның орнын жоқтатпаған көрнекті қайраткер Қ.Жет­пісбаев, олардан кейін Арқадағы жас сахнаға айбын берген Халық Қаһар­ма­ны Ә.Мәмбетов бұл ұжымға таланттар шоғырын топтастыра алды. Осы шоғыр тәуелсіздікпен бірге тәй бас­қан театр­дың негізін салып, қа­быр­ғасын қа­лады, мектебін тү­зіп, дәстүрін қалып­тас­тырды, ертең­дері аңыз болатын та­рихты өз қолдарымен жазып, аядай сах­нада асқақ өнер жасады. Жасап та ке­леді. Олар – Қазақстанның халық әртістері Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Р.Омарханова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері К.Нұрланов, Т.Атымтаева, Б.Ыбыраев, Л.Ханинга-Бек­назар, А.Омар бастаған аға буын, ау­зымен құс тістеген талант­ты орта буын: С.Қашқабаев, Е.Нұрым­бет, Ж.Тө­ленбаев, А.Қапаев, А.Бермұ­ха­ме­дова, А.Нөгербекова, т.б. Бүгінде жо­ғары сах­налық мәдениетімен бүкіл рес­пуб­ли­каға танылып қалған сол беделді бу­ынның бел ортасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов жүреді. 

Өтеуілов сахнаға бір сәтке шық­са да шындықпен шығатын өткірлігімен дараланады. Бұл қайдан келген тереңдік дегенде, Нүркен Тәңіртаудың баурайында, атасы Өтеуілдің бауырында да­ла филосо­фиясына қанып өсті. Та­ла­нтты ағасы Бекжан Тұрысқа қарап бой түзеп, өнерге деген талабы оянды. Жүргенов атындағы Өнер академия­сында Е.Сегізбаев, К.Кенжетаев, М.Әбзелбаев бастаған тектілерден кә­сі­би білім сімірді. Павароттидің өзін там­сандырған А.Сембиннен дау­сын мең­герудің сырына қанықты. Аты аңыз­ға айналған Ә.Мәмбетовтің жанын­да жүріп биік өнерге деген бөлекше тал­ғамы қалыптасты. Міне, оны өсірген мектептер.

Әр комедиялық рөл ол үшін қуа­ныш, бар ынтасымен кірісер кіші­гі­рім мейрам. Мұндайда ол табанас­ты тапқырлығымен көрерменін таң­ғал­ды­ра­ды, сахналас серіктесін састырады. Және содан ләззат алады. Мұндай қой­ы­лымда оның «жеңілдігі көбік­тей». Әр драмалық, траге­дия­лық бейне ол үшін байыпты ізденіс. Мұндайда ол мағыналы ойы­нымен әріптесін тар­тысқа, өнер бәсекесіне шақырады. Мұн­дай қойылымда ол қорғасындай сал­мақты. Қараңыз: «Ғасырдан да ұзақ күнде» (Ш.Айтматов, реж.Ә.Мәм­бетов) аз уақытқа шық­са да азап арқалап шығатын Әбу­тәліп, «Дон Жуанда» (М.Фриш, реж.А.Әшімов) жалынды да жеңіл Дон Жуан, «Қымбатты Памелада» (Дж.Патрик, реж.Ю.Ханинга-Бекназар) сынаптай сырғыған Сол Бозо, «Жанна Д’Арктағы» (Ж.Ануй, реж.Ә.Оразбеков) сайқымазақ король, «Күн сәулесі түспегендегі» (А.Вальехо, реж.Н.Жұманиязов) қай­шы­лықты Марио, «Тыраулап ұш­қан тырналардағы» (В.Ежов, реж.Т.Теменов) жымысқы Федо­ров­­­ский, «Шиедегі» (А.Чехов, реж.С.Потапов) мың құбылатын, ма­хаб­бат­сыз Балташ… 

Бірақ бәрінен де ол ақылды адамның азабын кейіптегенде өз болмысымен үндестік табатындай көрінеді. Оның Гамлеті де сондай, Абайы да сондай, Жарасбайы да сондай, кемел адамдар. Е.Вахтангов айтпап па еді, «актер үшін образды еркін меңгере отырып, сол арқылы өзіне ғана, актер-тұлғаға ғана тән шындығын айту – театр мұраты» деп. Көп актерлердің тынысы жетпейтін тұста оның көсіле шабатыны да, Нүркен – ойдың Гамлет – ойға, Абай – ойға, Жарасбай – ойға үндестігінен бе дейміз. «Гамлетте» де (У.Шекспир, реж.Б.Ұзақов), «Абайда» да (М.Әуезов, реж.Ә.Оразбеков), Жа­рас­байда да («Қараш-Қараш», Қ.Ыс­қақ, реж. Ә.Оразбеков) ол позаға тұрып ақыл ай­тудан аулақ, бірақ жанының жегі құр­тын қолқадан суыр­ғандай. Содан да бұл рөлдердің ішкі жарығы мол оның сө­зі жай сөз емес, ой адамының сөзі. Та­рихтың, тағдырдың, ақиқаттың үні. Ол идеалдың қандай болатынын біледі және соған жетелейді. Сіз оған сенесіз және ересіз. 

Әрине актердің ойлау жүйесі, жүйкесі, бүкіл дене-ағзасы, бүтін бол­мы­сы – оның инструменті. Ал Нүр­кен­­нің бір қаруы – қоңыр үні. Оның үні кейіп­ке­рі­нің жан дүниесін аялап әке­­ліп ала­қаныңызға қондырады. Сах­­на­ның киесі – сөз десек, дауыс плас­тикасын мінсіз мең­гер­ген Нүр­кен Өтеу­і­лов сөзді саз­бал­шықша илей­ді, қыр­­лайды, сырлайды, мың құбыл­тып әке­­ліп жүрегіңізге бір-ақ қа­дайды. Ол ма­­ғыналы паузалардың актері. Жар­ты­­тондар мен құбылмалы ин­то­на­ция­лардың, күшті екпіндер мен рәу­ішті ритм­дердің зергері. Сыр­лы сөз, сымбатты ойдың әртісі. Сұңғыла сараптамасы та­ғы бар. Мұның бәрі оны, қазақ те­атрының ең үздік өкілдерінің ізбасары қы­лады. Сондықтан ол Шекспир мен Че­ховқа шақырсаң да, Әуезов пен Мүсіреповке салсаң да сүрінбейтін сирек қатардан.

Н.Өтеуілов, әр актер сияқты кейде образының кілтін күтпеген жерден табады. Мысалы, Шекспирдің «Гамлетінің» ше­шімін ол… Абайдан аршыды. Бұл рө­л актерлік өрнек тұрғысынан тосын асу­лар мен күрт бәсеңдеулерден тұ­ра­ды. Образдың орындалуына күліп тұ­рып жылайтын, жылап тұрып күлетін, күрт бұрылыс, өткір контрастілер тән. Осы толассыз құбылу дат ханзадасының күй­зелген жүйкесі мен азалы жанының – Гам­лет тозағының басты белгісіне ай­на­лады.

Әлімбек Оразбеков қойған М.Әуе­­зов­тің әйгілі «Абай» тра­ге­дия­сы бұрынғы «Абай­лар­дан» өзгерек. Сахнада бір емес, екі Абай. Біреуі Әуе­зов жазған орта жас­тағы Абай да (Н.Өтеу­ілов), екіншісі еске түсіруші, әре­ке­т­ке өлеңмен араласатын қарт Абай (Т.Мей­­рамов). Режиссер Абай­ды өз өлең­імен қамшылап, оған өз өлеңімен тоқ­тау айтады, өз өлеңімен жылатып, өз өлеңі­мен жұбатады. Режиссердің әр кө­­рі­ніске Абайдан жауап тапқаны – қарт Абайдың соны бағалауына ай­налып, оқиғаны қоюлата түскен. Ол екі міндетті қатар атқарып отыр. Абайдың өлеңін жалғау ар­қы­­лы Әуезовтің пьесасын түсін­ді­­­реді, Әуезовтің пьесасы арқылы Абай­ды аршиды. 

«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла»... дейді Тілектес-Абай. Дөң­гелек шар-жарықтың ар жағынан Нүркен-Абай шығады. Жарықты аялай, аспанға жібереді. Сосын аван­сце­наға қарай адымдап, көк майсадан иіс­кейді. Жаңалыққа, келер күнге деген құштарлығы. Туған жерге деген өл­шеусіз махаббаты. Нүркеннің бұл әре­ке­ті кездейсоқ емес, оған келесі пердеде көз жеткіземіз. Ал әзір ол шатқаяқтап жүрген шәкірттерінің көзін ашады. Бір-бірлеп, қараң­ғы­лық, надандық байлауын ше­шеді. Өз әрекетіне шаттанып, әр­қайсысын ерекше қуанышпен бо­сатады.

Бұл көріністе ол өмірдің жақ­сы­лығын ғана көреді. «Абай ағалап» қау­малаған шәкірттерінің ортасында ­ба­қытты. Бұл көрі­ністегі Абай, кө­ңі­лі кір­біңсіз, мамыражай адам ғана. Шә­кі­рт-
­терімен болашақтың моделін жасап жат­қан ұстаз. Оның көңілі кірлемеген, өзі әлі жауыздықпен бетпе-бет келмеген, қоғамынан түңіл­меген. Бұл оның өлең­дері сал­танат құрған идиллия, тамаша өмір болатын. О баста пьесада жоқ бұл көріністі, бәлкім пролог деуге ке­лер, режиссер әдейі қосқан. Абайдың алаң­сыз шағы мен Абайдың қасіретті ша­­ғын салыстыру үшін, текетірестіру үшін, Абайдың өсуін, өзгеруін көрсету үшін. Нүркен осы даму процесін жілік­теп, кейіпкердің әр қадамын таби­ғи, заң­ды өрбитін құбылыс ретінде кейіп­тей алды. 

Екінші көрініс. Әуезовтің пьесасы ен­ді басталды. Абай сахнаға дегбірі қа­шып шықты. Тез сөйлеп, жедел қи­мыл­дайды. Айдар мен Ажарға төнген қау­іп, ол сенген дү­ниенің жақсылығына төн­ген. Бұл енді мамырлаған мамыра­жай емес, қиқулаған ұрысқа кірісіп ке­тетін ба­тыл Абай. Күрескер Абай. «Жақ­сы­лық­пен кімді сүйсіндірдіңдер, ендеше жамандықпен кімді таңғалдырам дейсің?». Оразбайлар тобын сөзбен ықтырып, қасқайып тұрады. Ол – ауылдың айбары. Әлсіздігін көр­сетуге құқы жоқ. Қандықол топ сахнаны босатып бола бергенде Нүркен – Абайға қараңыз. Тізесі сылқ етіп барып қалпына келеді. Болмашы ғана әрекет. Абайдың ішкі күйін сөз айтпай-ақ жеткізеді. Абайда ойын стилистикасын тізесінің сылқ етіп барып бойын тіктеуі, шалынып барып тұруы, қысқасы, биік парасат иесінің соққы қабылдау сәті шешеді. Шынында да, Әуезов кейіпкерін аямайды ғой. Сынақтан кейін сынақ. Соққыдан кейін соққы. Бұл пьесаңыз, Абайдың ғана трагедиясы емес, тартыстан, қайғы мен қуаныш, үміт пен түңілістің кезегінен тұратын, барша адамға ортақ өмір. Ақ пен қара айқасып алған. Қос бояуды Н.Өтеуілов теңдей меңгеріпті. Қайсысы басым түседі?..

Әбішпен шешуші диалогын алыңыз. «Қуатым-ай, не дейсің?!» дегенде сү­рі­ніп, қайта тұрып, ұлын бауырына басып, қайта сү­рініп, кейіпкердің дәл­ме-дәл пси­хофизикалық күйін таба­ды. Ол Айдар мен Әбішті жарық деп, елді ертеңге бастайтын сәуле деп қа­был­дап еді. Оның әкелік қасіреті мен аза­маттық қасіреті бірге келіпті. Ак­тер Нүр­кеннің болмысында осы, қа­зақ теат­ры үшін дәстүрлі, елдік мотивтері, жа­сан­дылықтан аулақ, табиғи, шынайы, дұ­рыс порциясында бар.

Абайды сабайтын сахнада екі Абай кезек-кезек сөз алды. Жедел жүріп, жедел декламациялап, Тілек­тес – Абай сахнаға динамика қосты. Ортадағы қос құрықтан ұстап тұрып, Нүркен – Абай ширықты. Сабаушы топ шығып кеткенде ғана, етпеттеп жатып, «Кімнен көрем, Тәкежан, кеттім міне біржола...» дейді. Бебеулеп, байыз таппай кетеді. «Туған жерім, менің саған кінәм жоқ, Өлер сағатымда да сенің тілеуіңді тілеп өтемін». Қойылым басында өз қолымен ұшырған, қазір жер бауырлап қалған жарықтың соңына сіңіп жоғалады. Дәл осы көріністе режиссердің өзі­не дейінгі қоюшылардан даусы бөлекше шықты. Бұған дейін «Дән итерген құмырсқаға тимесеңші», бол­маса «Бәсеке неге оздың деп ...» деген акценттер жиі еді. Мұнда режиссердің негізгі ұстыны, туған жер мотиві. Қойылым басында Абай иіскейтін көк майса, туған то­пы­рақ оны ешқайда жібермейді. Өзі ша­ғынатын надан қоғам қанша таяққа жық­са да, Абай оны тастап кетпейді. Та­л­а­нтты адам, данышпан адам ортасынан биік болуы мүмкін, бірақ оны тәрк ете алмайды. Бұл осы қойылымның жалғыз Абай фигурасы емес, барша зиялылар туралы қорытынды ойы. Америка аң­сағыш, Еуропаға кеткіш естілерге ес­керту.


Әбішсіз, Айдарсыз соңғы пердеде Абайдың паузалары ұзағырақ, тол­қы­ныстары тереңірек. Бұл – ұлғайған, қо­ғам қартайтқан, тартыс шаршатқан Абай. Бәсеңдейді, ақырын сөйлейді. Осы нүктеге дейін кейіпкерін Нүркен актер қалай өрбітті, санамызда сай­рап тұр. Актер рөлдің мас-
штабын түсін­ген­де ғана осындай әсер бо­луы мүмкін. Әр сөзді жанынан суырғандай қылып айтады. Бәрі табиғи. Тек эпилогта ғана күйреген Нүркен – Абайды Тілектес – Абай жұ­батып тұрып, қойылымның кенет оптимистік көңіл-күйге ауысатын тұсы тым жедел, күрт шешілгендей. 

«Мені «Абай» өсірді» дейді Нүркен. Нүркенді өсірген «Абай» көрерменді де өсіреді. Қызыл тартыстың ортасындағы Нүркен – Абайдың, кешегі күнге ойша сапар шеккен қарт Абай – Тілектес Мейрамовтың дархан көмегімен осындай тұтас образ жасай алғанын мойындау керек те, қас шеберге қол соғу керек.

Қуанышбаев театрының талантты труппасында өзіндік өрнек салып жүрген Нүркен Өтеуіловтің актерлік табыстары бұл ғана емес. Өшкенді жаққан Жарасбайды («Қараш-Қараш») да, сипаты бөлек қойылымда («Шие») шешуші кейіп­кердің біріне айналған Балташты да, мұқият психоанализдің жемісі («Күн сәулесі түспеген») Марионы да, басқаларды да тереңнен талдауға болады. Оны тек басылым беті көтермейді. Айтпағымыз, қазір Нүр­кен бабында. Көрерменімен кедер­гісіз тілдеседі. Осы ізденіс жалғасын тапса, алда Лир патшалар (Нүркен бұл рөлге екінші мәрте айналып соға­тындай көрінеді де тұрады) мен Ваня ағайлардың, Едігелердің дәуірі бар...

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
өнертанушы