Таным • 14 Ақпан, 2018

Ментальді арифметика пайдалы ма?

5296 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде ментальді арифметиканың тасы өрге домалап тұр. Жарнамасы да жер жарады. Бірақ оны қолдаушылар да, пайдасыз екенін айтып қарсы шығып жатқандар да баршылық. Осы ретте біз ментальді арифметика туралы ізденіп, жан-жақты зерттеп көргенді жөн көрдік.

Ментальді арифметика пайдалы ма?

Ментальді арифметика деген не?

Ментальді арифметика – 4-14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған, ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Негізінен, оның тарихы ежелгі Қытайдағы абакус есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты. Себебі ментальді арифметика бағдарламасының негізі осы абакусты қолданумен сипатталады. Дәл осы құрылғының адам миын шынықтыратын қасиетін байқаған малайзиялық профессор Дино Вонг 1993 жылы UCMAS ментальді арифметика бағдарламасын ойлап тапқан. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама әлемнің 75 елінде сұранысқа ие болып, UCMAS орталықтары ашылған. Қазақстанға мұндай орталықтар 2011 жылы келді. Ал 2015-2016 жылдары облыс орталықтарында ментальді арифметика курстары ашыла бастады.

Бұл сала мамандарының айтуынша, абакуспен жұмыс істеу балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына әсер етеді. Сонымен қатар баланың зейіні мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артып, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық пайда болады.

Математиктер ментальді арифметикаға неге қарсы?

Ментальді арифметикаға көбінесе физика-математика ғалымдары мен профессорлары қарсы пікір білдіріп келеді. Солардың бірі қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев ментальді арифметиканы қолдамайтынын айтқан еді. «Математика ғылымы – теңіз. Ментальді арифметика сол теңіздің бір тамшысы ғана. Мұны игерген адам сандарды тез көбейтуді біледі. Одан өзге артықшылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секундта, екінші біреу 1 минутта шығаруы мүмкін. Меніңше, нәтиже дұрыс болса, болды. Ментальді арифметика ғылым емес. Мысалы, циркте біреулер зілтемір көтереді, енді біреулер шойын темірді майыстырып жатады. Мұны ғылым деп айта аласыз ба? Биік өкшелі туфлимен жүгіру, қызанақ лақтыру спорт болып санала ма? Жоқ. Сол сияқты ойша есеп шығаруды ғылым деп қарастыруға, барлық қазақтың сол жолға түсіп кетуіне қарсымын. Бұл халықты таңғалдырып, қалтасындағы қаржыны қағып алу үшін жасалып жатқан болуы мүмкін», деді академик бір сұхбатында.

Физика-математика ғылымының докторы Кәден Бопаев та ойша санау баланың ойлау қабілетін жақсартпайтынын айтады. «Логика дегеніміз – адамның жаны мен ділінің қосындысы. Егер балаларымыз жаппай ментальді арифметикаға кететін болса, біз логикадан айырыламыз», дейді ол. Ал Астанадағы мектеп-лицейлердің бірінде сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімі Әлия Сапарқызы ментальді арифметикаға баратын балалар есепті тез шығарғанымен, оның жолын түсіндіріп бере алмайтынын айтты. «Сыныбымда ментальді арифметикаға баратын балалар мәтінді есеп, логикалық сұрақтар болғанда абдырап қалады. Сондықтан мұндай курстарға қарсымын», дейді ол.

Ата-аналар не дейді?

Бұл пікірлерден соң біз балаларын ментальді арифметикаға берген ата-аналарды іздестіре бастадық. Байқағанымыздай, олардың көбі балаларына мұндай курстардың еш зияны жоқ деп ойлайтынын айтты. Мысалы, 2 баласын да ментальді арифметикаға берген Эльвира Төлеген мұндай курстардың балаларының сабақ үлгеріміне нақты әсері болмаса да, екеуінің бойында жинақылық пен байқампаздықтың артқанын жеткізді. Ал мектеп психологы Назгүл Ерікқызына хабарласқанымызда, ментальді арифметиканың бала психологиясына әсері туралы арнайы бақылау жүргізіп көрмегенін, бірақ баланың зейініне жақсы әсер ететінін көріп жүргенін айтты. «Менің де балаларым ментальді арифметикаға барады. Бұл жай ғана қосымша курс. Домбыра сабағына барып жүргендердің барлығы күйші болып кетпейтіні секілді, ментальді арифметика да баладан ғалым жасап шығаруды мақсат етіп отырған жоқ», дейді ол.

Астанадағы «Мегаинтеллект» орталығының оқытушысы Ұлжан Асқарқызы ментальді арифметика математиканың бір бөлігі және баланың миын шынықтыру үшін қосымша білім беру бағдарламасы екенін айтты. «Адам ағзасындағы кез келген бұлшық етті әрдайым шынықтырып отыру керек. Сол секілді миды шынықтырмау ми ауруына, есте сақтау қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл ретте ментальді арифметиканың рөлі зор. Ол ойлау қабілетін арттырады және бұл математика емес, арифметика. Біз есептерді кейде тақпақ жаттатып шығартамыз. Жалпы, ментальді арифметика нейронды жүйелердің байланысын нығайтып, есте сақтау қабілетін арттырады. Әрі оны оқушылардың сабағына кедергі келтіреді деудің еш негізі жоқ деп ойлаймын. Негізінен, ментальді арифметиканы біздің орталық 5-12 жас аралығындағы балаларға үйретеді. Одан бөлек 50-ден асқан адамдарға Альцгеймер ауруының алдын алу шарасы ретінде сабақтар өткізіледі», деді Ұлжан Асқарқызы.

Ментальді арифметикаға баланы неше жастан бастап берген жөн?

Жоғарыдағы «Мегаинтеллект» оқушыларды 5 жастан қабылдағанымен, жалпы, бұл бағдарлама 4 жастан асқан балаларға арналғанын жоғарыда айттық. Ал ресейлік математикатердің бірі Надежда Ленивенко ментальді арифметикаға қарсы еместігін, тіпті өз балаларын да бергенін айтып, тек 4 жастан мұндай курстарға беруге түбегейлі қарсы екенін жеткізді. «4 жаста балалар мектепке әлі бармайды. Яғни, мұғалім көрсеткен әдіс пен оның осы уақыт аралығында үйренгені бір-бірімен сәйкес келмесе, бала үшін соққы болуы мүмкін. Менің ойымша, ментальді арифметикаға баланы 6 жастан бастап берген жөн», дейді ол.

Біз осы пікірдің нақтылығына көз жеткізу үшін невропотолог-дәрігер Айжан Жантемірқызына хабарласқан едік. Ол ментальді арифметикаға қарсы еместігін, бірақ оған 4 жастан бастап балаларды беруді қолдамайтынын айтты. «Ойша есеп шығару мидағы нейрондар байланысына жақсы әсер етеді. Баланың ми өрісі мен ұсақ моториканың тығыз байланысы бар. Бірақ 4 жаста ол толық қалыптаспайды. Кейде ментальді арифметика курсына баратын баланың барлығы арифметикалық тапсырмаларды орындауға қабілетті болмауы мүмкін. Оны да ескеру керек», дейді ол.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»