Өнер • 15 Ақпан, 2018

Өнердің егіз өрімі

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қобызшы Динара Хасанова мен домбырашы Арман Айнабаев осыдан он жыл бұрын құрған «ДиАр» дуэті бұл күндері Арқа жұртына жақсы танымал. Сахнаға алғаш Құрманғазының «Адай» күйімен шығып, көптің көңілін жаулап алған жұптың репертуары бүгінде сан алуан өнер туындыларына бай.

Өнердің егіз өрімі

Динара – дарынды бала­ларға арналған маман­дан­дырылған музыка мектебінің түлегі. Мектепті прима-қобыз класы бойынша тәмамдаған бетте Қарағанды филармония­сында сол кезде жаңадан құ­рыл­ған «Арқа сазы» фоль­к­лор­лық ансамбліне қабыл­данды. Сонымен қатар Т.Жүр­­генов атындағы Алматы өнер академиясының сыртқы бөлі­мінде оқыды.

Бір жарым жылдан соң ансамбльге Балқаш музыка мектебінің және Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің түлегі Арман Ай­набаев келіп қосылды. Кейін Арман Тараз пединститутында білімін жетілдіріп, «Ансамбль әртісі және дирижер» маман­дығын алып шықты.

«ДиАр» – домбыра мен прима-қобызды үйлестірген Қарағанды өңіріндегі алғашқы дуэт. Өнерлі жұптың репер­туа­рынан үнді мен түрік ха­лық­тарының танымал әнде­рі мен музыкалары, 70-ші, 80-ші жылдардың хит әндері орын алған. Бұл шығар­малар қазақтың ұлттық ас­пап­тары­мен орындалғанда тыңдарманды ерекше бір әсерге бөлейді.

Дуэт бүгінде облыс орта­лығының көптеген сахналарында, оқу орындары мен балалар үйінде өнер көрсетіп жүр. Гастрольдік сапармен Қарағанды облысының барлық аудан-қалаларында, Астана, Павлодар, Екібастұз, Семейде болған.

Байқара Сәдуақасов жетек­шілік ететін «Арқа сазы» ансам­блінде 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ди­нара мен Арман ұжыммен бірге Франция, Германия, Түр­кия, Малайзия, Кувейт, Оман елдеріне барып өнер көрсетті.

Дуэт қазіргі уақытта Кав­­­каз әуендерімен жұмыс іс­теуде. Тыңдармандар мен көрермендерді жалықтырып алмау үшін репертуарды жа­ңартып отыру – негізгі міндет.

Динара Хасанова Қараған­дыдағы «Шалқыма» концерт залында жеке концерт берді. Арман Айнабаев та шы­ғар­машылық есеп беру кешіне даяр­лық үстінде. Дарынды жас­тар өнерсүйер қауымның кө­­ңілінен шығуға әрдайым әзір.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ