Өнер • 15 Ақпан, 2018

«Аналарға тағзым» жобасы қолға алынды

630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 Ақтөбе қаласында елімізде ешқандай баламасы жоқ бірегей жоба қолға алынды. Бұл нысан «Аналарға тағзым» атауын иеленген. Аталған орталықтың басты мақсаты  - моральдық және рухани адамгершілік тұрғысынан тәрбие беру. Айрықша құрылыс «Туған жер» бағдарламасы аясында демеушілердің және меценаттардың қаражаты есебінен бой көтеріп келеді.


«Аналарға тағзым» жобасы қолға алынды

Жобаны жүзеге асырушылардың қатарында ардақты аналар, қоғамдық жұртшылықтың өкілдері, іскер және табысты әйелдер енгізілген. Сондай-ақ бастамашы топтың басы-қасында Ақтөбе облысының құрметті азаматы, есімі елге елеулі жан, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сания Қалдығұлова бар екенін де айта кеткен жөн.

          Міне, осындай құрамдағы бастамашы топтың өкілдері бүгінгі күндері өздері бастаған айырықша жобаның тұжырымдамасын жасап шықты. Қазіргі кезде осынау баға жетпес құжат облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып отыр. Оның басты рухани құндылығы әрі өзге жобалардан ерекшелігі мен артықшылығы ана деген ардақты атқа бас июге үндей білуінде. Есімдері елге кеңінен танымал әйел-аналарға шексіз құрмет көрсетуді қастер тұтуында.

          «Сондай-ақ бұл кешеннің басты рухани құндылығының бірі - экспозициялық зал. Оған келушілер Бопай ханым, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанова сынды халқымыздың даңқты қыздарының өмір жолдары мен және Қазақстан тарихында айрықша орны бар өзге де әйел затынан жаратылған тұлғалардың өмірі мен және ерлік жолдарымен жақынырақ танысады алады»,  деді Сания Қалдығұлова.

Бұл кешенде психологиялық жеңілдету және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы дамыту музыкалық тәрбие беру, стилистика және дизайн отбасылық дамыту жаттығулары кабинеттері жұмыс жасамақ. Орталықтағы атқарылатын тағы бір басты қызметтің бірі әйелдердің отбасындағы рөлін аттыру, болашақ аналарға халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлеріне сай тәрбие беру болып отыр.

Сонымен бірге, биыл Ақтөбе облысында «Бақытты балалық шақ» атты ауқымды бағдарламалық жобаны жүзеге асыру белгіленген. Бұл жоба облыста барлық жақсылықты балаларға туғызуға бағытталған. Жоғарыда аталғандай «Аналарға тағзым» орталығының құрылысы осы жұмыстың жетекші бағыттарының бірі. Жалпы оның қызметі мемлекет басшысының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жастарды биік адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелердің шешімін табуды көздейді.

 

Темір Құсайын

Ақтөбе облысы