Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Қызылорда облысының әкімі ел алдында есеп берді

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алдында есеп беріп, былтыр атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баян­дады.

Қызылорда облысының әкімі ел алдында есеп берді

Даланың даналығын қанына сіңірген қазақ «Халық – қазы, еңбек – таразы» дейді. Расында, ел үшін жасалған елеулі еңбек ешқашан елеусіз қалған емес. Ілгеріде әлеуметтік-экономикалық да­му жөнінен көш соңында қалып жүр­ген Сыр өңірі бүгінде байыпты бас­та­малар, жарқын жобалар, байсалды бағдарламалар орталығына айналды. Елбасының тікелей қамқорлығымен облыс өмірінде қаншама өміршең өз­герістер, игілікті істер атқарылды. Олар­дың барлығы да халықтың көз ал­дында өтіп жатыр. Соңғы бес жыл бе­де­лінде сан алуан салиқалы істер ай­мақ­тың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, ал­дағы мақсат пен міндеттер ауқымы ке­ңейе түсті. 

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы бес жылда облыста 50-ден астам өнеркәсіп нысаны іске қосылса, оның 16-сы ірі және орта кәсіпорын екен. Нәтижесінде өңдеуші секторда осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 пайызға артса, шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 пайызға өскен.

– Үстіміздегі жылы шыны және там­понажды цемент өндіретін зауыт­тар­ды, үш окись молибден өндірісін іс­ке қосамыз. Өздеріңіз білесіздер, осы айдың басында Қытай Халық Рес­­публикасына жасаған сапар бары­сында біз «ChinaTriumph Inter­na­tional Engineering» («Чайна Триумф Интернейшнл Инжиниринг») компаниясының басшылығымен және тампонажды цемент шығаратын зауыт құрылысының жобасын жүзеге асырушы «ChinaGezhoubaGroupCement» («Чайнагежуба групп цемент») компаниясының басшыларымен кез­дестік. Екі компания да салып жат­қан зауыттарын ағымдағы жылы іске қо­сатындарын растады. 

Шыны зауытының құрылыс-монтаж жұмыстары маусым айында аяқталатын болады, ал, шілде айының басында пе­шін іске қосамыз. Зауыттың техноло­гия­сы ерекше болғандықтан, сапалы өнім алу үшін пешті 3 ай көлемінде қыз­­дыру қажет. Алғашқы қазақстандық шы­ныны биыл қыркүйек айының со­ңында шығаратын боламыз.

Осы жылдың көктемінде Арал қаласында кальцийлендірілген сода шы­ғаратын зауыт құрылысына кірі­се­міз. Бұл – республика бойынша, то­лы­ғымен шетелдерден жеткізілетін ка­ль­цийлендірілген соданың 75 пайызын отан­д­ық өніммен қамтамасыз ететін алғашқы заманауи зауыт болмақ, деді облыс әкімі.

Шиелі ауданында ванадий кен орнын игеру бойынша жұмыстар жалғасын тауып келеді. 2016 жылы кәсіпорын аммоний метаванадатын және ванадий бесокисін Тайвань және Ресейге экспорттауды бастады. Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде кен-байыту комбинаты мен газ-турбиналы электр стансасын салуға мән беріліп отыр. Аталған жо­баны жүзеге асыруға Еуропа қайта құру және даму банкі несие беретінін ма­құлдады.

Облыс әкімі 2013 жылдан бері Сыр өңірінде индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыру шараларына маңыз беріліп келе жатқанына назар аударды. Мұндай міндет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынғаны белгілі. Рас, соңғы жылдарда аймақ өмі­рін­де бірқатар өзгерістер орын алып жа­тыр. Бұрын жергілікті өнеркәсіп өн­ді­рісінің 70 пайызға жуығын мұнай мен уран өндірісі еншілейтін. Бүгінде осы орайда кейбір түйткілдер кездесіп отыр. 

– Біз өңірдің экономика саласы бойынша құрылымдық өзгерістерге назар аудардық. Осының арқасында биыл өнеркәсіп өнімі көлемінің нақты көлем индексі бойынша 100 пайыздық деңгейге сенімді шығатын боламыз. Сондықтан бес жылда атқарылған игі­лік­ті істердің нәтижесінде мұнай мен уран бағасына тәуелсіз аймақтық экономика жасау мақсатын толықтай орындай алдық деп айта аламыз, – деп атап өтті аймақ басшысы. 

Бүгінгі таңда облыста өңірлік экономиканы қалыптастырудың негізгі басымдығының бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Қызылордада биыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы болып жарияланды. Ендігі кезекте өз ісін жүргізуге талпынған әрбір азаматқа барынша қолдау көрсетіліп, осы бағытта ілкімді істерге жол ашылады.

Сыр өңірінде агросаланың ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Оған құйылып жатқан инвестиция 23 есеге дейін өсті. Осының нәтижесінде ел­дегілер еңсе тіктеді, ол ауыл шаруа­шы­лығындағы өндірістің өсуіне оң әсе­р­ін тигізді. Дария бойындағы дүйім ел енді алыс-жақындағы өзге жұртқа өз өнімдерін өткізу бағытында өрелі істерге қол жеткізіп отыр. Бір ғана мысал, былтыр облыстың ауыл­ша­руа­шылық өнімдерінің экспорты 37 пай­ызға артқан екен. Бұрын жергілікті ди­қандар күріш өнімдерін шетелге шы­ға­ру бағытында біршама қиындық көріп жүр­ген еді. Қазір бұл өнімді Иранға дей­ін өткізуге жол ашылды. Сондай-ақ экспортта көкөніс – 3,5, көкөніс 2 есе­ге артты.

Қазір Қызылорда жерінде баспанаға қол жеткізген бұқараның қатары басым. Дерекке көз салып көрсек, 2013 жылдан бері облыста 2 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, елдің игілігіне айналғанын көпшілік жақсы біледі. Содан бері облыс орталығында 14 жаңа шағын аудан халықтың көзайымына айналды.

Бүгінде қызылордалық ағайын жаңа ғимараттардың көптеп салу көрінісіне көзін әбден үйретті. Өйткені екі күннің бірінде есігін айқара ашқан нысандар қатары көбейгенін көпшілік келелі істердің бірі ретінде санайды. Дәйек келтіре кетсек, соңғы 5 жылда Сыр өңірінде 200 әлеуметтік нысанның іске қосылғанын айрықша атай кеткеніміз абзал. Сондай-ақ бірнеше жыл бойы құрылысы бітпей жатқан 34 ірі әлеуметтік нысан құрылысына нүкте қойылды. Айтпақшы, 2013 жылдан бері облыста жаңадан салынған 45 мектеп жас өрендерге құшағын айқара ашты. Оның ішінде 37-і ұзақ жылдан бері ілдәлдалап келе жатқан апаттық жағдайдағы мектептер еді. 

Мұндай келеңсіз көріністер өңірдің денсаулық сақтау саласында да кез­де­сетін. Соңғы 5 жылда осындай күйде тұрған 49 ғимарат жаңаланды. Жалпы алғанда, медицина саласында 57 нысан елдің игілігіне айналды. Алдағы екі жылда 8 ғимарат құрылысы аяқ­талады деп күтілуде. Олардың қата­рында шалғай ауылдардағы денсаулық сақтау орындары да бар. Қуанарлығы, өңірдің мәдениет саласында да игілікті істер атқарылды. 2013 жылы облыста «Мәдени мұра» бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Осының нәтижесінде Қорқыт ата мәдени мұрасы жә­не облыстың 9 мәдени-тари­хи ес­керткіші ЮНЕСКО-ның дүние­жү­зілік тізіміне енгізілді.

Қай іске де халық – әділ төреші, өз­ бағасын береді. Ел игілігі үшін жа­сал­ған әрбір іс өз нәтижесін көрсетіп отыр. Сыр өңірі өміріндегі өміршең жо­ба­­лар, байыпты бастамалар, жарқын жо­балар халықтың ертеңге деген се­ні­мін одан әрі нығайта түсті. 

Ержан БАЙТІЛЕС, 
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар