Әдебиет • 16 Ақпан, 2018

Бағашар Тұрсынбайұлы. Перкинс өнегесі

471 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сергей Довлатов: «Егер жазушы шебер болса, оған редактордың қажеті жоқ, ал егер нашар қаламгер болса оны редактор құтқара алмайды» депті. 

Бағашар Тұрсынбайұлы. Перкинс өнегесі

Сонда әдеби редактордың қызметі қандай? Әдеби редактор дегенде көбіне біздің санамызда қате іздеп, сөйлем түзеп отырған кәсіп иесі көз алдымызға келеді. Әрине мәтін оқып отырған адам мұның бірін де көзге ілмей кете алмайды. Дегенмен шығарманың стилистикалық, фактологиялық, мағыналық жағына көп мән беріп, негізі жұмысты осы үш нүкте тұрғысынан қарайды. Әлемде әдеби редактордың жұмысы қалыпқа түскен. Ал бізде қалай? Жазушы қауымнан жақсы шығарма, үздік кейіпкер күтеміз. Бұл тек қаламгерге байланысты ғана емес, әдеби редакторды талап ететін табанды жұмыс шығар мүмкін...

Нью-Йорктың барлық бас­паларын аралап шығып, бі­реуінен қол­дау таппаған 28 жастағы Томас Вульф ең соңында амалы таусылған соң бума-бума қол­жазбасын көтерген күйі атақ­ты «Скриб­нер» баспасының есі­гін қақ­қан. Онда әлемге Скотт Фиц­д­жеральд, Эрнест Хемин­гуэйді танытып үлгерген даңқты Мак­суелл Перкинс қар­сы ал­ды. Өз жазғанынан күде­рін үзіп, соңғы үміттің алдында дәрменсіз отыр­ған Томас: «Сіз­дің рома­ны­ңызды басамыз, тек аздап қысқарту керек» деген сөзді естігенде ай­­­ран-асыр қалады. Сөйтіп жиыр­­ма айға созылған азапты жұмыс бас­талады. 90 мыңға дейін сөз қысқарып, бас-аяғы қайта-қайта жазылады. Бұның бәрі редактор Макстың (Оны замандастары солай айтатын) талабы болатын. Томас Вульф өзі шектен тыс көп жазатын, бірақ тамаша жазушы еді. Көп жазып келеді, оны редактор күні-түні оқып, аяусыз қысқартады. Бірақ керек жерін қалдырады. Ең соңында роман мүлде басқа бейнеге еніп, тіпті, атауы да өзгереді. «Взгляни на дом свой, ангел» ро­маны шыға сала қолдан-қолға тимей, тез оқылып, жазушыға атақ әкеледі. Бірінші романы автобиографиялық сипаты бар, өзінің музасы Алиса Бер­н­стаинға арналған еді. Алғашқы сәтті жетістіктен кейін екінші рома­нын Бруклинде төрт жыл жазады. Бұл кезде Томас ғашы­ғы­нан айырылған, бірақ нағыз дос тапқан бақытты жазушы еді. 

Зерттеушілер Томас Вульф Макс­ты әкесіндей көрді, ал Перкинс жазушыға ұл аңсаған махаббатын төкті деп жазады. Себебі Макстың бес қызы болатын. Ол ұлды аңсап жүр еді. «О времени и о реке» романын Макс Перкинске бағыштағаны тегіннен тегін болмаса керек. Бұл шығармасы да алғашқы жетіс­тікті қайталап, бірнеше рет басылып шығып, ең мықты ком­мерциялық жоба ретінде баға­ланады. Бірақ Томас Вульф өте қызық адам еді. Оның ойы бір сәтте өзгеріп, өзінің даң­қы артқан кезде Максты шы­ғар­масын мүлде басқаша си­патқа өзгертіп жібергені үшін кінәлап, достықтарына сызат түседі. Сөйтіп ол басқа бас­памен келісімшартқа отырады. Бірақ айықпас дертке ұшыраған сәтінде ауруханада жатып, соңғы хатын жазады. Онда ол бұл достықтың ең ізгі ниетте болғанын айтып, Макстан кешірім сұраған болатын. Әдебиеттің есігін үмітсіз қаққан жазушыға осын­ша мүм­кіндік берген редакторына алғыс айтып, ми туберкулезінен көз жұмады. 

Фицджеральд өзінің редакторы туралы қайта-қайта жылы сөз айтқан болса, Хе­мингуэй де шексіз риза болатын. Ол ең соңғы берген сұхбатында Перкинсті жазушы түйсікті әдеби редактор ретінде бағалайды. 1929 жыл­дың қаңтарында Хем мен Макс Ки-Уэст бағытында тарпон аулауға шығады. Макс балық аулауды онша ұнат­пайтын. Бірақ аяқталуға жа­қын «Қош бол, майдан» ро­ма­нының соңғы нұсқасын тал­қылау үшін теңізге шыққан.

оманды аяқтаудың 47 түрлі нұсқасы болады. Жазушы соның қазір біз оқып жүрген нұсқасын таңдайды. Перкинс роман туралы жылы пікірін айтып, «Скрибнер» баспасынан жазушыға еңбегі үшін 16 мың доллар қаламақы алып береді. Бұ­рын-соңды мұндай көлемде қаламақы қай жазушыға беріл­генін айту қиын. Бұл романды жа­зушы солдат өмірін нақты бе­ру үшін солардың тіліндегі ауыз­екі, тіпті, балағат сөздерді де қосып жазады. Бірақ редакторлар ондай сөздердің көбін сызып тастаған болатын. Бірақ оқырмандар бәрібір романның тіліне қатысты на­ра­зы­­лықтарын білдірген. Со­ңында Хемингуэй қысқарған сөздердің тізімін жазып, оқыр­мандарына ұсы­нып­ты. Бұл оқырман мен жа­­зушының, редактор мен автордың арасын­дағы тығыз жұ­мыстың үздік көрінісі болатын. 

Қазір біздің ұғымымызда әде­би редактор туралы түсінік бар ма, жоқ па білмеймін. Тіп­ті, бар болған күннің өзінде бір-бірімен тығыз байланыс­ты екі кәсіптің иесі қалай жұ­мыс жасар еді деген сұрақ мазалайды. Бұрын баспаларда бол­ған редакторлардың қызметі қандай болды десе, үлкен­дердің көбі бірдей жауап береді. Дос пейілмен қолжазбаны оқып, ескер­тулерін жасаған мысалдарды, әрине, кезіктіресіз-ақ. Бірақ қазіргі уақытта, әде­биет пен оқырманның арасы­ ал­шақ­тап кетті деп байбалам­ салатын шақ­қа тап болып тұр­ғаны­мыз­да, оның үстіне нарықтық эко­номиканың заң­дылықтары билеп-төстеп тұрған сәтте оқыр­­манға өтімді болу үшін жұ­мыс іс­тей алатын баспа, ең бастысы жазу­шылардың қолынан шық­қан мүк­кәмал мүлікті қырнап-жонып, оқыр­ман қызығатын деңгейге жет­кізетін әдеби редакторлар қажет емес пе? Қазіргі кезде баспа ісіндегі олқылықтар ар­найы мә­селе қозғауды талап ететін жағдай. Корректор, редакторлық жұмыс, кітап сапасы, кітап сатылымы деген жолға қойылмаған, әр бас­па өзінше әрекет етіп, күн кө­ріп отыр. Ал осындай кезде шы­ғармашылық адамдарының еңбегі қалай бағалануы керек еді. Бұл, әрине басқа әңгіме...

Әдеби редактор туралы сөз бол­ғанда Перкинс өнегесі жиі еске алынады. Заман көшінен қал­маймыз деп жүрген бізге де­ әдеби редакторлық туралы ойлап қойған дұрыс шығар...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»