Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Державин қаласында сот жаңа ғимаратқа көшті

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Жарқайың ауданының орталығы Державин қаласында соттың жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Жоғарғы сот бекіткен типтік жоба бойын­ша салынған ғимарат сот даулары қаралатын нысандарға қойылатын барлық халықаралық талаптарға сай келеді.  

Державин қаласында сот жаңа ғимаратқа көшті

Еңселі ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету депар­­таментінің басшысы Нұр­­серік Шәкіров, Ақмола об­лыс­тық сотының төрағасы Дос­жан Әміров, Ақ­мола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев, Жар­қайың ауданының әкімі Мұрат Бал­пан, сондай-ақ өңір­дегі мем­ле­кеттік және құқық қорғау орган­дарының басшылары, ардагерлер, судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері, аудан тұрғындары мен БАҚ өкіл­дері қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз алған Н.Шәкіров Жар­қайың аудандық сотының жа­ңа ғимараты құрылысының аяқталуы бүкіл Ақмола өңірі үшін жағымды оқиға екенін ерекше атады. Жоғарғы сот ор­ганы алдағы уақытта да өз ай­бынымен заң үстемдігінің салтанат құруына ықпал ететін соттар ғимараттарын салуды және жөндеуді мақсат етіп отыр­­ғанын жеткізді.

Сондай-ақ жиналған қауым алдында сөз алған облыстық сот төрағасы Д.Әміров әріп­тес­терін қоныс тойымен құт­тық­тай келе, бұл игілікті іс Елба­сының сот мәртебесін кө­теру жөніндегі тапсырмасы Ақ­мола облысында жүйелі орын­­далып жатқанының айға­ғы екенін жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі­нің орынбасары Асқарбек Үйсім­баев сот төрелігі үстемдік құра­тын жаңа сарайдың ашылуы ай­рықша оқиға екендігін ерекше атады. Реті келгенде облыс әкімінің орынбасары игілікті іс бастамашысы болған Жоғарғы сотқа және Ақмола облыстық сотына алғысын жеткізе келіп, игі тілегін білдірді.

Ауданның беделді ақсақал­дарының бірі Беріктас Баймол­динов ақ батасын бергеннен кейін жаңа ғимараттың лентасы қиылып, іші көпшілікке көр­сетілді.

Негізінен, сот ғимаратында аудио-бейнетіркеу жүйесімен және жаңа техникалық құрал-д­ар­­мен жабдықталған екі сот залы бар екен. Сонымен қатар судьяларға, прокурорлар мен адвокаттарға, сот орындаушыларына арналған кабинеттер қарастырылған. Бұдан басқа, кеңесу бөлмелері, мұрағаттағы істермен танысуға арналған орын және күту залымен жаб­дық­талыпты. Және де сот залы­ның кез келген жерінен құжат­тарды көрнекі түрде көрсетуге ар­налған ыңғайлы бейнепроек­тор орнатылған. Кіреберісте мүм­кіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандус орнатылып, еден төсемелері кедергілерсіз және табалдырықсыз етіп жасалыпты.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы