Әдебиет • 19 Ақпан, 2018

Қайран, Рахымжаным!

904 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиеті тағы да орны толмас ауыр қазаға душар болды. 62 жасқа қараған шағында көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы академияның академигі Рахымжан Отарбаев дүниеден озды.

Қайран, Рахымжаным!

Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында туған. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі болып істеген. Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі болған. Маңғыстау облыстық радио-телевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, Президент Әкімшілігінде сектор меңгерушісі, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Өмірінің соңына дейін Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі қызметінде болды.

«Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таң­дама­лы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағыл­шын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұр­жауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары рес­публи­калық және шетелдік театрларда сахналанған.

Осы еңбектерінің нәтижесінде бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болған. Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері. Атырау облысының және Құрманғазы ауданы­ның құрметті азаматы.

Қазақ әдебиеті мен руханиятына орасан зор үлес қосқан әріптесіміздің аты қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты

Оқшау тұлға

Қазақ әдебиеті орны толмас үлкен қазаны бастан кешіп отыр. Біз Рахымжан Отарбаевтың жақын жолдастары, ағалары орны толмас қазаға қатты қайғырып отырмыз. Рахымжан Отарбаев қазақтың көркем әдебиетіне үлкен жаңалық, ерекше бояу әкелген талантты тұлға болатын. Оның қаламынан туған әңгімелердің қай-қайсы да оқырманын жайбарақат қалдырмайтын. Ішкі динамикасы, көркем тілі, бояуы қашан да оқырмандарын елітіп, соңынан ертіп отырады. Оның қаламынан туған повестер де, романдар да ерекше сюжетімен, айрықша тілімен, жаңа тосын ойларымен дараланып тұратын. Біз қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасынан айырылғанымызға қатты өкінеміз, әрине. Өйткені оның бергенінен берері мол жазушы болатын. Бізбен жолыққан сайын ылғи жаңа туындыларды әкелетін. Жаңа бір сюжеттер ойластырып жүргенін үнемі айтып отыратын.

Ол қазақ сахнасына да талай-талай жақсы драмалық шығармаларды ұсынды. Бейбарыс, Мұстафа Шоқай туралы пьесалары қазақ театрына жаңалық болып қабылданды.

Рахымжан керемет публицист болатын. Оның қанатты ойлары қазақ журналистикасында оқшауланып тұратын еді. Анау жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген циклды мақала жазды. Сол циклдары әлі күнге дейін қазақтың аузында жүр. Біз, әрине, Рахымжан Отарбаевтай жазушының орны толмайтынын білеміз. Жоқтаймыз. Қашан да жүрегімізде сақтаймыз. Оның шығармалары өлмейтін шығармалар. Қазақ бар кезде тұратын, қазақ бар кезде оқылатын ғажайыптар.

Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын досымыздың!

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

жазушы

Қайран, Рахымжаным!

Қапыда қан жұтып қалдық қой. Ширек ғасырға жуық туған бауыр дейміз, рухани бауыр дейміз, біз осы екеуінен жоғары бір ерекше сезіммен ете­не болып кетіп едік. Құдайдың берген мінезі – екеу­міз де өзімізді қоршаған ортадан оқшаулау жүр­дік. Бір-бірімізді тек өзіміз ғана түсінетінбіз. Дүние шіркіннің парқын пайымдау танымымыз, армандарымыздың асулары, азап-шеріміздің астарлары ұқсас болатын. Сонымызды медет тұттық, сүйеу көрдік.

Осы айдың 10-ны күні телефон шалдың. Осындай әбден шаршаған даусыңды ешуақытта естімеген едім. Селк еттім. «Аға, – дедің, – Менен ойда-жоқта артық-ауыз сөз айтылып қалса, кешіріңіз...» «Рахымжан-ау, бұл не сөзің. Айтпа ондайды» дедім, жаным безектеп. «Бұрын инсульт алып едім ғой, мынау екіншісі, аға» дедің әзер сөйлеп.

Енді міне, менің ғана емес, қалың қазақтың қайсар қаламгері, әдебиетімізге жаңа рең әкелген өзгеше бітімді өзіңді жоқтап омалып отырмыз. Қайран, Рахымжан! Ауыздығын шайнаған асау ғұмырың анау дүниеге ағызып кете барды. Топырағың торқа болсын!

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

Жазушы

Өз мінезі – сөз мінезі еді...

Төбеден жай түскендей болды. Рахымжан дүниеден өтті дегенде, есіме: «Салық өлді дегенше, халық өлді десеңші» деген ел аузында қалған екіауыз сөз түсті. Баяғының қариялары: «Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны» деп бекер айтпаса керек. Ажалдың оғы ақжарма таланттың топшысын қиып өтті. Қазақ сөз өнерінің құлагер жүйріктерінің бірі қапияда құлап түсті. Бұл ұлт әдебиеті үшін аса үлкен шығын. Жарқылдап сөйлеп, жан сарайын ашып салатын, айтар сөзге келгенде бұқпантайламай басып салатын, өз пікірін өзгеге таңбаса да, айтылған сөз – атылған оқ деп қарсы сөздерге де қасқайып қарап тұра алатын мәрт мінез келместің кемесіне мініп кете барады.

Ерте суалған ерке буыршындай, Атыраудың кілегей қатқан перде мұзында ойнақ салған шоң мойын шо­қыр­дай, Махамбеттің құм Нарынның жеті қырлы желкесінен сарнап жеткен дауысындай, Құрманғазының «Серперіндей», жаз шыға жамырап шыға келетін Жайықтың өртеңіндей мінезді жақсы інім, жарқын бауырым енді тетелес ағасының үйіне еркелеп келе алмайтыны қандай өкінішті! «Ағамның өзін сағындым, жеңгемнің сөзін сағындым» деп шалқая кіріп, шалқып әңгіме айтып, кең төрде көсіліп жатқан күндері де енді сағыныш болар. «Атқа шапқанда аяғың үзеңгіде болсын, сонда құламайсың» деймін, ол: «аға, құлап та көрдім, жылап та көрдім, маңдайымнан сипап, ұшықтаған адамды аз кездестірдім, менің бәйгеге түскен шығармамды төрдегі кісіге жақсылап жеткізгеніңіз үшін сізге екі дүниеде қарыздармын» деп еді ағынан жарылып. Болған сөзге болмыс куә-дүр.

Қазақтың қара сөзін қамырдай илеп, ойы мен сойын ойнатып, тентек ағыстарға бойлатып, желге де жеңіс бер­меймін деп ала қашқан қара шашын салалы саусақтарымен бір сілкіп тастап, «аға, өз сөзім – өзімдікі, тура айтсаң туғаныңа жақпайсың, менің соңғы кездердегі сөзіме төрелік айтыңызшы» деп жанары жасаурап қарағаны әлі көз алдымда. «Айтылған сөз – атылған оқ, қайтарып ала алмайсың, қолшаныңа қайырып сала алмайсың, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ қой» деймін қашыра жауап беріп. Ойланып қалатын. Қара сөздің ұтылатын да, ұтатын да жері бар ғой. Көркем сөзде ол үнемі ұтумен болды. Қарапайым адамның болмыс-бітімі, «заманға күйлеген» пенденің психологиялық портреті, шытырман ғұмырдың шатыраш штрихтары, күлкі мен көз жасының сорабы, қанағат пен тәубенің қарынға қарайлауы, бәрі-бәрі оның қаламының ұшына ілініп, оқығанның жан тереңіне жаңылмай жетті.

Ұшқыр журналист болып ортаға кірді. Ұлттың сөзін айтатын ұл болып қалыптасты. Туындылары төрткүл дүниенің төріне жетті. Сахнадағы сөзі санаға құйылды. Осының бәрінде оның тек өзіне тән мінезі жан-жақты көрінді. Өнерге мінез керек, өрлік керек, еркелік те керек. Қадыр ағамыз: «ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» деген ғой. Ақылға жүгінген асаулық, талантқа ер салған тарпаңдық Рахымжанның тал бойына ұя салған-ды. Біріміз таңдандық, біріміз шамдандық, қалай болғанда да халық оның асыл сөзін ардақтап бағалады. Қазақ әдебиетінің жоғалтқан асыл дүниесінің бірі де осы болар. Енді оның мәңгілік ғұмыры бізге өлмес шығармалары арқылы тіл қатады. «Көрген-баққаны» көзайым болып қағазға түскен тіркестері бойыңды шымырлатып, ойыңды оятады. Өз мінезі – сөз мінезі болған бір қазақтың көші алысқа ұзады. Мінез кетіп барады.

Қаралы күнде қайғыра отырып қалың оқырманға, қазағына, әулетіне, жан жары Сәулеге, ұлы Елмерейге, әз талантты берген Атырау еліне, бауырларыма көңіл айтамын. Иманың жолдас болып, жаның пейіштің төрінде болғай.

Бақұл бол, баһадүр қаламгер, баянды сөздің батыры!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері