Тарих • 20 Ақпан, 2018

Жол-жөнекей

991 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Жойылып кетуге шақ қалған, мына даланы күңірентіп тұрған күмбездер. Күмбездер – қазақтың ғана қолынан келген сәулет өнерінің айрықша нұсқасы. Басқа халықта мұндай өнер жоқ. Ендеше сол өнерді ең болмаса кітапта сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізсек, олар басқа жұрттың алдында мақтана алмас па еді.

Жол-жөнекей

Биыл Бес ата жұртының жеке аудан болып шаңырақ көтергеніне – 90 жыл. ХІХ ғасырда бар қазақ елінің, қазақ баласының жоғын жоқтап, орыстың зымиян саясатын барынша әш­ке­релеген Шортанбай жы­рау­дың дүние есігін ашқанына – 200 жыл. Шортанбайды бұл ел әулие са­на­ған. «Зар заман» атан­­ған әде­би­ет­тің сол бір кезе­ңі­­нің бас­тау­ын­дағы ақын осы Шор­те­кең.

­Ауданның 80 жылдығына орай мен көк тиын алмасам да «Шырағдан» атты кітап шығарттым. Онан кейінгі жылы ел­дің есі түзу ақсақалдарының басын қосып жүріп Шет ауданының эн­цик­ло­пе­дия­сын шығарттық. Мына келіп қал­ған 90 жылдыққа не сый жасай аламыз деген мәселе көлденең тұрды.

Бұрынғыны таптаурынды етіп қай­теміз. ХІХ ғасырдағы орыстың архи­він қотара салу аса қиын іс емес және ол ешқайда қашпайды. Бірер адамның аты-жөні болмаса оның берері де шамалы. Жойылып кетуге шақ қалған, мына даланы күңірентіп тұрған күмбездер. Күмбездер – қазақтың ғана қолынан келген сәулет өнерінің айрықша нұсқасы. Басқа халықта мұндай өнер жоқ. Ендеше сол өнерді ең болмаса кітапта сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізсек, олар басқа жұрттың алдында мақтана алмас па еді. Ал ана тастағы жазулар, сырын ішіне бүккен суреттер, балбал тастардың не айтары барын, олардың қай жерде барын да осы жұрт біле ме?!

Сөйтіп осы бағыттағы ісімізді жүзеге асыру үшін жолға шыққанбыз. Жолымды Ақшоқы өңірінен бастадым. Ауыл әкімі Раушан күтіп-ақ отыр екен. Баратын жеріміз Алайғырдан сәл әрі. Кеніштің жұмысы қызып келеді. Кеніштің тұрған жері Шеттікі. Салынған жол әрі қарай, теріс кеткен. Алайғыр мен Ақбауырдың арасы – 18 шақырым.

«Кестелі тасқа» таяп тоқтағанбыз. Раушанға ере шыққан жолбасшы Дулат деген жігіт еді. Айтулы аңшы, бұл маңайда білмейтін жері жоқ деп таныстырған.

– Кәмеке, сіз іздеген тасты алып кеткен, – деп қалды Дулат.

– Қойсаң қайтеді, – деп биікке өрлей бердім. Сәл ентігіп тоқтағанмын. Ауқымы қазанның үлкендігіндей қара тас жатыр. Аспаннан күйіп түскен метео-
рит тас. Қара тастың беті суретке толы. Үлкенді-кішілі қара тастар шашылып жатыр. Бәрінің үсті сан алуан суретпен жамылған. Менімен ере шыққан дәрімді өлшеп берер дәрігерім, әрі көмекшім Досмұхаммед немерем бірінен соң біріне жүгіріп, дамыл таппай жүр. Жұртты кісі бойы қара тасқа ертіп келгенмін. Бір түйір тас алып сәл соқсаң биік қара тас қоңырауша сыңғырлайды.

Түстіктен соң «Қотыр Қызылтаудың» ішіне енгенбіз. Айнала көк сеңгір, жып-жылтыр тастардың тұтас әлемі. Дулат бір шатқалдың ішінен еңкеймей-ақ кіретін әжептеуір үңгірді көрсеткен. Әрине, бұл менің «Көк сеңгірдің тасында» деген хикаятыма енген қашқынның жатағы емес, оны әлі ешкім көрген де емес. Аңшы жігітке сол жатақпен Қамқордағы елге аңыз болған тағы бір үңгірді байқап қоюын тапсырып жатырмын. Мына тау-
ларда біз білмейтін талай сыр бар-ау. Кеншоқылық Амантай ақсақал үстінен түскен қойма ше? Кезінде тоқсанға бет алған Амантай ақсақал енді сол қойманы көрсетуге шамасы келмейтініне өкінген еді.

Әулие тастың етегіне жетіп тоқта­ған­быз. Фотограф жігітіміз Берік күн батысқа еңкейіп қалғанына қарамай екі-үш сурет түсіріп алған. Әулие тас туралы аңыз да әртүрлі екен. Ең сүбелісі аштық жайлаған жылдары осы тасты пана тұтып, Жаратушыға сыйынған бір топ елдің қырғыннан аман қалуы.

Байбалада бізді Талдының әкімі Боран­бай күтіп алмақ еді, Бекішұлы Бейім­беттің үйінде кезіктік. Бірер кесе қымыз ішуге аялдағанбыз.

– Шортанбай бұлағына бардыңыз ба? – деген Боранбай.

– Кесе қолымнан түсіп кете жаздады. «Шортанбай бұлағы». Бұл туралы Талды мектебіндегі қарт ұстаз Қамен Ибрайұлы айтып еді-ау. Жырдай қылып жеткізген. Әттең, көрсетуге уақыты жетпей дүниеден озды. Енді, міне Боранбай әкім айтып отыр.

– Ол бұлақты бәріміз де білеміз, – деп жамырай қостады Раушан мен Дулат.

– Сіз, оны көрсет деген жоқсыз ғой, деп мәселені өзіме аударды тағы да Дулат.

– Қотырдың сайына қайта еніп, тастың астынан сарқырап ағып жатқан бұлақтың басына келіп тоқтағанбыз. Су алып іштік. Мұндай таза да дәмді суды көптен бері кездестірмеген едім. Боранбай әкім Қарқаралыға жол түскенде Шортанбай жыраудың осы бұлаққа үнемі аялдап кететінін, бұл маңның ақсақалдары, сөзге тәнті үлкен-кіші жиналып жырауды екі-үш күнге жолынан бөгеп, мына заманның сипаты туралы жырларын тыңдап, кеңес құратынын айтып жатыр. Иә, Қамен Ибрайұлы да әңгімені тап осылай жеткізген еді. Қамкең жоқ, ендігі жұрт не білер деп жүр едім. Кеңес үкіметі ұлы жыраудың есімін айтқызбай-ақ басқан, халық көнбеген екен, ұлының есімі ел жадында жаттала бергенінің тағы бір куәсі болдық.

Боранбай әкім Талды пирамидасына алып келген. Дала пирамидасы. Жылтыр тастың үстінен сол заманның білікті не батыр, не ел билеушінің мәйітін қойып, бүгінгі жұрт көтере алмайтын қалақ тастардан әлденеше шеңбер жасап, араларын топырақпен толтырып, үстін сол заманның ұстанымына қарай жапқан аса ірі, қазақша айтқанда, көр обаның бірі. Ерте заманның өмір сүру тәсілін осылай зерттемеске басқа амал не?! Онан әрі Боранбай әкім Наршөккеннің бергі жағындағы Данияр молланың күмбезіне апарған. Тоқсаныншы жылдардың аяқ жағында көргенімде мазар аман еді. Мазар­дың іргесінен бастап өрілген өр­нек­терге қарап таңғалғанмын. Бүгінгі күн­де бір жақ беті тегіс жапырыла құ­ла­ған екен. Әзірше аман тұрған екін­ші жағын суретке түсіріп алдық. Ұр­пақ мақтана аларлық мұндай сәулет өне­рі­нің үлгісін ең болмаса сурет ретінде са­бақ­тасақ, оны ертең қалпына келтіру жұмысы да болатынына көңіл сенеді.

Ертемен Талды ауылының ортасында тұрған Мейірман мырзаның мазарына соғып (жерлесіміз Көшкін Амандықұлының бабасы), Нұраталдыға келгенбіз. Әкімнің орнына бізге ілескен Асылбек зейнетке шығыпты. Бетіміз – Құсмұрын. Осыдан тура 27 жыл бұрын Құсмұрынның етегінде ежелгі заманнан қалған пирамида кейіптес тас мазарды көрген едім. Мавзолейді археологтар ашып зерттепті. Жолбасшымыз Мартбек сол археологтармен бірге болған екен. Жолдан айнымай тура бастап әкелген Бегазы-Дәндібай мәдениетіне жататын ерекше құнды мұраны мал таптап, бұза бермесін деп кейінде темір шарбақпен қоршаған екен. Ауыр плита тастармен қоршалған мазардың күнбатыс жақ бұрышында биіктігі кісі бойы қол созымнан артық қос плита тұр. Мүмкін заманында мына ежелгі мұраның айналасын тегіс осылай қоршаған да болар. Археологтар жазған, биіктігі 4 метрден артық диаметрі 30 метрге жуық пи­ра­ми­дадан бізге жеткені осы. Айнала кі­шігірім тас мазарларға толы. Осының бірінің сақшысындай Құсмұрынның биігі өрлігін танытып және тұр.

Сонау етекте 1910-1912 жылдары осы жерді мекен еткен, орыстың билігіне көнбей кеткен батыр да сері Иманжүсіп паналаған ауыл, ол тұрған үйдің іргесі жатыр.

Тағылы мен Бұғылы сайран салған,

Ұйпалақтап баурынан түлкіні алған.

Мейірім қанып тауына шығар едім,

Көзіме көрінер ме ең, дүние-жалған, – деп осы маңда ән салған ғой сері Иманжүсіп.

Иманжүсіпке әркімнің-ақ бар таласы. Кереку мен Жаңаарқа жағы біздің елде туған деседі. Біз олай демесек те, Шеттің осы бір топырағына ізін тастап, біраз жыл мекен еткенін дәл айта аламыз. Осыны біз бүгін жазып кетпесек келер ұрпақ несімен мақтана алады?!

Қайтадан кері жүрмес үшін болыс болған Сығай-Шаңқай мазарына кейін оралмақ болдық. Иә, бұл да атақты тұлға. Шаңқай болыс қазақтың апшысын қуырып, жерін үсті-үстіне тартып алып жатқан заманда өзінің бала-шағасын ертіп, Қояншытағайдан жүздеген жігіт жинап, орыспен шайқасудан тайынбаған адам. Иә, ол – тұлға. Болыстығына мәз біреу емес, қазақтың жері үшін дұшпан­мен арпалысқан осы елдің төресі. Әттең, осы­ны білер қазір тағы ешкім жоқ. Орыстың теріс оқуы мұны айттырмады, ел­дің жадынан шығарды. Мәселенің шетін архив қана сақтап қалыпты.

Жәңгір төре ауылы (Красная поляна) жағының әкімі Нұрсұлтан Пикеттен қарсы алған. ХІХ ғасырда осы жерде 17 мың жылқы біткен Жәңгір төренің ауылы болған. Биікке шығып мешіттің орнын көрсеттім. Төменде Жәңгір төре сал­дырған мектеп-медресенің, балаларға арналған жатақхананың орындары жатыр. Төре, қазақтың баласы басқа ұлттан кем болмасын деп осының бәрін өз қара­жа­тына салдырып, жағдайы аздау елдің баласын өзі киіндіріп, ауқатын беріп, оқытушы жалдап оқытқан екен. Сол оқушының бірі Смағұл молла 1989 жылы маған ере келіп, бәрін де көрсеткен еді. «Иә, осы айтып көрсеткеніңіздің жұрт бірін білмейді» дейді Нұрсұлтан әкім.

Қарамұрыннан әрі жатқан Жәңгір төренің зиратына да жеттік. Осыншама байлығы болған, Петербордағы көрмеге қазақтың сән-салтанатын көрсетіп, неше алуан құнды заттар апарып, халқының өнеріне жатты таңғалдырған Жәңгір төренің бейіті қарапайым төрт құлақты кісі бойындай ғана там екен. Иә, ол кісі зәулім мазар салуға рұқсат бермеген. Бұл дүниенің байлығы осы дүниеде қалады деп, Алладан о дүниеде иман беруін ғана сұрапты. Осында да қазақтың өзіндік дүние танымы, тұлғаның ұлылығы жатыр-ау.

Дәрия өңірінің әкімі Бекарыс ауыл сыртынан қарсы алған. Бізге сол ауылдың Абай, Шәли деген ақсақалдары қоса ерген. Бұл маң да КарЛАГ-тың қорлығында болған жер. Ел ауып есін қайта жиғанша талай деректер ұмыт болған. Құлап жатқан «бай бейіті» дегеннің кімдікі екенін де жан баласы білмейді. Дәрия атанып кеткен жердің шын атауы – Дәрі өңірі. Дәрі Сазанбай батырдың келіні. Бір өңірге есімі берілген сол ананың мазары да КарЛАГ заманында тапталып кеткен. Анау Дәрия қақпасының бергі аузындағы қыр­ғыз руының зираттары да күл-талқан болған.

Бір күн демалып, Шет ауылдық окру­гі­не қарай жолға шықтық. Өңір әкімі Темір­хан ширақ жігіт. Жидебай батыр маза­рына бұрылыста күтіп алған. Жидебай батырдың бір кезде «Білім және еңбек» журналына шыққан кішірек суреті менде сақталған. Ұрпақтары кейін қазақтың күмбез бейіттерінің, қазақ сәулет өнерінің үлгісімен қайта жаңғыртқан мазары айбынды батырдың дулығасындай сұсты. Мазардың жанында келген-кеткен тәуеп етіп, демалатын тілеуханасы да бар. Кезінде мәрмәрдан жасаған орындықтары да болушы еді, бір абы­рой­сыздың қолында кеткен сияқты. Онан әрі де, өзен бойында Майшора атан­ған қыздың бейіті. Өткен жазда рестав­рация жасалған. Бұл өзі отау бейіт. Сыртқы қабырғадан басқа ішінде отау бар. Іргесіне қойылған көктасқа осы жолдардың иесінің бір шумақ өлеңі жазылыпты.

Ендігі бет алысымыз – Сайлау тас. Сайлау тасқа тіке өтеміз деп жарық­шақ­тарға түсіп, біраз уақытты ұттырып ал­дық. Ақыры оған апарар жолды Ақсу ауылының іргесінен тапқанбыз. Сай­лау тас сонау патша заманында Бес ата­ның болыстарының сайлауы өтетін жер. Кешегі үлкендердің бірі осы сайлау тұмсығын жерге қадаған алып мамонт сияқты тесік таста сайлау өткен, тастың осы тесігінің тұсына есігін қаратып ояз үйін тіккен, есігін екі солдат күзеткен десе, енді бірі Сайлау тас өзеннің бойындағы тас еді дескен. Атақты Түсетай ақын:

«Сарыарқа, сағындым ғой жайлауыңды,

Өтетін сайлаутаста сайлауыңды.

Жаныған тас шарыққа өтпес пышақ,

Қойсаңшы зығырданым қайнауыңды»,

деп Қазақ елінің билігіне Голощекин келіп, қазақтың ғасырлар бойы қалып­тас­қан малын түстіктен терістікке қарай кө­ше жүріп бағатын жолына тыйым сал­ған, қазақтың малын құртып, өзін қо­са қыруды жоспарлаған саясатын әш­ке­релеген.

Қармыс ауылында аздап аялдап, Аманкелдінің үйінен қымыз ішіп, ауыл ортасындағы Ағыбай батырдың анасы Қойсана жатқан жерге тоқтадық. Қойсана анаға кезінде мазар тұрғызған. Отызыншы жылдары әумесер белсен­ді­лер мазарды бұзып, кірпішін мал қо­ра салуға алған. Сол үрдіс кеңес зама­нында жалғасып, есуастау трактористер үйіндінің үстіне тракторын қойып, жылжытып жіберіп оталдыратын орынға айналдырған еді. Айтып, жазып жібердік. Соның нәтижесінде Шет совхозына директор болған Төлепберген мазардың орынын темір шарбақпен қоршаған еді. Бүгінде сол шарбақтың бір шеті дал-дал, тағы да бейіт мал аяғының астында қалыпты. Апыр-ай десейші, осы ауылда бір жанашырдың болмағаны ма? «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін ел емес пе едік...

Аласалау жотаның үстіндегі Есбай пірәдардың мазарына тоқтадық. Есбай орысқа қарсы қол көтерген Саржанмен де, Кенесарымен де байланыста болған тұлға. Осы жотаның күнбатысы жағында Саржан қонған деген жер де бар. Саржан төре осы жерді екі жылдай мекендеп Ақмола мен Қарқаралыға шабуылдап тұрғанын Сырымбеттің Қасымы, Дәлмағанбеттің Тұңғышбегі жыр ғып айтушы еді. Есбай мазары сирек кездесетін сәулет өнері, қамшыдай өрілген өрнек іргесінен төбесіне дейін жалғасады. Әлі аман тұр. Бірақ батыс жағын су шайып барады. Тағы да Есбай пірәдардың ұрпақтарына реніш айтуға тура келді. Біз осы жақсы мұраны сақтауды қашан үйренер екенбіз.

Иір-шиыр дала жолымен Орман батырдың мазарына да жеттік. Мазардың жел жақ беті құлаған. Дулатбек ақса­қал­дың «осы мазар салынғалы 104 жыл болды» деп отырғанын 1956 жылы есті­ге­нмін. Сонда бұл 1852 жылға келеді. Ор­ман батыр Кенесары ханның соңғы ұрыстарына дейін бірге болған адам. Бұл жаққа оралмай Шу бойында дүниеден озып, қарындасы елге әкеліп жерлеген. Дұға оқып отырып баланың алақанындай тасқа көзім түсті. Қоңыр тастың бетінде әлдене жазу әппақ болып жылтырайды. Арабша жазу. Менен гөрі арабшаға аса жетік адам болмаса бірер әрпінен басқасын ажырата алмадым.

Талай тамаша үңгірлер бар шығар, Бұғылыдағы мына үңгір тіпті ерекше. Үң­гірге баратын сай «Серіктің сайы» деп аталады. Бұл атақты Бөденің Серігі. (Құбал белдерді оқыңыз) Соғыс жылдары осы үңгір 17 қашқынға пана болған. Іші кигіз үйден биік. Есігінен жорғалап қана кіресің. Іші тез жылиды, түбінен толмайды. Табиғаттың ерекше сыйы.

Ендігі мақсат, үңіректің асуының маңындағы бір топ балбал тастарға жету еді. Әңгімемен отырып Күнбөпенің бұлағынан өтіп кетіппіз. Қайта айналып соғуға тура келді. Мен білетін балбал тастардың маңында археологтар жүр екен. Қызып жатыр. Егделеп қалған археологтың жүзі таныстау көрінеді. Сәлем беріп, өте шыққам. «Кәмеке, тоқтаңыз» дегенге бұрылғам. «Мен Жолдасбекпін ғой». Құшақтасып жатырмыз. Сонау 90-шы жылдан бері көрісбеппіз. Тосырқап-ақ қалыппын. Іштей ұялып та тұрмын. «Мына жер керемет құрбандық орны болған. Көптен ойымда жүруші еді, биыл ғана ашуға қолым жетті. Ашық аспан музейі болады», дейді Жолдасбек. Жолдасбекпен бірге Темірханның үйінде дәмдес болдық. «Сарыарқа. Тас мүсіндер» атты кітабын сый­ға тартты. Мен де қарап қалған жоқ­пын. Дастарқандас болған Жарықтың әкі­мі Бауыржан әңгіме айтып отырған. Оның сөз саптауы, ұстамдылығы әңгіме өрі­сінің өркендеуіне жақсы шырай берді.

Біз жүріп өткен Бұрма, Ақой өңірлері кешегі КарЛАГ-тың бөлімшелері. Тарихи мұра деген қопарылып, төңкеріліп жым-жылас етілген. Батық ауылында КарЛАГ-тың қопарып тастауынан Батықтың ғана мазарының белуардан келер іргесі ғана қалыпты.

Нілдіде (Өспен) бізді Файзолла қарсы алған. Әкімі Жарас түнде өртте болып, таң ата Қарағандыға аттанып кеткен екен. Нілді ежелгі заманның өзінде осы маңда мекендеген жұрттың мыс өндірген жері. Бір кезде мына Әулиетастың астынан бұлақ ағып жатқан кен орнының бай­лығын білген Н.Ушаков Боздақұлы Қ­арабақсы деген кісіден осы әулие тас­ты 86 күміс теңгеге сатып алған. Бұл жер­ді ағылшындар үлкен кенішке айнал­дыр­­ған. Ағылшындардан қалған бір мұ­ра жер асты қоймасы да болған мага­зин­нен қалған баспалдақ қана деседі. Жұ­мыс­шылардың жағдайын көтеруді талап еткен ерулі алаңында ескерткіш тұр. Сәкеннің музейі де жап-жақсы жабдықталған...

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
​​​​​​​жазушы