Әдебиет • 20 Ақпан, 2018

Есқара атаның аманаты

795 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлытаудың түстігіне қарай қожырай жайылған қырқалы-қолаттың бір биігі Шағырайдың күнгей бетін мекендеген ел ағасы Есқара дейтін бай өткен. Есекең елге сыйлы, ескінің жолын берік ұстанған жан екен. Жарықтық сонау Бұқардан молда алдырып, елдің бала-шағасына хат танытып, шариғат жолына жаттықтырыпты. Жалғыз ұлы Қабдолданы да сонда жіберіп оқытқан. Тіптен, қойшы-қолаңның ақысын жемей, мал-дүниесінің садақа-зекетін елдегі кедей-кепшікке үлестіріп отырған.  

Есқара атаның аманаты

Бірақ өткен ғасырдың бір нәубеті байталау (кәмпеске) науқаны Ерқараны айналып өтпеді. Осындай зауалдың жа­қындап келе жатқанын аңдаған бай бірнеше жылдың алдында сенімді адамдар арқылы үйір-үйір жылқысын Атбасарға саттырып, ол ақшаны алтын-күміс бұйымдарға айналдырып тығып тастаған болатын.

Байдың малын талауға келген белсенділер «жылқыларыңды қайда жасырдың деп әлек салады». Бай айтады:

– Малымның қалғаны осы, сенбесең мына жұрттан сұра, – деп қамшының ұшымен талауға түскен малды қосақтап мәз-мәй­рам болып жатқан тобырды нұсқайды.

Белсенділер «дүниесін жасырды» деген желеумен Есқара мен баласы Қабдолданы айдап кетеді. Сол кеткеннен әкелі-бала­лы екеуі итжекеннен бір-ақ шығыпты.

Тұманға тұншыққан жыныс орман, бесатарын кезенген солдат, дәмі су татыған сұйық көже. Кешікпей ауру мең­деген ақсақал дүниеден өтер болады. Қал үстінде жатқан әке ұлына айтады:

– Балам, бұл жерден аман шықсаң елге барарсың, сен Бұқар кеткенде мен жыл­қыларды затқа айналдырып, күзеуліктегі көң қораның сыр­тын­дағы жықпылды беткейге жасырып едім. Бұл мүлікті сен табасың. Оған еш­қандай күмәнім жоқ. Өйткені мен Алла­ның үкімін қалт еткізбей ықыласпен атқарған адаммын. Мал-мүлкімнің зекетін берерде, ішіндегі жақсысын, сапалысын таңдадым. Жиған дүниеме бір мысқал арам аралас­тыр­ған жоқпын. Мұндай дүние ұрпағыма бұйырмауы мүмкін емес, − деп аманаттайды. − Бірақ − дейді Есқара ата: – сол дүниені сен де адал жұмса!

Қабдолда әкесінің мүрдесін арулап, өзі жаназасын шығарып, татар зиратына жерлейді. Күндердің күнінде бостандық алып еліне келеді. Заман өзгер­ген, халық колхоздасқан, ескі көздердің көбі жер ауып кеткен... Әділ дейтін жамағайыны колхоздың қойын бағады екен. Соның үйінде көмекші шопан атанып жүріп жатады. Бір-екі жыл өткен соң, елдің жай-жапсарына қанығып, қолына құжатын алып, өзі білетін Бұ­қар жаққа кетуді ойлайды. Бі­рақ әкесінің қал үстінде жатып айтқан «мал-дүниеме бір мысқал арам араластырған жоқ­пын. Оның ұрпағыма бұйыр­мауы мүмкін емес...» дегені кө­кейінде жаң­ғырып тұрды да қойды.

Содан бір күні таңнан тұрып, дұға-тілегін жасап, әкесі ама­наттаған дүниені із­деп шығады. Күн көтеріле көң қораны табады. Жайылып жатқан жықпыл тастар. Мұның қай жерінен іздемек. Дағдарып тұрғанда қар­сы алдына кішкентай торғай келіп қона қалмасы бар ма. Шырылдаған даусы жы­лаған балаға ұқсай ма қалай...

Бір аттап еді торғай ұшып барып әудем жердегі тастың үстіне қонады. Қабдолда таяп барса тағы ұшады. Бірақ ұзап кетпейді. Осылай торғай ұшады, қонады, Қабдолда қалмай ереді... Мұнда бір хикмет барын Қабаң да түсіне қояды. Торғай ұшып барып жалпақ тастың үстіне қонады да, «мен міндетімді атқардым» дегендей, аспанға шаншыла көтеріліп, жоқ болып кетеді.

Қабдолда жалпақ тасты қопарып қалса, астында құрым киізге ораған әкесінің дүниесі жатыр. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді», деген осы екен-ау. Кешікпей Қабдолда Есқа­ра­ұлы елімен қоштасып Бұ­қар жаққа көшеді. Сонда жүріп үйленеді, тұрмысы жаман болған жоқ, 1970 жылдары дүниеден өткен екен, ұрпа­ғы тәуелсіздіктен кейін елге орал­ды. Қазір бәрі үлкен кәсіп иелері.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»