21 Ақпан, 2018

Қайтқан малда қайыр бар

1398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осының алдында газет бетінде жарияланған «Бай бол­­саң, халқыңмен бол!» атты мақа­ламызда («Егемен Қазақстан», 09.02. 2018 жыл) меншік иелері­нің елімізден астыртын жолдар арқылы шығарып әкетіп жатқан капиталының түбі оларға қайыр бермейтіндігін, қазіргі күні Батыс әлемінде жүріп жатқан саяси-эко­номикалық үдерістердің екпі­німен бұл қаржылар сол жақ­тың өзінде ерте ме, кеш пе, қақпан­ға түсірілетіндігін, ал оның идеологиясы қазірдің өзінде әзір екендігін жазған едік. 

Қайтқан малда қайыр бар

Біздің осы болжамымыз расқа шығатын түрі бар. Осының жар­қын мысалының бірі ретінде Ресей­ден ұрланып-жырланып, шетке шы­ғарылып әкеткен қаржылардың өткен жылдың соңынан бастап ерікті түрде елге қайта әкеліне бастаған­дығын атап көрсетуге болады. 

Өткен аптаның басындағы баспасөз мәслихатында Sberbank Private Banking (бұл – салған қаржысы кемінде 100 млн рубльді (1,72 млн долларды) құрайтын бай клиенттердің қаржысын басқару ісімен шұғылданатын мем­лекеттік банк бөлімшесі) басшысы Евгения Тюрикова үстіміздегі жыл­дың қаңтарында банкке құйылған шет­елдік қаржы көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда үш есе өскендігін мәлімдеді. Қаржының басым бөлігі Швейцариядан әкелініпті.

Өткен аптаның сәрсенбісі күні ресейлік «Альфа-капиталдың» бас директоры Ирина Кривошеева да тағы осындай мәлімдеме жасап, қаңтар мен ақпан айының басында бұл қаржы ұйымына құйылған қар­жы көлемі рекордтық деңгейді көрсе­тіп, 11 млрд рубльді (190 млн доллар) құрағандығын айтты. Бұл – өткен жылдың осы мерзіміндегіден төрт есе көп қаржы.

Ал «Атон» инвестициялық компаниясы мен мемлекеттік банктің бай клиенттердің қаржысын басқару ісімен шұғылданатын тағы бір құрылымы – «БКС Ультима Private Banking» бөлімшесіне ақша қаражаттарының келуінің артуы жыл бойы байқалған.

«Өткен 2017 жылды бүтіндей алғанда, клиенттік белсенділік күрт артып, қаржының келуі рекордтық деңгейде болды. Өсім көлемі 53 па­йызды құрады. Соның ішінде 10 млн доллардан басталатын шоттардағы ақша қаражаттарының өсімі 67 па­йыз болды», деп мәлімдеді «Атон» ин­вестициялық компаниясы бас ди­ректорының орынбасары Григорий Седов.

Бұл мысалдардың барлығы ресей­лік байлардың шетелге салған ақша қаражаттарын қайтадан елге әкеліп жатқандығын және мұның жаппай сипатқа ие бола бастағандығын көр­сетеді. Енді осы үдерістің одан әрі өріс алуына қолдау білдіру үшін Ресей үкі­меті үстіміздегі жылдың нау­рыз айы­нан бастап капиталға кешірім жа­рия­лау­дың жаңа кезеңін бастамақ.

Ресейлік байлар шетелдердегі өз қаражаттарын неліктен қайтадан елге әкелуде? 

Қаржы саласының сарапшылары аталған үдерістің басты себептерінің бірі ретінде АҚШ тарапынан дербес санкциялау қатерінің күшейгендігін айтуда. 

Мұның сыртында Батыстағы банк­тер соңғы кездерден бастап «өз клиентіңді тани біл» қағидатын не­ғұрлым белсендірек қолдана бастаған. Олар енді өздеріне келген бай клиент­терге капиталдың шығу тегі туралы сұрақтарды да бұрынғыға қара­ғанда ашығырақ қоятын бол­ған. Ал санкциялардың күшейтіліп, «кремль­дік тізімнің» әзірленуі мұндай тек­серістерді одан әрі тереңдетпесе, азайт­­пайтыны айқын.

Банктер қызметкерлерінің пікі­ріне қарағанда, ресейлік байлар өз­дерінің шетелдерден қайтарып алған капиталдарының басым бөлігін обли­гацияларға салып жатқан көрінеді. Енді біраз бөлігі акциялар, бағалы металдар сатып алуға, құрылыс салуға жұмсауда.

Қазіргідей санкциялар заманын­да Қазақстаннан қыр асып кеткен капиталдардың түптің-түбінде олар­дың иелері үшін қайырсыз болып шы­ға­тындығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та ескертіп, осы жағдайдың жолын кесу үшін қажетті заңдарды әзірлеуді өткен жылдың желтоқсан айында Үкіметке тапсырған болатын. Әзірге Қазақстанға қайта оралған қаржы туралы нақты бір мәліметтер жоқтың қасында. Бірақ Ресейдегі үдеріс көп кешікпей бізде де басталады деген үміттеміз. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»