Әдебиет • 21 Ақпан, 2018

Әдебиеттің әңгімесі: Тәкенге оралу

564 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың сек­сенінші жылдары әдебиет сүйер қауым аузынан Тәкен Әлімқұлов есімі әрдайым түспей, қас шеберлігіне таңырқап, таңдай қағатын әдет­терінен әсте жаңыла қоймайтын. Пысықтау талапкерлердің кейбірі әңгімесіне қолдау қол­таңбасын алып, қоштау сөзі арқылы жарияланып үлгергенін көзіміз көрді. Солардың қаншасы жазушы санатын құрғанын қазір кім білсін, әйтеуір «Жұлдыз» журналынан «Сейтек сарынын» оқушы кездің өзінде кезік­тірген бойда бас алмай оқып шығып, жайлау қойнауына сыймастан албырттанып керемет алып-ұшқаның есіңде. 

Әдебиеттің әңгімесі: Тәкенге оралу

Адам жаратылысы бәрін ұмытып қалатын әдеті ме, әлде алғашқы қабылдаудың ыстық табы басылып, қилы-қилы өмір сынын өткерген сайын ерік-жігеріңнің жүзі қайтып, жасық тартасың ба, міне, сондай ерекше күйге тап қылған кісіңді алғаш жолықтырған сәт күні бүгінгідей көз ал­дыңда. Сырттай оқитын сабаздар топ болып Алматы сыраханасының біріне шөл басу үшін жолай соға кететінбіз.

Араның ұя­сын­дай гүжілден құлақ тұнып, тұс-тұстан шығатын дауыс­тардың кейі өктем, өзара тілдес­кендердің енді бірінің дыбыстары алысқа ұзай қоймайтын ұяңдау. Қызара бөртіп алған кейбіреулер ұрынарға қара тап­пағандай алақ-жұлақ етіп, атырыла шақшиып қарайтынын аңдайсың. Назарларына түйісіп қалмау үшін өзіңді пәс ұстап, бәсең тіл қатқаннан артыққа бар­мастан сақтанып бағасың. Міне, сол кезде бөрене тіреуішке жанамалата орнатылған үстелге ыдысын қойып, ұзынша орын­дыққа жайғасып ап осынау ыр­ду-дырдуға зер салмаған күйі өзімен-өзі саяқ отырған адамға кенет көзіміз түсті. Жазу-сы­зуына біраз қанық кісінің бітімі жатырқатпаса да, сопақтау ұзын­шақ кесек пішінінен қоң­қақ мұрны бөлекше зорайып көрінетінін аңдадық. Нұры жұмсақ қоңырқай көзін бадырайта іркілте қадалып барып, самарқау салғырт райда назарын баяу бұрып әкететін әдеті еріксіз тосылта ма, әлде қайтеді, біршама жүрексіне кі­дірдік. Қарасөзін былай қойғанда әдебиет турасындағы тұжырымдары имендірмей тұрмайтын бұ кісінің әлгін­дей қылығы түрімізді көріп қалжамыздан түңілген назыр­қану мен азырқануға ұқсай­тындай.

Қасына жақындап, тіл қатудың өзіне батылымыз бармай бөгеліп қалғанымыздың себебі де сол еді. Қоңыр үнін соза ақырын шығарып, жөн-жосығымызды сұрады-ау, шамасы. Әуірі басыла қоймаған албырттау шақтың делебесі қозбай тыныш тұра ала ма, өлең жазатыныңды құлақағыс қып үлгердік-ау, әйтеуір. «Оқышы» деген ишарасын елеусіздеу жасаған сияқтанды. Дереу заулата жөнелдік. Қарсы алдына қасқая қарап бөгелгенде өң-түсінен әсер бояудың жұқанасы да сезілместен; «Ұзады емес, ұзатылды ғой» деп құлықсыз тіл қатқаннан басқа артық сөзге бармай тұқшиып отырды да қойды. Тәкен Әлімқұловтың өз тілімен айтқанда сұрайтынды сұратқызбайтын шәргездеу қылық рухани тәжірибенің аздығынан шығар, бәлкім. Өйткені ол кездегі бітім-бол­мысы сергек, толымы мен болымы кемел, қиядағыны қияннан шалатын шалымы мен алымы жетіп артылатындай көрінген. 

Өткен ғасырдың сексенінші жылда­рының бас шенінде жастар газетінің редакциясына да­мыл-дамыл бас сұғатын Тә­кен Әлімқұлов тұрпаты сонау жыл­дары кезіктірген бейне­сіне мүлде қереғар, адымы қып-қыс­қа, соның өзін ауырсынатындай сүйретіле ілбіп басады. Әлденеге ашулы сыңай­да түксиіп кіріп келеді де, ама­ныңа селт етіп қабағын керместен айбақ-сайбақ жазылған қолжазбасын алдыңа тастай салады. Қолын айырып танып әуелі оқып болғанша біраз уақыт озады, бірақ мына кісі сазарып отырған қалпы төрелігін тапжылмастан күтеді.

Ол кезде әдебиет бөлімінде қызмет ету екінің бірінің маң­дайына жазыла бер­мейтін ырысқа баланатын. Соны малда­нудың астам­шылығы немесе суреткер қадіріне жете қоймаған мәде­ниет шіркіннің жетімсіздігі шығар анау-мынау емес Тәкен Әлімқұловтың өзіне шімірігіп қоймастан: «Мынауыңыз очерк іспеттес екен, басқа бөлімге апарыңыз», дедім де бетіне бедірейіп қара­дым-ау, шамасы. Мұндай оқыс­тықты күтпеген ол көзін кең аша абыржулы кейіпте жабырқау тіл қатты. «Қазір өмірдің өзінен алынып жазылған жайлар әлдеқайда өтімді. Мәскеу жазушыла­рын оқымайсың ба?» Ең таңда­нар­лығы, Тәкен Әлімқұлов шам­шыл мінезден ада, мұндайда өр­шіп өңмендемейтін нәті жуас қалпынан айнымағаны тұрсын, өзгенің пікірін құр­мет­теу ұстамы бойынша әріп­тес қаламгерлердің біріне де ұқ­самайтын қасиетін дәл сол арада аңдатып өтке­нін байқамаппын, тіпті. Отыр­ған орынның болымсыз жауап­кершілігін әлдеқандай көріп, өмірдің өтпелілігін сезі­ніп қоймаған есерлеу кездің өктем нойыстығы есіңе түскен сайын ұяласың бәрібір. Бір ғана шығармасымен қойлы ауылда өтіп жатқан елеусіздеу балалық шаққа жан шуағын сыйлаған шарапатын еселеп қайтарудың орнына – кесім айтып кекірейгенің қай бір жарас­ымды, есіңе алып елестетіп көр­ген сайын амалың бітіп, шара­сыздыққа тап болатының бар.

Қазақ жазушыларының шы­ғар­ма­шылық ізденісінің бастау көзіне үңіліп, үйренген мек­тебінің төркінін тап басып айы­ру барысында әңгіме Тәкен Әлімқұловқа тірелген кезде бірден жауап қата алмай еріксіз іркілесің дегенге ұқ­сас сөзді кезін­де Тұрсынжан Ша­пайдың айтқаны мұн­дайда жадыңда жаңғырып тұрады да қояды. Оқуы мен тоқуы өзіңнен анағұрлым ілгері, ұшқа­рылық дегенге әстінде аттап басып бара бермейтін дос-іні­нің бұл тұжырымын әрі қа­рай өзіңше өрбітіп бақсаң, Тә­кен Әлімқұлов жазушылығы қазақ қарияларының әңгімешіл дәстүрінен көп алыстамағанын байқайсың. Баяндау ағысы алып-ұшпастан баяу басталып, сыңғыраған сарын үзілместен діттеген тұсына жетіп сәл тыныстап, болымсыз үзіліс жасап алады. Оның және қызуы бойында со күйі тұрған ауысым иірімінің толқынысын сабырға жеңдірген сәті шалдардың ауызша әңгіме айту тұрғысын есіңе салып өтеді.

Қысқа қайырымына әуелі тұшынбағандай олқы сезіністен арылмай тұрғанда – тыңнан қосылатын сарын әуелгі халді ұмыттырып, еліктіре жетектеп әкетеді. Айналадағы қоз­ғалысты қамтып үлгеріп, бір-екі ауыз сөзбен бейнелер кей­пінің тірідей елесі көке­йіңе орнығып, басқалаларға шатастыр­май әрдайым айыра аласың. «Ақбозат» сынды ірі шығармасының желісінде дәл осы уақытты баяндағанда көп жылдар бұрынғы оқиғаны қаба­ттастырып, жанамалата ілестіретін желісінің табиғи­лығына еш нұқсан келе қой­майды. Мұндағы ұрпақ алма­суының өзінде әр кезеңнің жас­тық шақтары параллель алына отырып, махаббат пен ғадауаттың күрделі түйіндері шаң берген сайын Тәкен Әлім­құлов қарымы көркем талдау­дың тереңдігіне шоласы жетпей қалатындай көрінеді.

Сөйте тұра «Ақбозаттың» кейбір иірім­дерінің иіні қанбағандай қабылданса да, оқушыны тартатын қуатының сонылығы қатты таңырқатады. Қайта «Сейтек сарынындағы» күйші қарияның ұлттық тініндегі жұмбағы ашыл­маған күйі қалғандай. Бұл хикаят лебінің кісіні үйіріп әкетуі алдыңғыдан анағұрлым ша­лымды. Өмірбаяндық сарынын аңғартып өтетін осы шығар­маның өн бойында балаңдау ком­поненттер әредік бой көр­сетіп қалатыны бір жағы қы­зық та. Онысы аса оғаш көрін­бесе де, жазушының бұл хи­каятқа келу тұрғысының ахуа­лы адамды алаң қылып тұратыны ашылмаған сыр барынан хабардар ететіндей. Өйткені жазушы кейіпкеріне жаны ашып, бүйрегі бұра жақсы көретінін әрдайым сездіріп қояды.

Тәкен Әлімқұлов қазақ күйі бейнесін қарасөз арқылы же­ріне жеткізе бедерлесе де, өзі шертіп я шалудан махрұм көрінеді. Сапарлас інісі академик Рахманқұл Бердібаевтан бірде домбырасын тастамай алып жү­руін өтініп, ұзара түскен жолдың бойында үздіксіз тарттырып қойып, ұйи тыңдаған сәтінде тебіреніске толы ажары көрнеу көзге ұрып шыға келетін еді дейді.

Бір уақыттарда серпіле сілкініп алып Тәтімбет, Сүгір күйлерін ауызбен уілдетіп күңіренте жөнелгенде – аспап үнінен бір кем соқпайтынын қайран қала баяндап тұрып, бай­қамастан өзі де қосылып кетіп еді академик жарықтық. Күй тақырыбын қаузаудың мұн­шалықты тұрлаулы ерек­шелігі қазақ қарасөзінің ырысына бұйырған несібе екенін кейінгілер бір мезгіл парыз тұр­ғысында жүгініп қой­ғаны абзал-ау. Өйткені Тәкен Әлімқұлов табиғаттың ұлтымызға сыйла­ған аса жомарт сыйы, қазақ саха­расының өрі мен ылдиы­н, шөлі мен көлін, даласы мен құмын қаламына алаламай кіріктіріп, тұтас әлем жасап, соңына өлмес­тей мұра тастаған бірегей жазушы сирек-ау. 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ