Әдебиет • 22 Ақпан, 2018

Бибім. Бикен. Би-апа

550 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» (Абай) деп атыма затымды сай етейін, кісілігімді кішілігіммен көрсетейін, алдыңғы толқынға жұғымды сіңілі, кейінгі толқынға аяулы әпке болайын деген қанатты арманын өмір бойы қағидасына айналдырған, сол жолдан таймай, барға тасып, жоққа жасымай, пенделікпен пейілін тарылтпай, жан-дүниесі мәуелі бәйтеректің жасыл жапырағындай болып мына бұралаңы, бұлтарысы көп фәни дүниеден ана әлемге 41 жасында өте шыққан Бибігүл Мәтенованың болмысы бөлек еді. 

Бибім. Бикен. Би-апа

1971 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне 41 жігіт 9 қыздың бірі болып оқуға түсіп, табыса келе Бибігүл ірі болып шықты. 49 қыз-жігіттің қамқоршысына айналды. Тіпті бүкіл университеттің үлкен-кішісі Би-апа деп кетті. Қаһары қатты профессор Темірбек Қожекеевтің өзімен Темке деп сыйласып, әр студенттің туын көтеріп «жандарым» деп қамқоршысы болып жүретін. Өз курстастарын былай қойып, білім ордасының кәсіподақ ұйымы көшбасшыларының бірі ретінде, университет жастарының Би-апасына айналғанын қайтерсің. Сыр бойынан оқысам, еңбек етсем деген жастардың дені Би-апаны жағалаушы еді. Былайғы жұрт сабақ оқып сабылып жүргенде ол жұрт тірлігін атқаратын. Сынақ қарсаңында 49 курстасын бөлмесіне жинап алып емтихан билеттерін қайталап, кейбір студенттердің жағдайына қарай стипендиядан «қағылмау» жағын ойластыратын.

Сол Би-апа атына қарай билік те айта білетін, аналық, апалық кемелдігін де көрсетіп жүретін. Ешкімді жатырқамайтын. Жаттың өзін жақын, алыстың өзін бауыр ететін. Тіпті осындай қасиеттерімен аңызға айналған тұстары да аз емес еді. Бүгінгі заманда ондай көпшіл адамның болуы мүмкін бе дейтіндер табылса, оған төмендегі ұлт арыстарының тілек-ниетін оқығанда көз жеткізуге болады. Би-апа кештеу тұрмысқа шықты. Бірақ ақ ниетіне, ақықтай мөлдір көңіліне қарай Кенжебектей жарға қосылып, Тәңірім Армандай ұл берді. Сол бір кездегі шалқар шаттығы Қызылорда мен Алматыны біраз дүрілдетті. Кезінде екінің бірінің қолы жете бермейтін «Қазақстан» қонақүйінің көгілдір залында үйлену тойлары өтті. Асабалық қызметті Манап Көкенов пен Тоқсын Құлыбеков атқарып, төрде ұлт анасына айналған Сәбира апа Майқанова, бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенова, өзге де өңкей ығай мен сығайлар отырды. Осыдан-ақ оның ұлтқа тартып туған жақсы қасиетін көруге болады. Курстасы, әрі замандасы Би-апа от жағып, отау тіккен соң ұлды болып өрісі кеңейіп, сол ұлын арқалап келе жатқанда қазақ журналистерінің белді өкілі Ержұман Смайыл «Ойбай-ау, Би-апа, мына батырды жетекке алмайсың ба?» деймін ғой. «Мұны көтеріп жүрудің өзі бақыт қой, деген еді жарықтық» деп еске алады. Осы сөздердің астарына үңілсең көп жайды ұғасың. Бибігүл Мәтенова жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Қазақ радиосының шетелге хабар тарататын редакциясында қызмет етті. КСРО жарылқап жатыр деген ниеттегі хабарының өзінде қазақ тілі мен ұлт дәстүрін, дін жайын ептеп қозғап жүргенін жұрт білсе керек. Ұлттық рухы мықты еді.

Ардақты Бибігүл апасы (Төлегенова) Бибім десе, асыл ағасы Нұржұман (Ықтымбаев) Бикен, ал замандастары Би-апа деді. Бибігүл жер басып жүрсе биыл жеті белеске көтерілер еді. Иә, өзі кеткенмен артында сөзі, үлкенге де, кішіге де қамқор болған ісі, Армандай көзі қалды. Сол аяулы жан туралы қазақтың екі өнер саңлағы ағынан жарылып, шын ниеттен сөз арнаған екен. Жақсылардың айтқаны Бибігүл Мәтенованың қандай аяулы болғанын ғана көрсетіп қоймайды, қазақта да осындай көп үшін жаралған, бірақ дегеніне жете алмаған қыз өтіпті-ау дегізері хақ.

Ұшып жүріп, ұшты да кетті

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері

Қарапайым тілмен айтқанда Бибігүл сіңлім алдында бар, артында жоқ дегендей, ақкөңіл адам еді. Бойындағы бір ғана кемшілігі, елдің бәріне көмектесетін, ешкімнен көмек сұрамайтын. Қанша жыл араласып жүрдік, өзі үшін бір нәрсе сұрағанын көрген емеспін...

Қашан болса да есіктен жарқылдап келеді де, сөздің басын «Қандай жәрдем берейін» деп бастайтын. «Айналайын, сенің онсыз да көмек беретін адамдарың жетеді», деймін. Оның да жауабы даяр: «Біз енді сіздей адамға қол ұшымызды бермесек не үшін жүрміз», деп елпеңдейді. Екеуміз үйдің ұсақ-түйек шаруаларын реттеп, жайланып отырып, шай ішеміз. Еркелеп жүретін.

Алайда жылы қарайды екен деп, қайта-қайта келіп жалықтырмайтын. Менің өнерден басқа да қыруар шаруам бар екенін түсініп, күнделікті тұрмыстағы тауқыметтерімді бөлісуді борыш санайтын.

«Бибім-ау, тұрмысқа шығуды ойласайшы» деймін. «Апау, мұндағылар қарамайды, ауылдағыларды менсінбеймін» дейді. «Қой, жүре берме, ертең өкінетін жасқа келіп қалма!» деймін.

... Бір күні «Апа, мен күйеуге шығатын болдым», деп келіп тұр. «Е жақсы болған, айналып кел­генде, енді адам болдың», дедім. Көп ұзамай күйеуі Кенжебекпен таныстырды.

Күндердің бір күні: «Апа, сүйінші, ұлды болдым» десе, баласын көтеріп келіп, сап-сары бауырсақтай бөпесін көрсетіп, тағы да қуантты. Соң­ғы рет келгенде жүзі солғындау көрінді, біраз отыр­ғаннан кейін денсаулық жағдайын қоз­ғады. Сыр­қаттан ба, уайым басым сияқты. «Апа, ауру­ха­наға жатайын десем қорқамын, балам кіш­кентай ғой, қартайғанда туғандықтан ба, еш­кімнің қолына қиғым келмейді», – деп мұ­ңая­ды.

Бірер күннен соң, ауруханадан телефон шалып, «Мен қатты ауырып жатырмын, жағдайым өте қиын», – деп күрсінді. Бибігүлдің дауысындағы бұрын-соңды болмаған толқуды сездім... Ажал аяқ астынан келе ме, кімнің бүйрегі ауырмаған. Жарқырап жүретін ақ маңдайлыға сұқпа тиді ме, қайдам.

Қаралы хабарды естігенде, төбеден жай түс­кен­дей «Қай Бибігүл» – деп абдырап қалдым. Мәтенова Бибігүлден осынша тез айырылып қаламын деген ой үш ұйықтасам, түсімде жоқ еді. Аппақ сазандай болып, жарқылдап, аңқылдап жүрген адам, аяқ астынан кетті де қалды. Ұшып жүріп, ұшты да кетті.

Иә, Бибігүл ешкімге ұқсамайтын қасиетімен кетті. Мүмкін, шаршатып жібердік пе, әлде ол дүниеге де жақсы адамдар керек пе екен. Ең өкініштісі бір жалғызының қызығын көре алмағаны. Өзекті жанға бір өлім бар екені ақиқат. Сол Бибім, жанымды ұққан сіңілім, міне, жетпіске де жетіпті-ау!? Зулаған уақыт-ай десеңші!

Болмысы берекелі еді

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Ата-бабадан қалған сөз бар ғой, алыстағы ағайынның аты озғанша, заманға қарай икемдеп – көршінің тайы озсын дейікші. Одан кейін үй салардан бұрын көршіңді таңдап ал деген және бар. Алла тағала маған бұйыртып еді сол көршіні. 1989 жылы жаңа үйге көшкен кезде көршінің бәрі мықтылар болды, министрлер, генералдар... Ала қарға сияқты мен ғана қалатын болдым-ау деп ойладым. Алған үйіміздің есігінің алды ай тақыр еді. Жеңіс мерекесі қарсаңында, 7 мамыр күні сол айтақырға ағаш отырғыздық. Бір түп жаңғақ ағашын Президенттің сол тұстағы кеңесшісі Алексей Штопель екеуміз ектік. Галстук таққан өңкей мықтылар тал еккен бізге жапырыла амандасып өте шығады. Солардың ішінен етжеңділеу келген бір әйел, кейбір «қызық» қарап тұрғандарға «Былай тұрыңдаршы, ағамен өзім бір құшақтасып амандасайын!» деп келіп көлемді құшағына алды. Бұдан оның шын пейілі, ынта-шынтасы көрініп тұрды.

«Аға, қай пәтерде тұрасыз?» дейді. «Бірінші қабатта. 21-ші пәтердемін» дедім. «О, онда Сізге қарама-қарсы пәтер біздікі», деді. Ол кезде үйдің бірінші қабаты қазақтың еншісінде болатын. «Айналайын, қай жақтан едің?» дедім. «Аға, түп-тамырым Қызылордадан, қоңыраттың қызымын» дейді. «Ал менің анам, сол қоңыраттың қызы. Сен менің нағашым болдың!» деп арқа-жарқа араласып кеттік.

Мен Бибігүлді Бикен деп кеттім. Бикеннің жүрген жері дария, көңілі кең болатын. Алла тағала керемет адамды кең етіп жаратады екен ғой. Бикен сондай кең еді-ау! Шетелдің бәрін араладым ғой, сонау солтүстік мұзды мұхитқа дейін барғаным бар. Жапония, Америка, Голливудта киноға да түстім. Сол сапарларда әйел затына қараймын ғой. Қазақ әйелінің бөлек екеніне көзім жетеді. Әйел елдің, жердің берекесі, бірлікті ұстайтын әйел заты, еркек мықтымын десе де, әйелге бағынады. Қараймын да ойлаймын, тәуба, тәуба қазағымның қыздары-ай, тарихтағы апаларымыз, қарындастарымыз қандай?! Мына Бибігүл, Бикенге пара-пар тең келер әйел заты жоқ. Бірде «Аға, галош киіп, дәліз арқылы есіктен кіргенше, қабырғаны тесіп үйдің ішінен әрі-бері жүрейік те», дейді. Мен ішек-сілем қатып күліп жатырмын. Киноға түсуге кетіп бара жатсам, «Аға сіз кетсеңіз бүкіл осы «Самал» шағын- ауда­ны, аула қаңырап бос қалатындай болады, кет­­пеңізші!» дейді ғой. Бір күні екі қолында екі сөм­ке үйге келе жатыр. Бүйрегі ауыратынын есті­ген едім. «Бикен-ау, маған бер деп, сөмкелерді қолы­нан алдым. «Бұл не зат десем, аға бәрі қоныс тойын той­лап жатыр, бізде де той болу керек қой!» деді. «Жоқ, мұндай заттарды біз Кенжебек екеуміз әке­леміз» деймін ғой мен.

Содан тағы киноға түсуге кеттім. Келсем, Бикен ауруханада жатыр дейді. Шолпан: «Бүйрегі сыр беріпті» дейді. Содан 3-4 күннен кейін жаман хабар келді. Шоқпармен бастан бір пергендей күн кештім. Бикеннен айрылғанымыз – берекеден айырылғандай болды. 40 пәтерде тұратындардың басып қосып жүрген Бикен еді.

Ол өмірден қайтқанда Арман 5 жаста болды. Үкілеген ұлы сол Арман үнемі айқайлап, еркелеп жүретін. Бикен, «Осы ерке-шолжаңдау болды, қызығын көрер ме екенмін?» дейді. «Неге көрмейсің, көресің» дейтін едім мен. Бикеннің тұла-бойында қазақ қыздарының басында бар барлық жақсы қадір-қасиет жиынтық тапқан. Бүгінгі күні, әрине Бикенге ұқсайтын әйел заты бар шығар. Бірақ оны терең үңіліп, зерттеп көргенде, көзің жеткенде ғана «иә» деп айтарсың. Шіркін, Бикен тірі болса, сол асыл қасиеттерін кейінгі сіңлілерінің бойына сіңірер еді-ау! Өкінішті өмір, қысқа ғұмыр деген осы. Арман өс­ті, ержетті, Мәскеуде қызмет етеді, анасына ұқ­са­ған ірі, етжеңділеу, тегіне тартпай қоймайды ғой. Бұған да шүкір.

Жазып алған

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»