Өнер • 22 Ақпан, 2018

Бейнелеу өнері: сыр мен сын

1859 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Кез келгеннің ырқына көніп, ыңғайына жығылып, сыдырта оқылып кете баратын оңай олжаңыз бұл емес. Суреттің тілін түсіну үшін балаңыз кішкентай күнінен осы өнердің қыр-сырына қанығып өсуі керек, деп санайды режиссер, тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Көркемсурет академиясының академигі, Суретшілер одағының мүшесі Жанұзақ МҮСӘПІР. Төменде қылқалам шебері өзін толғандырған өзекжарды өткір мәселелер туралы әңгімелейді. 

Бейнелеу өнері: сыр мен сын

Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

– Жанұзақ Керімбекұлы, кешегі Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, т.б. тарихи тұл­ға­лар­дың бейнесін қайта жаң­­ғыр­тып, шығарма­шы­лы­ғы­ңыз­ға арқау етуіңізге не себеп болды?

– Өмірде шын болған тағ­дыр­лар туралы жазуға сурет­ші­лер кәдімгідей қиналады. Өйт­кені олардың ұрпақтарын тауып, арғы-бергі тарихтан қаузап мә­ліметтер жинау, музейлер мен ар­хивтерге сабылып, тың деректер іздеу адамның көп уақытын алады.

Ақпарат саласында жұмыс істеген­дік­тен бұл идея үнемі ойымда жүретін. Мысалы, Бұқар жырау, болмаса Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді алайық. Олардың қанатты сөздері, ғибратты әңгі­ме­­лері ауыздан ауызға тарап бү­гін­гі күнге жеткенмен, жанды бей­несін көз алдыңызға елестете алмайсыз. Бірде осы Балуан Шолақ бабамыз туралы әріптесім арнайы репортаж дайындады. Содан соң әңгімелесе келе балуан бабамыздың бейнесін еш жерден таба алмай қойдық, энциклопедиядан, әдебиеттерден іздесек графикамен салынған тек бір ғана суреті қайталана береді. Мұнысы бейнетаспаға жазуға онша келмейтін сыңайлы, деді.

Графика дегеніміз қарын­даш­пен тұлғаның сұлбасын жай ғана ұқсата салу ғой. Ал бейне­леу өнерінің ерекшелігі, аты аң­ғартып тұрғандай, жанды бей­не­ні көз алдыңа әкелу деген ма­ғы­­наны білдіреді. Сіз онымен емен-жарқын ақтарылып әңгіме-дүкен құрып отырған адамдай сезінесіз, яғни динамикаға өте жақын. Бейнелеу өнеріндегі портретті жазу дегеніміз, шоқ­тығы биік, күрделі жұмыс. Порт­рет әдебиеттің күрделі жанрына ұқсайды, ұстыны романмен бара­бар дүние деп есептеймін. Зерт­теп, зерделеп, туындыны жазу­ға бір-екі жыл керек, тіпті одан да ұзап кетеді.

– Балуан Шолақ баба­мыз­дың портреті қалай дүниеге келді?

– Ағайындарынан, көнекөз қария­лар­дан сұрастыра келе қа­зіргі Ақмола облысындағы Ақкөл ауылында бұл кісінің ұрпағы тұ­ратынын естіп, ол кісілерді арнайы Астанаға шақырдық. Келді. Мен ол кезде «Білім және мәдениет» телеарнасында қызмет істеп жүрген болатынмын. Сонда Балуан Шолақтың баласы Құдайбергеннің кіндігінен тарайтын тікелей ұрпағынан 1960 жылы туған Шайдолламен жолықтым. Құдайбергеннің он шақты баласы бар десек, соның төртеуі сонда тұрады. Ең үлкені Аян апамыз. Шын есімі Әйбат Құдайбергенқызы. Сексенді алқымдап қалған кісі. Шайдолла Құдайбергенұлы Астанада тұрады. Ол кісінің бір фотосы сақталған, бірақ ала­сапыран заманда қайда қалып қой­ғаны белгісіз. Түрлі-түсті қа­рындашпен апыл-ғұпыл са­лын­ған бір суреті бертінге дейін сақталып, энциклопедияға, бар­лық әдебиеттерге жалғыз порт­реті енген. Ол картинаны сурет­ші Құдайбергенге қарап отырып салса, ал мен оның ұлы Шайдоллаға ұқсатып бедерледім. Бірақ екі суреттен айтарлықтай алшақтық байқала қоймайды.

– Мұның алғашқы нұсқа­сы­нан ерекшелігі неде?

– Балуан Шолақтың бір ерекшелігі мойыны жуан, қараторы, сымбатты кісі болған. Кеуде мен мойын тұтасқан кесек кескінді келістірудің өзі қиын да ұзақ еңбек. Білетін жұрт бүгінгі заманның адамы болғанмен Шай­долланың түрі, көзі атасынан аумайды, ал өзі әкем атама қатты тартқан, дейді. 2014-2015 жылдары бұл туындым Тәуелсіздік сарайындағы көрмеге қойылды. Бала-шағалары, ұрпағы түгел келіп көрді. Рахмет айтты. Қуан­ды. Мен бейнелеген баба­мыз­­дың осы портреті бүгінде Астана көшелерінің бойындағы шыны тақталарда ілулі тұр.

...Бірде Жамбыл музейіне бас сұқтым. Өйткені бұл кісі­нің Жамбыл бабамызбен шығар­ма­шылық байланыста болғаны мәлім. Жыр алыбының жанына балуан бабамыздың осы портретін қатар іліп қойғанын көріп, қуандым.

– Тарихи тұлғалардың бейнесі қандай деректерге сүйеніп салынады?

– Үш бидің кескін-келбеті жұрттың санасына Тоқболат Тоғысбаев ағамыздың порт­ре­тімен шегеленгені мәлім. Та­ны­мал суретші үш бидің бей­несі үшін көптеген тарихи құжат­тар­мен танысып, құнды деректер іздеді. Тағы бір айта кететін жайт, қазір елімізде Суретшілер одағының 1250-ге жуық мүшесі бар. Жазушылар одағының мү­шесі 780-ақ. Осыдан-ақ Сурет­ші­лер одағы қарым-қабілетінің қан­ша­лық өскенін бағамдай беріңіз. Өйт­кені Астана қаласының өзінде 110-нан аса мүшесі бар, ал 2009 жылы осында қоныс аудар­ғанымда олардың саны елуге жетер-жетпес қана болатын. Қазір олардың саны екі есеге көбейді. Соның нәтижесінде әр өңірдегі танымал тұлғалардың та­рихи портреттерін түгендедік. Ал соңында іздеушісі, айтушы­сы жоқтықтан ұмыт қалып қой­ған­дары да баршылық. Мысалы, Ықылас Дүкенұлына қатысты де­рек­терді екі жыл бұрын із­де­генімде соның нақты куәсі болған жайым бар. Күйшінің өзі ойнаған, саусақтарының ізі қалған қобызын Тараздағы музейде ұстап көрдім. Сонда ұрпағы тұрады. Ол кісінің туыс немересі, «Хабар» телеарнасының бас операторы Еділ Ермекбайұлы өзі қобызшы, кәсіби музыкалық білімі бар азамат. Еділ бауырыммен бірге Ықаңның туған жерін, табанының табы қалған даласын аралап, жаздыгүні ол кісінің портреті дүниеге келді. Алматыда Ықылас Дүкенұлы атында ұлт аспаптары музейі бар. Бірақ атамыздың ол жерде портреті жоқ. Тек өмірбаяны ғана жазулы тұр.

– Суретшінің қоғамнан алатын орны, рөлі, қазіргі хал-аху­алы қандай?

– Шетелге шығарда «Мына­дай тақырыпқа суретші­лердің кар­тиналары бар ма?», – деп сабылып іздейді. Көрме өтеді. Іс бітеді. Қайтып келген соң тағы сол баяғы қоңыр тіршіліктің әуені қайта басталады. Бір сәттік іссапарлардың шаңында көміліп қалып жатқан халықпыз. Бірақ дүние жүзіне танымалдығымыз жағынан ешкімнен сорлы емеспіз. Бірінші орынға экономика­ны қойғанымызбен, рухани дүние­нің, өнердің көтеретін жүгі зіл бат­пан. Музыка, спорт, бей­нелеу өнері... Әлемдік дең­гей­де ерекше орны бар осы үш бай­­лық. Америка, Жапония, Еуропа елдерінің туризмі сол ар­­қы­лы дамыды және осы үшеуі­мен биіктеді. Атақты Пабло Пикас­соның бір ғана «Герника» кар­­тинасын көру үшін бұл қа­лаға жылына мыңдаған адам туристік сапармен ағылады. Бұл туындының идеясы жер бе­тін­дегі бүкіл адамзат баласын бейбіт өмір сүруге үндейді. 1937 жылғы 26 ақпанда Герника қа­ласы үздіксіз үш сағат бомбымен атқыланып, тарихи деректер бой­ынша 300-дей бейбіт тұрғын ме­рт болды. Қайғылы оқиғаға бү­кіл әлем көз тікті. Пикассо жү­регін дүр сілкіндірген алапат трагедия ұлы суретші қала­мы­нан ірі құбылыс тудырды. Міне, мәртебелі өнердің құ­ді­реті! Сол секілді Луврға келу­шілер нөпірі де тап солай. Францияны көруге емес, Лувр туын­дыларын тамашалауға барады. Мәскеуге ат басын тірегенде Қызыл алаңның үстінен үнсіз өтіп кете беруіңіз, мүмкін, ал бірақ Третьяков галереясына бас сұқпау өте ұят. Мынадай әлемдік деңгейдегі га­лерея біздің Отанымыздың ас­та­насында да бой көтерсе ғой, шір­кін, деп қиялға қымсына ерік бе­ресіз. Қашан бізде жеке ба­сы­ның байлығынан мем­лек­ет­тің мүддесін жоғары қоят­ын, Қазақ елін өркендетуді армандайтын қалталы азаматтар туар екен? Меценаттар өздерінің ақшаларын осындай құнды, өлмейтін, мәңгілік жобаларға неге салмайды деген ой санаңда жылт етеді.

– Өзіңіз осы уақытқа дейін тағы қанша адамның портретін салдыңыз?

– Ықыластың бейнесі бітіп, бүгінде әскери музейдегі галерея­да тұр. Арасында бүгінгі өмі­рі­мізге қатысты дүниелер өте көп. Бас-аяғы жүздеген адамның портретін салдым.

 Ықылас атамыздың да туған-туыстары музейге келді. Өз ойларын ортаға салды. Мұнан басқа тағы да біраз ойланып жүрген жобаларым бар.

– Суреттеріңізде қай бояуды көбірек пайдаланасыз?

– Мысалы, мына картинада мыңдаған түс бар. Жалғыз көк түстің өзінен жоқ дегенде 300-400-ге дейін түс ойлап табуға болады. Қасының өзінде 40-50 түрлі бояу бар. Бет жылы және суық түстердің қосындысынан туады. Осы қос түсті шендестіру арқылы ортасынан басқа бір ерекше түс пайда болады. Тұлға бейнесі бояулар синтезінен тұрады.

– Бояуды, кенепті қайдан аласыз?  

– Бояу көбіне Ресей мен Қытайдан алынады. Өзім Мәскеу мен Санкт-Петербургтен шыққан бояулар мен кенепті пайдаланамын. Бір құты бояу бір мың, алды бес мың теңге тұрады. Біздің мемлекетімізде мұны өндіретін технология дамымай тұр. Бояу, кенеп, багет, қылқалам... үшін сыртқа кетіп жатқан қып-қызыл ақшаға ішің удай ашиды. Кенеп жасайтын фабрика неге жоқ бізде? Дамыған елдердің технологиясын елімізге әкеліп ор­на­туға болмай ма? Өзімізде неге осы­ларды өндірмеске? Дейсің. Ой­ланатын нәрсе көп.

– Әдебиетте қайталап оқып, үстінен түзеу, күзеу демекші, сан­даған көзге көрінбейтін жұ­мыс көп. Сурет өнерінде ше?

– Картинаның әуелі сұлбасы сызылады. Бір детальге бірнеше соғып, жеті-сегіз мәрте қайта өңдеп жазып шығамын. Мысалы, бірінші рет жазғаныңыздан екін­ші айналып соққандағы дү­ниеңіз мүлде өзгеріп, басқаша си­пат алып шыға келеді. Бір өткен жолыңызға сан мәрте айналып соға берсеңіз, үстінен жұқалап өрнектеген сайын жансыз жанарға бірте-бірте жан біте бастайды. Леонардо Да Винчи­дің «Джокондасының» көзі күліп тұр ма, жоқ әлде сәл ғана езу тартып, жымиып тұр ма, тап басып айту қиын. Біреу «ер адам екен» дейді, біреу «жоқ, әйел» дейді. Әлі күнге дейін ма­мандар толық зерттеп болды деген үзілді-кесілді пікір жоқ. Портрет жанрының құдіреті сонысында. Мұрнының екі шеті тыныс алып тұрғандай, болмаса ерні сәл діріл қаққандай, әлдене айтқысы келгендей динамика, қимыл байқалып тұруы керек. Анықтап аңғарған адам соған көз жеткізеді. Портрет жанрының соңынан бір түскен адам кері шегіне алмайды. Бұл – менің төл жанрым. Қаланы да, даланы да бейнеледім, қаншама натюрмортқа көз майымды тауыстым. Алайда адам әлемін сүйгенімдей бұларға жан сырым төгіліп, алапат сезім буыр­қан­бапты. Өйт­ке­ні өмі­рімнің басым белесі адам­дар­мен жұ­мыс істеуге, жас жет­кін­шек­тердің тәрбиесіне қатысты бол­ғандықтан мен олардың психологиясын көбірек зерттегім келді. Біраз жыл мектепте қарапайым мұғалімдіктен бастап, оқу ісі жөніндегі орынбасар, мектеп директоры қызметіне дейін өстім...

– Алдағы уақытта қандай жобаларды қолға алу ойыңызда бар?

– Іленің бойы, Балқашқа құяберіс тұсы сырын ішіне бұғып жатқан бөлек бір тылсым ғалам ғой. Мұндағы көп тарих әлі қағазға түспеген. Өзім туған Ақкөлдің өзі бір тарих. Қарт тарихтан Созақ көтерілісі туралы деректі естисіз, ал бірақ Ақкөл көтерілісі жайында көп адам білмейді. Он бір адамды ха­лықтың көз алдында жер жастан­дырып, сол жерге жерлеген. Әлі күнге ол тұстан әрі-бері өт­­кенде неше түрлі үн құлағыңа ша­лынады. Ескеріліп, ескерткіш қойылды. Рахмет! Сол жерден небір мықты күйші, жырау, ақындар шыққан, бірақ олардың аты-жөні еш жерде айтылмайды. Ұмытылып қала берген. Бірінші, сол туған өңірімдегі ақын-жы­рау­ларды сипаттағым келеді. Олар­дың кейінгі ұрпақтарымен кез­десуім керек. Өзімнің алдыма осындай міндет қойып отыр­мын. Мысалы, Амангелді ба­тырдың күрескерлік келбеті Әбілхан Қастеев бедерлеуімен тарихи портретінде қалай шынайы көрініс тапты? Ол үшін қылқалам шебері Торғай өңірінде жылдап жүрді. Бір деректе жеті жылға дейін аралапты десе, енді бірінде одан да көп. Үш жыл тек Амангелді картинасын салумен айналысқан екен.

– Біздің елімізде бейнелеу өнері туындысын кәсіби тұр­ғы­да талдай алатын білікті са­рапшылар, сыншылар бар ма?

– Суретшілерде не газет, не журнал жоқ. Бірақ «жоқ, жоқ» деп жылағанмен, бізге мұны сырттан біреу дайындап бермесі аян. Телеарналар мен радиодан неше түрлі сапасыз, мән-мағынасы дүбәра музыка ойналады. Бірақ оларды талдап, сараптама жасайтын кәсіби сыншылар аз. Композитор қаптап жүр, бірақ жұрт орындаушыларды ғана біледі. Біздің адасып жүргеніміз осы. Қылқалам ше­берлерінің еңбектері туралы жазған бірлі-жарым қаламгер әріптестеріміздің мақалаларын ара-тұра басылымдардан бай­қап қа­латынымыз болмаса кар­ти­на­ларға, тың туындылар тура­лы қа­зақ тілінде арнайы сарапта­ма жазып, кәсіби тұрғыда ег­жей-тегжейлі талдап беретін зерт­теушілер жоқтың қасы... Көр­меге барған адам портретке бір қарайды да сезімі селт етпей жа­най өтеді. Ол байғұста кінә жоқ, өйткені оның ана сурет­ті оқуға өресі жетпейді. Қа­зіргі қо­ғамдағы ауа жайылып кеткен не­ше түрлі дертті, қасі­рет­ті сурет өнерімен түзеуге бола­тынын ес­кермей жүрміз. Өнер туынды­сы арқылы бүкіл әлем­ді құт­қарып қалуға болады. Мы­са­лы, жемқорлықты жою керек деп са­ғат­тап зарлағаннан гөрі 4-5 су­рет­шінің еңбегін пайдаланған әл­де­қайда тиімді емес пе?

–Кар­ти­наңызды сатып алушылар көп пе?

– Сұраған адамға 100-500 мың теңге дей бастасаң, көзі ша­ра­­сынан шығып кете жаздайды. Қымбат, дейді. Ал екі сөздің ба­сын қосып сөйлей алмайтын бі­реулер тойына келіп ауызын жыбырлатса, мың долларды қалтасына баса салады.

Қазір Ван Гогтың бір картинасы, жай этюдінің өзі екі-үш миллион доллар, ал Пикассоның бір сызығы мыңдаған ақша тұрады. Байлар оны бірінен бірі сатып алып сақтайды. Ал біздің қаншама байлығымыз шетел асып кетіп жатыр. Жақында Амандос Ақанаевпен сөйлестім. Ол кісіден жүздеген картинасын шетелдіктер сатып алғанын, Англияның өзіне 300-ге жуық туындысы кеткенін естіп, білдім. Суретші әр картинасын әрі кеткенде 10-50 мың долларға сатқан шығар-ау. Қазір бізден болмашы бағаға сатып алып, кейін сол байлықты өзімізге миллион долларға сатпасына кім кепіл! Менің де біраз суретім шетел асып кетті. Осыны қадағалайтын кез жетті. Базардан арабтың, түрік­меннің кілемін сатып алған­ша керемет бір қылқалам туын-
дысын таңдасақ, бір-біріміздің туған күнімізге, ертең то­затын мүлік емес, Құдай-ау өмірлік кар­ти­на сыйласақ, қай­теді? Бүгінде Қытайдың фотокартиналары қа­птап кетті. Олардың көзін жою керек. Бұл да фонограмма­мен ән салатын әнші сияқты жал­ған нәрсе. Бұларды он мың тең­геге, болмашы бағаға сатады. Адамдар алданып алады. Одан да шын суретшінің көз майын тауысып салған шығармасына қызықпаймыз ба? Бұл әлдеқайда жақсы энергия береді, үйіңізге шуақ шашады.

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»