Бизнес • 23 Ақпан, 2018

Инновацияны игеру құрылыс саласында да қарқынды

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің құрылыс саласына еурокодтарды енгізу кезеңі аяқталуға жақын. Сондай-ақ қазіргі уақытта құрылыс саласында сараптамадан өткен жағдайда жобалау-сметалық құжаттаманы 100 пайыз электронды қабылдау мүмкіндігі бар. 

Инновацияны игеру құрылыс саласында да қарқынды

Үкіметте өткен баспасөз мәс­ли­хатында Инвестициялар және даму министрлігінің Құ­ры­лыс және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орын­басары Бейбіт Шаханов, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқар­ма төрағасы Нұрсұлтан Жиен­баев қатысып, Мемлекет бас­шы­сының биылғы Жолдауының бесінші бағытын іске асыру бо­йынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып берді. 

Бейбіт Шаханов атап өт­кен­дей, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында құрылыстың жаңа әдістерін және жобалаудың басқа да тә­сіл­дерін қолдану қарастырыл­ған. Осыған орай қазіргі таң­да елімізде құрылыс саласына еуро­кодтарды енгізу және норма­тивтік базаны жетілдіру ке­зеңі аяқталып қалды, бұл ше­телдік инвесторлар үшін ке­дер­гіні алып тастауға мүмкіндік бе­­реді.

Б.Шаханов бұдан әрі «Нұр­лы жер» тұрғын үй құрылысы бағ­дарламасының жүзеге асыры­луы туралы да айтып берді. Мәселен бағдарлама іске қо­сылғалы бері 11,2 млн шар­шы метр тұрғын үй пайда­лануға беріліп, 100,8 мың­нан астам отбасы өздерінің тұр­ғын үй жағдайларын жақ­сарту мүмкіндігіне ие болған. 

Ал «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ бас­қарма төрағасы Н.Жиен­баев өз кезегінде тұр­ғын үй-ком­му­налдық инфра­құ­ры­лымды жаңғыртуда мемле­кет-жеке­меншік әріптестігі қағи­дасын да­мыту туралы айтты. Елбасы Жолдауында бұл мәселе бойынша, яғни мемле­кет-жекеменшік әріп­тес­тігі негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұры­лым­ды жаңғырту жөнінде міндет қой­ған болатын. Н.Жиен­баев­тың айтуынша, Құрылыс және ТКШ істері комитеті «ТКШ Қаз­Орталығы» АҚ-пен бірге Қазақ­станның инфрақұ­ры­лым­дық-тұрғын үй кешеніне МЖӘ енгізу бойынша жұмысты жан­­дандырды. Барлық өңір­лер­ден МЖӘ қанатқақты жо­ба­­ларының тізімі жасалды. Олар­дың ішінде Алматы об­лысы Қапшағай қаласы тазарт­қыш құ­рылымдарды жөндеу және салу, Маңғыстау облысы, Құ­рық ауылында тұщытқыш зауыт құрылысы, Астана қала­сы­­ның кәріз-тазартқыш құры­лым­дарын салу және «Қызыл­орда су жүйесі» мемлекеттік-ком­­му­нал­дық кәсіпорнын се­німді бас­қаруға беру бар. Сек­­тор­да ком­мер­цияландыру үде­рісі толық қарқынмен жүріп жатыр. 

Динара БІТІК,
Егемен Қазақстан