27 Ақпан, 2018

Тұрақты тіркестер һәм бүгінгі тұрмыс талабы

1206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейде әлмисақтан айтылып келе жатқан тұрақты тіркестердің күні бүгінге дейін күн тәртібінен түс­пегені былай тұрсын, заман талабына орай өзектілігі арта түскенін байқауға болады. Мәселен, түкке тұрмастай көрінетін ұсақ-түйектің өзін кәдеге жаратып, болмашы жерден табыс табатын епті адамдарға, сараңдау адамдарға біздің қазақ «Жұмырт­қадан жүн қырыққан», «Қара судан қаймақ айырған» деп анықтама беріпті.

Тұрақты тіркестер һәм бүгінгі тұрмыс талабы

Кәсіпкер, Мұнай сервистік компаниялар одағының алқа төрағасы Рашид Жақсылықов бір сұхбатында Венгриядағы малды сою әдісіне қа­тысты көзімен көрген оқиғаны баяндап берген еді.

– Сиырды бауыздаған кезде бір тамшы қанын жерге тамызбады. Тамшылаған қанды арнайы ыдысқа тосып алды, балықтарға жем ретінде пайдаланады екен. Терісін мұқият өңдеп, жоғары сапалысын Италияға жібереді, орташаларын Түркияға экспорттайды. Бұл жақта етті сүйексіз сатады екен, сүйегін түгел майдалап, ұнтағын дәрумен ретінде құндыз­дар­дың тамағына қосып береді, – деді ол. Бұл «Жұмыртқадан жүн қы­рық­қанның» үлгісі емей немене?! Осын­дай үнемшілдік, тапқырлықтың қай жері жаман?!

Ал бізде ше? Атакәсібіміз, бабаларымыз мыңғыртып мал айдаған деп мақтанатын ел осы төрт түліктің өнімімен мұртын майлағаны шамалы. Мал соңында таң атырып, күн батырып жүрген ауылдағы ағайынның бәрі бірдей байып кетпегені және рас. Себебі мал басы жыл санап көбейсе де, өнімін тереңдетіп өңдеу жағы әлі ақсап тұр. Қазақстанда жыл сайын 6 миллионға тарта ірі қараның кем дегенде 1 миллионға жуығы, 16 миллион ұсақ малдың 5 миллиондайы сойылады екен. Қаны мен сүйегін қоя тұрайық, терісінің өзін кәдеге жаратсақ сапалы былғарымен республиканы түгел қамтуға, экспортқа шығарып табыстың астында қалуға болар еді. Өкінішке қарай, қалдықсыз технологияны меңгерген елдердің көзіне ен байлық болып елестейтін шикізаттың басым көпшілігі, яғни 7,5 миллион тоннаға жуық тері өңделмеген күйі шетел асады. Облыстардағы 12 тері өңдейтін зауыттың ешқайсысы то­лық қуатымен жұмыс істемейді. Тері қа­былдау ісі жолға қойылмаған, өнімнің басым көпшілігі әркімнің қорасында тулақ болып тапталып жатады.

Тері демекші, Түркиядағы қандас­тарымыздың арасында тері өңдеу, былғары өнім шығару ісімен айна­лы­сатын жеке кәсіпкерлер көп екен. Оның себебі мынада көрінеді. Өт­кен ғасырдың 30-жылдарында тағ­дыр желі айдап Түркияға көшіп бар­ған қандастарымыз күн көру үшін атакәсібін дамытып, тері өңдеп, ауған жерінде үйренген әдістері бо­йын­­­ша етік және басқа да былғары бұ­йым­дар тігумен айналысыпты. Солар­дың ұрпақтары бүгінде кәсіпті жетілдіріп, былғары киімнің түр-түрін шығаратын фабрикалар, оны сататын дүкендер ашқан. Ондай дүкендер же­лісі қазір Қазақстанда да ашылып жатыр.

Тері өңдеу ісін жай ғана мысал ре­тінде тілге тиек етіп отырмыз. Ет пен сүттің де бағасы қалада қым­бат­та­ғанымен, ауылда әлі арзан. Оны сату, түрлі өнімдер шығару ісі толыққанды жолға қойылған жоқ. Дамыған елдер меңгеріп жатқан қалдықсыз технология, шикізатты тереңдетіп өңдеу үдерісіне қатысты өзімізге таныс дүние болған соң айтып отырмыз.

Тағы бір мысал келтіре кетейік. Отандық мұнай-газ өндірісінде «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялардың көмірсутегін шикізат күйінде экспорттап, кейін шетелдерде терең өңдеп, дайын өнімге айналдырып елімізге қайта әкелгенде қолданбайтын қазақ кемде-кем. Көліктің тежегіш майы, мотор майы сияқты машина майлары, оның сыртында дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, каучук, бояу дейсіз бе, ондаған тауар түрін шетелдерден алдырамыз.

Айтып айтпай не керек, бір ғасыр бұрын Мағжан ақын жырлаған «Аспан көкке асып жатқан, өнер-білім кілтін ашып жатқан» жұрттар жоқтан бар жасауды, бардан нар жасауды меңгеріп алыпты. Мұны сараңдық, ұсақ-түйекті малдану емес, үнемшілдік деп түсінген абзал. Дамыған елдердің тәжірибесін үйреніп, шикізатты тереңдетіп өңдеу деген трендке айналған тіркесті іс жүзінде қолданысқа енгізбейінше, дамудың дөңгелегін шыр айналдырып жатқан елдердің екпініне ілесе алмасымыз анық.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше