Өнер • 05 Наурыз, 2018

«Самұрық келген таң» ертегісі «Астана Опера» театрында сахналанды

1922 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балаларға арналған шығармалар көп емес. Сол кемшілікті толтыру мақсатын көздегендік болар, жыл сайынғы республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауында балаларға арналған шығармаларға бір аталым беріліп отыратыны өте құптарлық іс. Мұны Мәдениет және спорт министрлігінің игілікті істерінің бірі деуге болар. 2016 жылғы байқауда балалар сахнасына арналған драма аталымы болған. Осы аталым бойынша 1-ші орынды «Самұрық келген таң» ертегісі алған еді. Сол драма музыкалық ертегі болып, жақында «Астана Опера» театрында сахналанды.

«Самұрық келген таң» ертегісі «Астана Опера» театрында сахналанды

Қойылым балалардың көңілді ойыны­мен басталды. Симфониялық оркес­тр­дің орындауындағы жайдарлы му­зыка көрерменді желпіндіріп, сахнаны жандандырып жіберді. Бір кезде ақ жаулықты әже көрінді. Балалар қуанғаннан «әже» деп шу ете қалады. Әже балаларды жинап алып:

Орманда бір Бәйтерек болады екен, 
Көктемде орман гүлге толады екен. 
Басына Бəйтеректің таң алдында, 
Киелі Самұрық құс қонады екен. 
Сол кезде Мәңгілік ел ашылады,
Маңайға нұр-шуағы шашылады – деп әндетіп ертегісін бастайды. 

Әженің осы ертегісін ұйып тыңдаған Айжан мен Айдар сол жағдайды өз көздерімен көргісі келеді. Сөйтіп олар жасырынып жолға шығады. Алайда олар­ды көріп қалған жас ұландар біл­дір­мей соңдарынан ереді. Қараңғы түн­де қалың орманда жүру оңай болып па? Олар көп қиындықтарға кездесіп, кө­мекке келген Ақбарыстың арқасында аман қалып, арман еткен Бәйтеректі, Ару Көктемді, Самұрық құсты көріп, Мәңгілік елдің есігінен енеді. 

Байқаған адамға ертегінің сюжеті еліміздің символдарына құрылғанын көруге болады. Ержүрек Ақбарыс аңдар мен құстарды достыққа, бірлікке шақырады. Бұл еліміздегі халықтар дос­тығының, бірлікті жақтайтын саясат­тың нышанындай. Мәңгілік ел де­ген ұғым – халқымыздың ежелден «ел болсақ, ұлт болып ұйысақ, мәңгілік бол­сақ» деген арманынан туған ой екенін­де дау жоқ. Осы сияқты нышандарымызды балаларға түсіндіру, үлгі етіп көрсету ізгі мақсатымыз болуға тиіс. 

Ертегінің музыкасы балалар түсіні­гіне сай жеңіл, лайықты жазылыпты. Он­дағы аңдардың әндері олардың бей­не­сін аша түсетін көркемдігі жоғары әуен­дер. Әсіресе Ару Көктемнің, Са­мұ­рық құстың әуендері сиқырлы үні­мен көрермен көңілін ерекше күйге бө­­леді. Жас ұландар әні көрерменді жі­гер­лендіріп жіберді. 

Бізде мұндай музыкалық ертегі жоқ десе де болады, ал орыс өнерінде дамы­ған жанр. Бұл сахнаға шыққан тұңғыш қазақ­ша музыкалық ертегі болып отыр. Кен­же қалған жанрды өмірге әкелген, либреттосы мен музыкасының авторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі балалар ақыны әрі ком­позитор Тілеуғазы Бейсембек. Оның балаларға арналған әндері ке­зін­де республикалық радиодан жиі беріліп, республикалық «Әнші балапан», «Бозторғай», «Айналайын» бай­қауларында лауреат болғаны бел­гілі. Оның «Айналайын» әні Талды­қорғандағы балалар үйінің гимніне айнал­ған. Тілеуғазының балалар та­қы­рыбына жазылған симфониялық шы­ғар­малары Қарағанды симфониялық оркес­трі­нің репертуарына енген. Кезінде ол Алматы облыстық Бикен Римова атын­дағы театрдың «Жаңа жылдық ер­тегі», «Қожанасыр», «Алдар Көсе» спек­такльдеріне музыка жазған болатын. Ол бұған дейін екі опералық либретто жазған екен. 

Мен автордан музыкалық спектакль жазуға не түрткі болды деп сұра­ған едім. Сонда ол көп жыл бойы орта арнаулы музыка мектеп-интернатын­да басшылық қызметте болғанын айта ке­ліп: «Сол жылдары балалармен му­зы­ка­лық ертегілерді сахнаға шы­ға­румен айналыстық. Сондағы қоя­ты­ны­мыз «Кошкин дом», «Черепаха и львенок», «Как обезьяна Чики доктором была» деген сияқты орысша ертегілер еді. Сонда қазақша музыкалық ертегілер неге жазылмайды деп ойлайтынмын. Ақыры сол музыкалық ертегіні өзім жазуыма тура келді» деген еді. 

Сөйтіп ол музыкалық ертегі жанрына жол ашып отыр. Жаңа спектакльді сахнаға шығаруға театр ұжымы көп еңбек сіңірді. Симфониялық оркестрдің дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және дирижер Руслан Баймурзин спектакль музыкасын жақсы қабылдап, оркестрдің шеберлікпен орындауын қамтамасыз етті. Әже рөлінде ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Қасқыр – Қазыбек Досмұхамбетов, Түлкі – Дариға Мұсаева, Ақбарыс – Рамзат Балакишиев, Ару Көктем – Назым Сағынтай, Самұрық – Мəдина Исламова, Аю – Шыңғыс Расылхан əртіс­тік және әншілік шеберліктерін та­ныт­ты. Спектакльде өнер көрсеткен ба­ла­лар хоры (жетекшісі А.Ахметова) кө­рер­­мендердің қошеметіне бөленді. Бұл театр ұжымы үшін жаңа жоба екенін ай­ту керек. Жобаның жетекшісі əдеби-музы­калық жұмыстар департаментінің ди­ректоры Маржан Жəкенова ұйым­ас­ты­рушылық шеберлік көрсетіп, əртіс­тер­дің дайындығын реттеп, жағдай жасап отырғаны үлкен жетістікке жеткізді. 
Спектакльдің режиссері Ерен Тойкенов қойылымның балалар көңі­лі­нен шығуына баса көңіл бөліп, əртіс­тер ойынына мән беріп, сахналық көрі­ніс­терге жан беретін заманауи техниканы шебер қолдана білді. Көп ізденістің арқасында табысқа қол жеткізді. 

Бұл қойылым Елбасымыздың «Руха­ни жаңғыру» талаптарына сай келетін шы­ғарма болып отыр. Бала­ларды отан­сүйгіштік сезіміне, достыққа, тату­лыққа тәрбиелейтін шығарманы сах­наға шығарып «Астана Опера» театры­ның ұжымы еліміздің ордасы Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне әннен шашу шашып отыр деу керек. 
 
Қайыржан МАХАНОВ, 
музыка зерттеуші, күйші-сазгер