Медицина • 05 Наурыз, 2018

Әйел­дерге түсік жасатуға рұқ­сат берілген 104-баб қайта қаралған жөн

1194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аборт мәселесі бүкіл әлем үшін бас ауру болғалы қашан?! Бұл «ін­дет» Қазақстанда да ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. 2016 жылы елімізде 79 мың әйел жүктілікті жасанды жол­мен үзген. Соңғы жылдары жасанды түсік жасатуға заңмен тый­ым салу туралы қоғам белсенділері, депутаттар тарапынан ұсы­ныстар жасалды. Дегенмен, бұл мәселе әлі күнге шешілмей отыр. 

Әйел­дерге түсік жасатуға рұқ­сат берілген 104-баб қайта қаралған жөн

Еліміздегі Халық денсау­лы­ғы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс­тің 104-бабы бойынша әйел­дерге түсік жасатуға рұқ­сат берілген. Онда түсік жа­саудың заңдық норма­лары да көрсетіліпті. Еш­қандай себепсіз, әйелдің өз қалауымен жүктіліктің он екінші аптасына дейін аборт жасауға болады. Әлеуметтік көр­сетілімдер бойынша жиырма екінші аптаға дейін, ал жүкті әйел мен шарананың өміріне қауіп төндіретін медициналық көр­сетілімдер болса жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасанды түсік жасалады. 

Жүктілікті жасанды түрде үзу­ге рұқсат беретін меди­ци­на­лық көрсетілімдер мен әлеуметтік ай­ғақтар 104-бапқа сәйкес Ден­сау­лық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 қазандағы №626 бұйрығымен бекітілген «Жүктілікті жасанды түрде үзуді жүргізу ережесінде» көрсетілген. Медициналық айғақтар дегеніміз – әртүрлі аурулар, инфекциялар, та­ғысын тағы... Мұндай жағ­дайда жасанды түсікті ана да, дәрігер де шарасыздықтан жа­сайды. Алайда, ережеде көр­се­тілген түсік жасауға рұқ­сат бе­ретін әлеуметтік ай­ғақтарды көр­­генде адам еріксіз ойға қа­ла­ды. Әлеуметтік айғақтар: осы жүк­тілік кезінде зайыбының қайтыс болуы, әйелдің немесе оның ерінің еркінен айыру орнында болуы, әйел немесе оның жол­дасы бекітілген тәртіппен жұ­мыссыз деп танылса, некеде тұрмайтын әйел, ата-ана құ­қығынан айыру немесе шектеу туралы сот шешімі, зорлаудан кейінгі жүктілік, әйел босқын мәртебесінде болса немесе көшіп келуге мәжбүр болған жағдайда, отбасында мүгедек баланың болуы, жүктілік кезінде некенің бұзылуы, көп балалылық, кәме­лет жасқа толмаған шақ.

Жоғарыда айтылған жағ­дай­лар­дың бірі басында болса, кез келген әйел акушерлік есеп бойынша 22 апталық баласын емін-еркін өлтіре беруіне болады. Бұған біздің заңнама осы 104-баппен рұқсатын берген. Мә­селен, некеде тұрмайтын әйел қалағанынша ойнап-күліп, жүк­ті болып қалып, ә дегеннен алдырмай жүріп қалды делік. Мейлі, баланың барлық мү­шелері жетіліп, жан еніп, қи­мыл­дағаннан кейін-ақ алдыра салады. Біраз уақыттан соң баяғы әдетіне басып, қайтадан кө­теріп қойса, тағы түсік жаса­тады. Бұған да ешқандай шектеу жоқ. 

Жұмыссыз болсаң да ішін­дегі дені сау балаңды өлтіре беруі­ңе болады. Отба­сылы әйел күйеуі­мен тату-тәтті кезінде үл­кен үмітпен бала көтерсе, бі­рақ, содан кейін шаңырақ шай­қал­са, баяғы өзі қалап, өзі тілеп көтерген баласын, бұл уаққа дейін өсіп, жарық дүниеге келуге дайындалып жатқан шаранасын өлтіріп тастай салса оған ешкім «қой» демейді. Өйткені мемлекет әйелге некесі бұзылған жағдайда іштегі шаранасын өлтіруге заңмен рұқсат берген. Нәресте неке бұзылмай тұрып өмір­ге келіп үлгерсе үлгергені, онда сот әке-ше­шенің біріне алимент жүк­тейді. Үлгермей қалса, ол ба­ла мүлде тумауы да мүм­кін. 

«Еліміз жасанды түсік жасату бойынша қалайша әлемде алдыңғы қатарда?» деген сауал­ға жауап іздегенде оны осы 104-баптан, ондағы әлеуметтік айғақ­тардан көруімізге болады. Сон­дықтан әлеуметтік айғақтар ха­лықтың, депутаттардың тал­қы­сына салынып, қайта қаралуы тиіс деген ойдамыз. Абортқа мүлде тыйым салынбаса да, тым болмағанда оған рұқсат беретін әлеу­меттік айғақтарды азайтып, әйелдердің заң алдын­дағы жау­ап­-
кер­­­­ші­­лігін арттыру қажет. Сон­­да ғана жүгенсіз кеткен нәп­­сі­құмарлар арсыз әрекет­терін азайтып, іште үнсіз жы­лаған шарананың көз жасы тыйылар, бәлкім.

Нұрбану КАМАЛ, 
журналист