07 Наурыз, 2018

Транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану қажет

494 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2017 жылдың қазан айында өткен Қытай компартиясының ХІХ съезінде Қытай социализмінің ерекшелігі Си Цзиньпиннің идеясымен ұштастырылып, дәуірдің жаңа кезеңіне өту мәселесі сөз болды.

Транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану қажет

Қытай мемлекетінің саяси жүйе­сіндегі ерекшелікті Си Цзиньпиннің көшбасшылық рөлінің күшейе түсуінің ұжымдық басқарумен және биліктің ауысуының міндеттілігінің ұштасуы деп есептеуге болады. Авторитарлық жүйе демократияның принциптерін түбегейлі, стратегиялық мақсаттарын орындау жолына пайдалануда. Себебі бүгінгі басшылық ядросын ауыстыруға тиісті жаңа буынға кіретін жас лидерлер корпусы қазірдің өзінде белгілі. Си Цзиньпиннің өзі де осындай күрделі, ұзақ дайындық және тәрбие жолынан өткен болатын. Биліктің негізгі сатыларынан өткен, тәжірибе жинақ­таған және сапалы кәсіптік білім алған кадрлардың билікке келуі Қытайдың қазіргі қарқынды дамуының себебінің бірі екендігін айту жөн. Саяси элитаны тәрбиелеудің осындай тиімді үлгісінен тәлім алу абзал.

Қытай басшылығы Қазақстан­мен белсенді байланыстар жасауға мүдделілік танытып келеді. Тәуелсіздік жылдары Қытай басшылары Цзян Цзэминь, Ху Цзиньтао және Си Цзиньпин Қазақстанға 8 рет ресми сапармен келсе, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Қытайға 13 рет сапар жасаған. Үкіметаралық қатынастар жүйелі жолға қойылған деуге болады. Осындай тығыз байланыстар нәти­жесінде екі елдің арасындағы сауда көлемі 2017 жылы 18 млрд АҚШ доллары болып, бір жылда 37 пайызға өскен. Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде құны 10 млрд доллар болатын 51 жоба іске асырылуда. Олар қуат ресурстарын өндіру, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, инфрақұрылымды жетілдіру т.б. салалар. Ұзындығы 7600 шақырым болатын Қазақстан – Қытай мұнай-газ құбыры екі жақтан 8000 адамға жұмыс беріп отыр. Қазақстан Қытайға табиғи газ экспорттауды жылына 5 млрд шаршы метрден 10 млрд шаршы метрге өсірмек. Ортақ мүдделілік арқасында заманауи алып құрылыстар Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі іске қосылды. Бұл жолдың 2,3 мың шақырымға жуығы Қазақстанның 5 облысын басып өтеді. Қытайдың мұнайға сұранысы өскен сайын оның Қазақстанға қызығу­шы­лығы арта түсуде. Қазір Қытай мұнай компанияларының еліміздің батыс өңірлеріндегі мұнайды өндірудегі үлес салмағы 23 пайыздан асты. Шығыс Қазақстанда Ақтоғай кен-байыту комбинаты өз мерзімінде, сапалы іске қосылды.

«Бір белдеу – бір жол» стратегиялық бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның Қытай үшін транзиттік маңызы арта түсуде. Қытай – Еуропа бағыты бо­йынша жүк тасқыны Ляньюньган қала­сы­­­нан басталып қазақ жері арқылы Еуропа­­­­ның ірі қалаларына жеткізіледі. Зама­науи тас жолдар салуда Қытай әлемдік ли­дер­ге айналды. Қытай жол құрылысшы­лары 1 сағатта 750 метр сапалы тас жол сала алады. Жаңа авто­трассаның қызмет көрсету мерзімі – 25 жыл. Ел­дегі барлық жүрдек трассалар соңғы 20 жылда салынды. «Қытайдың жол ғажа­йыбын» үйренудің пайдасы зор болар еді. Қытайда 2015 жылы 43 сағат­та Бейжіңдегі 6 жолақты жаңа авто­көпір салынып, пайдалануға берілуі әлемдік құрылыс тарихында теңдессіз оқиға болды. Мұндай үлгілердің Қазақстан­ның транзиттік әлеуетін арттыруға көмегін тигізері анық. Көршінің озық тәжірибесінен үйрену парыз. Қытаймен тығыз экономикалық қатынастардың орнығуы осы елдегі 2 миллионға жуық қандасымызбен байланыстарымызды жақсартуға көмектесетіні анық. Қытайдағы қазақ диаспорасының саяси-әлеуметтік құқықтарының қорғалуы, олардың өз еріктерімен Қазақ­стан­ға оралуы мәселелерінің шешілуі екі елдің стратегиялық әіріптестігі туралы келісімшарт шеңберінде оңтайлы шешіледі. Қытай қазақтарының ана тілін сақтауы, ұлттық мәдени үлгілерін дамыта алуы Қазақстан – Қытай қатынас­тарының жандануы барысында дұрыс іске асады деуге негіз бар.

Қытайдың жаһандық саясаттағы беделінің артуы оның экономика­дағы жетістіктерінің нәтижесі екендігі дау­сыз. Ол орта жоғары даму қарқы­нын сақтауда. 2017 жылы Қыта­йдың жалпы ішкі өнімі 2016 жылға қара­ғанда 6,9% өсті. Қазір бұл көрсеткіш 12 триллион долларға жетті. Әлемдік экономиканың 15%-ын Қытай өндіруде. Осы жетістіктердің барлығы Қытай басшылығының ішкі ресурстарды тиімді пайдалануының, инновация­лық өзгерістерді елдің ерекшеліктері­мен ұштастыруының, қоғамды дұрыс қайта құру мен реформалау арқасын­да мүмкін болды.

Сайын БОРБАСОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор