Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Судың сипаты туралы ақпаратқа зәруміз

7946 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі экологиялық жағдайда табыстың бір көзі – таза су. Ауыз судың маңызын ай­тып тауы­су мүмкін емес. Ұзақ жасау­­ды қаласаңыз, бұл да пайдалы судың сапасына тіреледі.

Судың сипаты туралы ақпаратқа зәруміз

Жуырда еуропалық баспалардан қатар шыққан «Ресурстар үшін соғыстар» кітабының авторы, сарапшы Майкл Клэйр әлем соғыстардың жаңа кезеңіне өтуде деп сәуегейлік жасапты. Бұл – ресурстар үшін болатын қақтығыстар. Сол ресурстың бірі – су. Өткен ғасырда әлем мұнай үшін соғысса, алда су үшін қырғын болуы мүмкін деген болжамдарға негіз де жоқ емес. Трансшекаралық өзендердің өзі аз мәселе туындатып отырған жоқ.

Сондай-ақ судың жады бар екенін, жақсы сөздермен суды қуаттандырып, шипасын арттыруға болатынын ғалымдар айтып жүр. Жер бетіндегі әрі қатты, әрі тәтті бола алатын судың жұмбағы жіті зерттеліп келеді.

Сусыз тіршілік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Күнделікті ішуге арналған сулар­дың мемлекеттік стандарттарына сәй­кес, «ыдыстарға құйылған ауызсудың қауіпсіздігіне қойылатын талап­тар­дың» регламенті бар.

Онда ыдыстарға құйылған ауызсу, табиғи су, жерасты суы, бұлақ суы, шығарылған жері белгіленген су, та­зартылған су, жерүсті суы, артезиан суы туралы жіктеліп, сапасы, сипаты көрсетілген. Ең бастысы, «Нарықта таңбалау белгілерінде тұтынушыны адастыратын, асхана және тазартылған ауызсуына табиғи минералды су, бұлақтың суы және жерасты суымен байланысты таңбалау белгілерін қойып, сондай-ақ оның өндірілетін географиялық аймағын нақты емес немесе күмәнді ақпаратты қоюға болмайды» деп анық тыйым салынған. Ел ау­ма­ғында ыдыстарға құйылған ауыз суға қойылатын бірыңғай талаптар стан­дарты рұқсат еткен бірінші санатта­ғы су мен жоғары санаттағы судың айыр­машылығын өндірушілер жақсы біледі.

Мәселен бұл стандартта дәм­деуіш­тер мен жемістерден алынған арома­ти­заторлар, эссенциялар мен сірін­ділерді ыдыстарға құйылған ауыз­суларға қосу рұқсат етіледі, бірақ соңғы өнімнің салмағының бір пайы­зы­­нан аспауы тиіс. Ауызсуда натрий иондары өте аз мөлшерде, яки мүлдем болмауы тиіс.

Ал минералды су басқа шөлмектегі суларға қарағанда тұрақты деңгейі мен құрамындағы элементтердің салыстырмалы санымен ерекшеленеді. Бұл су түріне ешқандай минералды ком­поненттер қосылуы мүмкін емес.

Ыдыстарға құйылған ауыз суды өн­діруге рұқсат беретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) халықаралық стандарттарына келсек, табиғи су ұңғымадан тікелей ыдысқа құйылуы керек. Ал жасанды тазартылатын ауызсу – су көзінен алынған суды химиялық реагенттер қосу ар­қылы тазаруы тиіс.

Мәселен 2016 жылы еліміздің денсаулық сақтау саласы бойынша 2019 жылға дейінгі бағдарламаcы жа­салып, Президент Жарлығымен бекі­тілген болатын. Бағдарламаның бас­ты мақсаты – қазақстандықтардың денсаулығын жақсартумен қатар, ха­лықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту. Осы бағдарламаға сәйкес, 2019 жылы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрауы керек. Қазір бұл көрсеткіш 71 жасты құраса, 3 жыл ішінде 2 жылға ұзаруы тиіс. Бұл қалай жүзеге асады дегенде, саламатты өмір салтынан бастап, оның толып жатқан алғышарттарының ішінде, адамның дұрыс тамақтанумен қоса, дені сау суды қабылдауына да тікелей байланысты екені көрсетілді. Яғни бірінші кезеңде бағдарламаға халықтың физиологиялық сулар туралы, табиғи минералды сулар туралы дұрыс ақпараттандырылуы кірді.Басқасын айтпағанда, нашар су, ең болмағанда, созылмалы бүйрек ауруларына шалдықтыратынын жұрт білді. Тұрақты түрде сапалы су ішетін адам талай дерттің алдын ала алады.

Мәселен, қазір Қазақстан әлем рейтингінде орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша 152 орында (70,5 жас) тұр. Дүние жүзі бойынша ең ұзақ өмір сүретіндер – жапон­дар (84 жас). Себебі бұл мем­лекетте физиологиялық толыққанды суды пайдалану мәдениеті қалыптасқан. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы сапалы ауыз суды адам ағзасының жүйе­лі түрде жұмыс жасауы­на мүмкіндік беретін биоло­гиялық белсенді макро жә­не микроэлементтердің мекен ету ортасы ретінде қарас­тыруда. 2012 жылы ДСҰ әлем­­нің барлық елдеріне тәу­лігіне кем дегенде 450-700 мл табиғи минералды суды ішуге кеңес берді. Тәулігіне қажетті мөл­шерде су ішу арқылы, адам өзіне керекті микро және макроэлементтерді азық-­түліктерден емес, судан ала­­ды. Себебі, ағзаға мұн­дай жол­мен түскен пайдалы эле­мент­тер (кальций, магний, фтор, йод, калий, натрий, т.б.) тез сіңіріліп, нәтижесі де тез бай­қалады.

Алайда, ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап су­ды жаппай сүзгілеу жүйе­лері іске қосылды. Мұндай үрдіс бізге де дендеп еніп кет­кенін байқамай қал­дық. Мұндай әдіс суды тұзсыз­дандырып, маңызды, пайдалы минералдар мен микро-макроэлементтерінен айы­рады Егер өндірістік тілмен айтар болсақ, онда бұл кері осмос деп аталады. Осы үдерістен кейін су дистиллятқа айналады. Осының барлығы ауыз судың сапасы қандай болуы керектігі туралы біл­мегендіктен пайда болды.

Қазақстанда бүгінде ауыз­­ су тақырыбына үлкен мән­ берілуде. Нәтижесінде мем­­­ле­кетіміз 2005 жылы су­лар­дың химиялық құра­мы­ның физиологиялық то­лық­қандылығы бойынша өзгерістер енгізді. 2008 жы­лы Кеден одағы елдерінің ара­сында алғашқы болып сулардың химиялық құрамы бойынша физиологиялық толыққандылығы туралы тү­сінік еліміздің ұлттық тех­­ни­калық регламентіне енгі­зілді.

Еуразиялық экономикалық одақ 2017 жылы құтыдағы сулардың техникалық рег­ламентін енгізді. Онда ауыз судың физиологиялық тұр­ғыдағы толықтығы туралы түсі­нік пен нормативтер қарас­тырылмаған. Ауыз су­дың жағымды әсері мен пайдасы жазылып тұратын таңбалар­ға арналған талаптар жоқ. Су­дың физиологиялық толық­т­ығы туралы түсінік ұлттық регламенттің алынып таста­луына байланысты заң жүзінде күшін жояды. Бұл регламент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жалпы алғанда, қазіргі таңда ауыз суларға қатысты пайдаланы­латын барлық нормалар мен талаптар өз күштерін жоя­ды. Пайдалы минералды ауыз сулар сүзгіден өтіп, тұз­сыздандырылған сулардың жаппай өндірісі жалғасын табады.

Сол сияқты ауыз сулар­дың сапасына байланысты тұтынушылардың да арасында алуан түсінік бар. Яғни, ауыз суға қатысты ақ­па­рат жетіспеушілігі бай­қалып отыр. Көпшілігіміз ауыз судың физиологиялық толыққандылығы туралы білмейміз. Мысалы, минерал­ды суды ішу зиян деп, тұрмыс­тық жағдайда қолда­нылатын кері осмос қонды­рғыларынан шығатын дистилденген суды ішеді.

Ашық ақпарат көздерінде «дені сау, дұрыс» су туралы ақпарат мүлдем жоқтығы айтылуда. Өйткені тұзсызданған судың дәурені жүріп тұр. Қазір ТМД-ның басқа мемле­кет­терінде денсаулық үшін «опти­малды» су ретінде тұзсыз­данған судың жарнамасы жер жарады. Қоғамдық орындарда да тұзсызданған суды өткізетін қондырғылар орнатылуда. Қысқасы, тұз­сыз­дандырылған және жасанды сулардың бөтелкеленуі нарықта 50 пайызды құрайды.

Жүз жерден таза көрінсе де, сүзгіден өткен, барлық пайдалы құрамынан түк қалмаған судың да пайдасы шамалы. Мәселен, мамандар төмен минералды суы бар аймақтарда жүрек-қан тамырлары, тістотығы, зат алмасуының бұзылуы көп кездесетінін айтады. Ал судың жасанды минералдануы жасанды өндіруге мүмкін емес табиғи минералды сулардағы ион түрінде, диссоциацияланбаған молекулалар, газдар және коллоидты бөлшектер түрінде кездесетін пайдалы заттарды адам ағзасынан жояды. Ми­­нералсыз сулар қанды сұйылтып, сүйектен минералдарды шайып шығарады. Өйткені минералсыз су жа­сушалардың өмір сүруіне жағдай жасайтын табиғи құрылым мен оттегіден айы­рылған. Түптеп келгенде бұл талай дертті қоздырып, су­лы-тұзды және сілтілі-қыш­қылды тепе-теңдікті біртіндеп бұзады.

Сондықтан шын мәнінде адам ағзасы үшін пайдалы су шығаратын өндіріс орындары Қазақстан заңнамалық базасын жетілдіру мен заң­нама бағдарламаларына ем­дік су мен ауыз судың физио­логиялық толыққан­дылығы туралы түсінікті енгізуді текке сұрап жүрген жоқ.

Қазақстанда емдік-асхана­лық сулар «Боржоми», «Набе­глави», «Ессентуки» сияқты импорттық маркаларымен белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сарыағаш» курортты аумағынан бірнеше өндірушілер отандық емдік суларының бірқатар серия­сын шығарады. Ал Сол­түс­тік Қазақстанның қо­рық­­тық өлкесінде жер ас­ты қой­­науының табиғи мине­рал­ды сулар алынатын аума­ғынан «Kulager» емдік-ас­ханалық суы өндіріледі. Өзі­мізде шығып жатқан бұл сулардың құрамында емдік қасиет белсенді йод бар. Бірақ бұлардың пайдасы көп болса да, жарнамасы жетіспейді.

Сол сияқты ауыз сулар­дың қауіпсіздігі, құрамы, қа­сиеттері және сапа сұрақ­тары бойынша ұлттық ғылы­ми-зерттеу институтын құ­ра­­тын уақыт келді, дейді ға­лымдар.

Мектеп алды және орта білім беру орындарын­да­ сала­матты өмір салтын­ қалыптастыру бағдар­ла­ма­лары бойынша сапалы ауыз суына тиісті назар аудару, бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында құтыланған сулар­дың сапасы, оның қайнар көздері, өндірісі, құрамы мен қасиеттері туралы қолжетімді ақпараттардың дұрыс болуы да өте маңызды. Себебі адамға ең керек, ең өтімді тауардың бірі ауыз су болып тұрғанда, тұтынушы үшін талас жүре береді. Сөрелерде «мөлдіреп», айлап-жылдап сірескен сулардың нені жасырып тұрғанын қарапайым халық қайдан біледі?

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар