Білім • 14 Наурыз, 2018

Мәселенің мәнісі: Мұғалім беделіне неге нұқсан келтіреміз?

830 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында білім беру саласын жан-жақты жетілдіруді айта келіп, «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын. Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады» деген болатын. 

Мәселенің мәнісі: Мұғалім беделіне неге нұқсан келтіреміз?

Бүгінде еліміздің білім беру сала­сын­да көптеген жаңашылдықтар орын алып, оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Рухани бо­лашақты негіздеуші тұлға ретінде са­налатын ұстаздар қауымына құрмет жо­ғары. Дей тұрғанмен, бүгінде мұғалім мәр­тебесі туралы көп айтылып та, жазылып та жүр. Еліміздің әрбір облыс, аудан, ауылдарындағы түрлі деңгейдегі білім ошақтары ұрпақ тәрбиелеуде, саналы азамат қалыптастыруда қал-қадірінше еңбек етіп жатқанымен, орайлы сәтінде олардың мәселелері де айтылмай қалмайды. Бүгінде мұғалім мен ата-ана, мұғалім мен оқушы, тіпті мұғалім мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың да көп жағдайда күрделеніп бара жатқанын аңғару қиын емес. Кейде әділдік іздеген ұстаздың жанайқайы, араша сұраған ата-ананың тілегі сияқты дүниелерді де баспасөз беттерінен ұшыратып қаламыз. Сондықтан қарапайым халық үшін кейде мұғалім мәртебесінің төмендеп бара жатқандай болып көрінетіні де рас.

Жуырда Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Аса ауыл­ын­дағы Ю.Гагарин атындағы мек­теп­тің сызу, сурет, еңбек пәнінің мұ­ғалімі Нұрила Мұражанованың редакциямызға жол­даған хатымен таныстық. Хатында мұ­ғалім аталған мектеп директоры Салтанат Жігітековадан және оның орын­басарлары Нәзира Қарағұлова, Айгүл Бақытжановадан қысым кө­ріп келе жатқанын айтып, әділдік із­дейтінін жеткізіпті. 2002 жылдан бері сол білім ошағында қызмет атқарып ке­­ле жатқан Нұрила Мұражанова соң­ғы үш-төрт жыл көлемінде мектепте ақша жинау әдетке айналғанын, саға­ты­ның қысқартылғанын, заңсыз сөгіс алғанын, сонымен қатар басшылықтың оқу­шылардың алдында беделін тү­сірг­енін айтыпты. Расында да ел іші болған соң түрлі мәселелер болып тұ­рады. Кейбір азаматтар шындық із­деп шарқ ұрғанымен, бәрібір оған же­те алмай күйзеліске түседі. Сөйтіп ре­дакцияға жолданған хат бойынша Жам­был ауданының орталығы Аса ауыл­ындағы Ю.Гагарин атындағы мектепке арнайы барып, шағымданушымен сұхбаттастық. Әңгіме ауанынан байқағанымыздай, мұғалімнің мектеп басшылығына тағатын кінәсі көп екен. Әрі неше жылдан бері бұл мәселенің түйіні тарқамай келе жатқанын да айтты. 

– Мен үш жыл болды, мектеп ди­рек­­торы Салтанат Жігітековадан қы­сым көріп келемін. Директор бол­ға­нына 16 жыл болды, мектепті өзінің же­ке­меншігіне айналдырып алған. Жаз­баған жерім қалмады. 2015 жылы ди­ректордың орынбасары Айгүл Бақытжанова «шілде айында тексеріс келіп кетті. Әр мұғалім 3000 теңгеден жинайсыңдар» деді. Жағдайым жоқ болған соң бермедім. Одан бөлек 500 теңгелеп, 2000 теңгелеп ақша жинай береді. Тіпті мектепте құдайы тамақ беру үшін 2500 теңгеден жинайды. Ақша бермесең, оқушылардың алдында ұрсып, беделіңді түсіреді. Ақша жи­на­ғаннан шаршадым. Содан олар са­ба­ғыма қайта-қайта кіріп, тыныштық бермеді. Сол 2015 жылы 14 қазан күні директордың орынбасары Нәзира Қара­ғұлова сабағымның ортасында каби­нетке кіріп келіп, оқушыларға менің жұ­мыстан босатылғанымды айтып, кабинеттен шығып кетулерін бұйырды. Содан бірден ұялы телефоным­ды қо­сып, ол кісіден қайталап айтуын сұрап едім, оқушылардың көзінше мені ұрып-соғып, телефонымды сындырды. Бұл оқиға сол кездегі 9 «А» сынып оқушыларының көзінше болған оқиға. Сол күні сағат 14.00 шамасында ауруханаға барып, дәрігерлердің алғашқы көмегін алдым, – дейді ол. 

Шағымданушының айтуын­ша, директор С.Жігітекова сол күні оқу­шы­лардан мұғалім өзін-өзі жара­қат­­тады деп жаздырып алған да, сабақ­та­рын кілең бестікке көтеріп, істі жауып тастаған. Бірақ мұғалім қысым мұнымен тоқтамағанын айтады. «Арада бір апта өткенде 9-сыныпта оқитын қызым үйге жылап келіп, енді сабаққа бармайтынын айтты. Сөйтсем, Нәзира Қарағұлова бүкіл оқушының көзінше қызыма «Сенің шешеңнің есі дұрыс емес. Әділдік іздеп жүр өзінше, бірақ оны ешкім де тыңдамайды» депті. Мұны естіп қан қысымым көтерілді. Ал 2017 жылы 17 наурыз күні ауған со­ғысының ардагері Дәурен Нұралиев «ба­ламды ұрып-соқтың, әр оқушыдан күн сайын 400 теңгеден ақша жинайды екенсің» деп жала жауып, сотқа берді. Мен бала ұрған емеспін. Сол күні кешке полиция қызметкері Темірхан Жананбаев үйге келді. Балалардан ақша сұрағаным бейнетаспаға түсірілген деп еді, онысы монтаж болып шықты. Ал Дәурен Нұралиевті директор енді ата-аналар комитетінің төрағасы етіп сайлап қойды», дейді Нұрила Мұражанова.

Иә, ағартушылықпен айналысатын мәртебелі мамандық иелерінің арасындағы бұл дау-дамай бір ғана білім ошағының мәселесі болып көрінгенмен, бәрібір ұстаз деген ұлағатты атқа абырой әпере қоймайды. Дей тұрсақ та, мұғалімнің уәжін тыңдап болған соң, істің ақ-қарасын зерделемек ниетпен мектеп басшылығына да жолықтық. Бұл орайда мектеп директоры С.Жігітекова мұғалім шағымының бәрі негізсіз жала екенін айтты. 

– Бұл кісіге ешкім сын айтпау керек. Мәселен, бізге мұғалімдердің білік­ті­лігін қадағалау мақсатында аудандық бі­лім бөлімі сабақтарға қатысып тұ­ру­ды міндеттейді. Қазір Нұрила Мұражановадан сабақ алып жүрген 5-7 сынып оқушылары жаңа бағдарлама бойынша білім алуда. Енді мекеме басшысы ретінде менің мұғалімдердің сабағына бір мезгіл қатысуыма болмай ма? Ол кісінің сабағына мен кірсем де, орынбасарларым кірсе де «Сендер кімсіңдер?» деп дүрсе қоя береді. Бірдеңе айта бастасақ, ұялы телефонын қоса салып, түсіре бастайды. Өзіміз ұрпақты тәрбиелеп жүріп, осындай тірліктермен айналыссақ, ұят емес пе. Ақша жинады дегені де өтірік. Дәлелдеп берсін. Рас, кейде өмір болған соң ұжымдастардың отбасында қуаныш, өлім-жітім сияқты жағдайлар болып тұрады. Бірақ ол ешқайсысына қосылмайды. Тіпті мұғалім ретінде қоғам тынысын бақылап отыру үшін газеттерге де жазылмайды. Бір кезде Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында су тасқыны болып, халық зардап шекті. Сонда елдің бәрі бір күндік жалақыларын көмек ретінде аударған соң, біз де ұжыммен көмектесейік деп шешкенбіз. Бірақ Мұражанова оған да қосылмай қойды, – дейді директор. 

Расында да, мұндай жағдайда ешкімнің де өзін кінәлілер қатарына жат­қыза қоймасы анық. Бірақ мектеп басшылығы шағымданушының ша­ғы­мында ешбір дәлел жоқтығын айтады. Тіпті соңғы үш-төрт жылдан бері бұл әңгіме аудан түгілі, облыс­тан асып республикаға дейін жет­кен екен. Білім және ғылым министр­лі­гі­нен сол уақытта облыстық білім бас­қар­масына бұл мәселені анықтауды тап­­сырған хат та келіпті. Құзырлы ор­ган­­дардан да тексерулер болған. Алай­да заң бұзушылықтың орын ал­ғаны анықталмады. Мұғалімнің өзін жа­рақаттады деп айыптаған ди­рек­тор­дың орынбасары Нәзира Қарағұ­ло­ваның да жауабын алдық. 

– Бұл кісі бізден сабағына кірмеуі­міз­ді талап етеді. Мейлі, оны да орын­дадық. Бәрібір кірген кезімізде де ба­ла­ғаттап қуып шығатын. Өз басым мі­не үш жыл болды, Мұражанованың сабағына кірген емеспін. Қазір еліміздің жаңа білім беру жүйесіне көшкені белгілі. Ал бұл кісінің бізді сабағына кір­гізгісі келмейтін себебі, кәсіби бі­ліктілігі төмен. Мұндай жағдайда, әри­не сын айтылады ғой. Ол сынды жақ­тыр­майды. Жыл сайын қайта сағаты өсіп жатыр. Міне, төртінші жылға кетті, сотта­судан көз ашпай келеміз. Кейде біз жұ­мыс істеуіміз керек па, әлде соттаса беруіміз керек пе деп ойлаймын. Содан кейінгі айтарым, барлық орындарға жазған хаттарында өзін ұялы телефонмен ұрып жарақаттағанымды айтады. Бұл болмаған нәрсе. Талай рет құзырлы органдар келіп тексерді. Ештеңе тапқан жоқ. Шағымданушының арманы – сынып жетекшілігін алу. Кезінде оны да атқарған. Бірақ балалардың өзі бас тартып отырса, біз не істейміз? – дейді ол.

Нұрила Мұражанованың мектеп басшылығына тағатын тағы бір кінәсі – сағатының қысқартылуы мен себепсіз берілген сөгіс. Күйеуі қысқарту салда­рынан жұмыссыз қалып, ұлы мен қы­зын жоғары оқу орнында жалғыз өзі оқытып жатқан мұғалімнің уәжі ба­с­тапқыда орынды көрінгендей бол­ға­­нымен, мектеп директоры оның саға­ты­ның қысқартылмағанын айтты. «Бі­рін­шіден, мен директор ретінде мұ­ға­лімдерге сағат бөлмеймін. Жала­қыны да аудандық білім бөлімі арқылы орталықтандырылған бухгалтерия арқылы аламыз. Ал сағат бөлетін мето­ди­калық кабинеттің басшысы Қым­бат Қыпшақбаеваға әр мұғалімнің тұр­мыстық жағдайына қарап отыру керек екенін айтып келемін. Ал сөгіс аудандық білім бөлімінің шешімі негізінде берілді. Себебі тексеріп келген кезде Нұрила Мұражанованың сабағына олар қанағаттанбаған. Осының бәрін ол менен көреді. Талай тексеріс келді, мен де сол үшін психологиялық соққы алдым. Одан кейін бізге «Сендер ақша бер­гендердің сабағын ғана мақ­тай­сыңдар. Мен ақша бермеймін, сол үшін жаманмын» деп жала жабады. Кім кімнен ақша алды? Дәлел жоқ. Айта берсе, ұят. Бірақ мен ешкімге жамандық ойла­маймын. Міне, осы мектептің директоры болғаныма 14 жыл болды. Егер ниетім дұрыс болмаса, баяғыда-ақ жұмыстан босатып жіберетін едім. Осы әрекеті үшін ұжым қызметкерлері талай рет арыз жазамыз дегенде, оларды мен тоқ­татып едім. Егер жаман адам болсам, осы уақытқа дейін менің үстімнен де талай арыз жазылатын еді ғой», дейді Салтанат Жігітекова.

Ал Нұрила Мұражанованың өзінің айтуынша, оған 20 сағат бөлінген. Ай сайын сол үшін жүз мың теңге айлық алады. Ендігі ойы – 20 сағатты 25 сағатқа көбейту екен. Сөйтіп, дирек­тор мен мұғалімнің арасындағы сағызша со­зыл­ған дау әлі де тынышталмай келеді. Алайда Жамбыл аудандық сотының шешіміне қанағаттанбаған Нұрила Мұражанова Жамбыл облыстық сотына шағымданған. Жуырда Тараз қаласында облыстық сот өтіп, мұнда да шағымданушының шағымы қанағат­тан­дырылмады. 

Ю.Гагарин атындағы мектептің жаңа ғимараты бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде білім ошағында 89 мұғалім жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін білім сапасы жөнінен бұл мектеп алғашқы бестікте болды. Жыл сайын білім ошағы білім беру саласы бой­ынша мақтау қағаздары мен алғыс хат­тарын алып отырған. Енді мектеп директоры Салтанат Жігітекова Нұрила Мұражанованың арызы арқа­сында бүкіл елге әйгілі болып, мек­теп­тің беделінің түсіп отырғанын қын­жылыспен жеткізді.

Екі тараптың айтар уәжі – осы. Қалай болғанда да, құрметті мамандық ие­лерінің бұл текетіресі ойландырмай қоймайды. Бірі құқығым тапталды, шындық іздеймін деп шырылдаса, енді бірі қолымыздан келгеннің бәрін жасап бағудамыз, енді не істейміз деп жауап қатады. Басталғанына төрт жылға аяқ басқан дау-дамайдың енді қанша уақытқа созылатыны белгісіз...

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы