Әдебиет • 16 Наурыз, 2018

Өзбектің ақыны Тураб Тула туралы не білеміз?

912 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тұрбат ауылы ертедегі әйгілі Жібек жолының бойында орналасқан. 1918 жылғы күздің соңына қарай Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат елді мекенінде Төлеқожа қызы­ның шаңырағында шыр еткен нәресте дүниеге келді. Оған осы ауы­лдың атауы­мен тамырлас Тураб деп есім қойыл­ды.

Өзбектің ақыны Тураб Тула туралы не білеміз?

Турабтың балалығы көкорай шал­ғынды, бұлбұлы сайраған бау-бақшалы Тұрбатта, Қаржантау етегіндегі шыршалы өңірде, қазақ ауылдарында өтті. Ақынның туысқан ағасы Мехманқожа атамыздың айтуынша Тураб сауатын осы ауылдағы Құрбан мұғалімнен ашқан. «Ол өзінің зор зейінімен қатарластарын таң қалдырушы еді» деп Тураб Туламен бірге оқыған Абдужаббар Сулайманов өткен күндерін сағына еске алады. Тураб Тула өзінің автобиографиялық «Жеті күлше» шы­ғар­масында балалық жылдарын са­ғы­нышпен айшықтап, Тұрбаттың табиғатын тамылжыта суреттейді.

... Шілде. Тураб бидай орып жат­қан­дарға екі мес толтырып есекпен көже әкеле жатады. Әжесінің Кенет өлең оқи­ғасы туралы ертегісін айтқанын еске түсіріп, балалық оты жалындап, көңілі көтеріліп, әндетіп, өлеңдетіп, өзімен-өзі әуре болып келе жатады. Ал сол уақытта Ма­тансайда бидай орушылардың қарасы көп еді. Олар мұны көре салып: «Әне, ақын бала келе жатыр. Бәрекелді, көжені әкел! Жаса, ақын!» деген мақтауларды естіген Тураб көжені төгіп алады...

1989 жылғы 24 сәуірде Өзбекстан мен Қазақстан ақын-жазушыларының Тұр­бат ауылындағы кездесуінде Тураб Тулаға сөз берілгенде ақын күліп: «Матансай бар ма?» деп сұрайды. Сон­да бал балалығында өткен қызықты жайт­тардың есіне түскені ғой... Ақын Тураб Туламен әдеби жиындарда, кездесу мен тойларда талай бірге болдым. Әде­би­ет, өмір мен шығармашылық төңі­ре­гін­де талай пікірлестік. Ол Тұрбат пен оның тұрғындары әңгіме бола қалса ша­быт­та­нып кететін. Мен оның әр сөзін қалт жібермей тыңдайтынмын.

Ақын анасынан ерте айырылды. Асыл анасы жайлы айтылған әңгімелерде көз жасына ерік беретін еді. Ол өзінің «Тұрбат» өлеңінде «Ғажайып, көркем өмір сүргені анық, Менің анам, әрине, менің анам» деп жырлаған еді...Тураб Тула Тәшкендегі балалар үйінде тәр­биеленген. Ақынның алғашқы шығар­ма­шылық бұлағының көзі 1934 жылы ашылды. Оның «Алғыстар» деген тұңғыш туындысы «Ленин ұшқыны» газетінде жарияланған. «Жастық пен арман», «Шекарада», «Руставели» сынды өлеңдері 1939 жылы тұңғыш жинағында жарық көрді. Ақын батыс пен шығыс әдебиетін терең үйренді. «Бақыт таңы», «Тілек», «Жымию», «Дайра», «Қанаттан, әнім» сияқты топтама өлеңдері­мен, дастандарымен әдебиетімізге үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында оның жырлары отаншылдыққа, жеңіске арналды. Оған «Волоколамск тасжолы», «Мыңарал әні», «Жиырма алты» сынды туындылары дәлел. Ақын Өзбекстан радиосында диктор болған. 

Ақынның өмірінде елу жылдан артық шығармашылығы отанға деген махаббаты негізгі тақырыбына айналған. Ақын өлкеміздің ашық аспаны мен мөлдір суын, көк майса белдері мен аспан сүйген тауларын зор шабытпен жырлады. «Замана көркі», «Хат», «Трамвайдан табылған дәптер» атты толғау­лары халық ауыз әдебиеті үлгісі­мен жазылған. «Қуан, ана» жыры ақын­ның кең тынысты қа­ламгер екеніне дәлел. Аталмыш шы­ғар­малары халықтар достығына не­гізделген. 

Тураб Тула арнау жанрына да қалам тербеген. «Бәйшешек» өлеңі би жұлдызы Мукарамма Турғунбаеваға, «Лазги» өлеңі биші Разия ханымға, «Хади аға тойы екен, барайық» арнауы фольклортанушы Хади Зариф­ке арналған. Ол драматургия мен кинодра­матургияда да өзінің еселі еңбегімен көрінген. «Надирабегим», «Қызбұлақ», «Жер Ана» драмалары, «Таңсәрі» операсы, «Самарқан аңызы» балет либреттосы, «Фур­қат», «Ғашығыңмын» сияқты кино­туын­дылары көрермендер көзайымына айналды. 

Тураб Туланың сөздеріне ән де жазылды. «Нәзіктік», «Кемпірқосақ» топтамаларына композиторлар қызы­ғу­шылық танытты. Ақынның «Әже», «Жырлаттың мені», «Жымию», «Ди­ларам», «Самала», «Сен болмасаң», «Махаббат әнұраны», «Көңілім сенде», «Мәжнүнтал», «Ғашығыңмын», «Үш құрбы», «Айлы түн», «Алтын сандық», «Ташкент таңы», «Жолдарым» сияқты жүз­деген әндері өзбек халқының шаңы­рағында шырқалды. Ақын «Адам жаны жақсы әнге тоймайды, қанша көп тың­дасаң, соншалықты аз тыңдағандай бо­ласың да, қайта іздейсің... » дейтін. Ра­сында, ақын сөзіне жазылған әндер та­маша еді. Тыңдағанда көңілің кө­те­ріледі. Бүкіл отбасы болып айтасың. Тураб аға туралы Уйғун ақын: «Ол әде­би­еттің барлық жанрына қалам тартты, со­ның бәрінде жетістікке жетті.» деген еді. Расында, Уйғун ақын әділ бағасын берген.

Тураб Тула өзінің мазмұнды өмірінде Мутал Бурханов, Дони Закиров, Мухамеджан Мирзаев, Хамид Рахимов, Наби Хасанов, Икрам Акбаров, Манас Левиев, Сайфи Жалил, Сулай­ман Юдаков сынды белгілі компо­зи­тор­лармен 100-ден астам ән шы­ғарып, халқына тар­ту етті. Өзбек­стан Республикасының мә­дениет министрлігінде бөлім қыз­мет­кері, Хамза атындағы өзбек мем­лекеттік академиялық драма театры­ның директоры болып қызмет еткен. Оның «Жер Ана», «Кәрі қыз», «Қызбұлақ» драмалары көптеген театр сахналарында қойылды. Бүгінгі таңда, қаламгер туып-өскен Тұрбатта оның атымен атала­тын орта мектеп бар. Тураб Туланың шығар­машылығы тартылмас бұлақтай. Ақын есімі – мәңгілікке сақталады.

Баходир САБИТ,
ақын, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі,
Қазығұрт ауданының 
құрметті азаматы

 

Тұрбат гүлзары

Төңірек бүгін ерекше екен,
Күлімдер көкте аялап Нұр күн.
Асығар көктем әдемі, көркем,
Тұрбат келіндері сұлу-ай, шіркін. 

Көгілдір көктем көтеріп көңіл,
Мен бүгін ерек масайып кетем.
Әлемде мына не деген өмір,
Жағымды дала, ғажайып мекен.

Жібек пе жүрген, ертелеу ұғар,
Бүршікке баяу қонуы мүмкін.
Алаулап жанған білтелер
шығар,
Ертегі, аңыз болуы мүмкін.
 Келетін бәлкім таулардан асып,
Сәулемен нұрлы күнгейім.
Күмбезді анау бауырына басып,
Топырақ күміс, зердейін.
Еңбектің әркез шырайы дайын,
Көктемгі көңіл – гүл шоғы.
Бақыт деп соқсын мінәйі дәйім,
Сендегі жүрек біл, соны...
Қызылды, жасыл гүлдері,
Күлімде, Тұрбат, күлімде.
Адамдық – аңғал, көкірек сайрар.
Алыстан жеткен дүбірге.

Өзбекшеден аударған 
Нұрғиса Төремұратов