Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Арқа әнінің асқағы

1114 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қажыбай Арқаның әніне бас­қанда мүлгіген табиғат дүр сіл­кінеді, жайбарақат қана, са­марқау күйдегі дала оянады, шаруа – шаруасын тастай салып қалт тынып тыңдайды, ел­дің қария үлкендері жым-жырт қалып, көздеріне жас алып, сағымға айнала бастаған, өткен күн­дерін сағынады. 

Арқа әнінің асқағы

Біз кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбы­райды көрген жоқпыз, бірақ сол саңлақтарымызды санамызда тірілтетін, жадымызға оралтатын осы Қажыбай сияқ­ты дара болмысты, бітімі бө­лек әншілеріміз болса керек. Қа­жы­бай ән салғанда өзін-өзі ұмы­тады, жан-жүрегімен беріле, ын­­тыға, әрі ынтықтыра айтады. Ол өзінің әшейіндегі қалпынан ай­ырылады, әнге айналады. Маң­ғаз керілген Арқаның сағым даласын елестетер сұлу, сылқым үн, кең-байтақ далаға ғана тән көр­кем дауыс.­ Қажыбайдың осы қалпын көр­генде, шабытына мініп, шамырқанған сәттеріндегі үнін естігенде, бұл ғажайып үн таусылмаса екен, тоқырап, тоқ­тап қалмаса екен дегендейсің.

Қажыбай Жахин туып-өскен топырақ өнер дарыған, қазақтың өнер дәстүрін тұтқан құтты мекен. Қызылту ауданы, Сілеті өңі­рі, Қулыкөл кеңшары, Береке ауылында туған Қажыбайдың еліктеп өсер ортасы өнерге жа­қын туыс-тумалары аз емес еді. Ең алдымен, әкесі Бадықтың өзі, шешесі Зәмзәмия елді аузына қаратқан дәулескер әншілер еді.

Егер Қажыбайдың ұстаздық ортасы, өнегелік мектебі туралы ойымызды тарата түссек, Бадық қария Ілияс Жансүгіровтің «Құ­лагерін» жатқа айтып, толғау мақамымен егілте жырлағанда та­лапты бала тебірене, толқып әсерге бөленуші еді. Шешесінің жиын-тойларда қолқа салғанда аңырата салатын әндері, тіпті шаруаның ара-арасында ұршық иіріп, іс тігіп ыңылдап отырып айтатын әндерін Қажыбай құла­ғына зеректікпен сіңіре беріпті. Әкесінің құрдастарының бірі, елдегі танымал әнші, әрі ақын болған Талғат деген кісінің де әсері күшті болды. Ол кісінің Магаданда айдауда болып, елін сағынғанда шығарған әнін Қа­жыбай үлкен толғаныспен тың­дайтын:

Қамке, Қопа, Мұздыкөл,

Тұңғиық пен Алқасор,

Жуантөбе бел қайда

Жағалай қонған ел қайда?

Елдегі Зайт ақсақал, осы күн­дегі танымал әнші Баян Нұр­мышеваның әкесі Байтілеу, аға­лары, нағашы ағасы Еркін, өзі өскен орта да болашақ ән­ші­нің қабілет-қарымы шың­да­ла түсуіне зор ықпал жасап еді. Та­нымал әнші Сабыржан Мә­кеновтен үйренгені мол. Сондай-ақ Кәрім Ілиясов та Қажыбайдың Ар­­қаның ән өнерін, оның ішінде сал-серілер шығармашылығын молынан игеруіне зор әсер етті.

Қажыбайдың апасы Бәрия сы­зылтып ән айтқанда жұрт сіл­тідей тынып қалады. Бұл күн­дері ғылым саласында өз өрі­сін тапқан, филология ғылы­мы­ның докторы, профессор Бә­рия Ба­дыққызы егер өнердің со­ңы­на түссе, Көкшенің ежелгі ән дәс­түрін жалғастырып, абыройын ас­қақтатар еді деп ойлаймын.

1986 жылы облыстық әншілер бай­қауына қатысып, талабымен көзге түскен Қажыбай Алма­ты­ға жолдама алады. Осында оның «Айбозым» әнін орындауы талғампаз қазыларды елең еткі­зеді. Өнер училищесі ди­рек­торының өзі бас болып, Қа­­жыбайдың конкурстан тыс қа­былдануына себепші болған екен. Талапкерлер көп, қазақтың қай өлкесі де дарынды жастарға кенде болмаған, осылардың іші­нен алыс Көкшетаудың, қиыр­дағы ауданынан келген Қа­жыбайдың бұзып-жарып, дау­сыз қабылдануының өзі көп жай­ды аңғартады. Қажыбайдың бөлек бақыты – ол қабылданған Ж.Елебеков атындағы өнер учи­лищесінде маңдайлары жар­қырап Қайрат Байбосынов, Жә­нібек Кәрменов ағалары сабақ бе­ретін. Қазақтың бағына біткен екі тұлға, ерен өнерпаз ағалары Қа­жыбайдың даусын естіп естері шы­ға қуанды, бірден бауырларына тартты, нағыз Арқа стиліндегі ән­ші ретінде таныды, бірден өз із­басарларын көргендей болып, айрықша ықылас танытты. Тіпті Жәнібек ағасы Қажыбаймен ки­ноға түсуді де жоспарлаған екен. «Көкшетау сөнді ме деп едім, Ақан серілердің өнері өшті ме деп едім, жоқ, әлі де бар екен, өнер­лілердің жалғасы үзілмеген екен» деп қайран Жәнібек ағасы жүрегі жарыла қуанғанын қалай ұмытар. Әттең, шіркін, Жә­ні­бектей ақылшы ағасының, қа­зақ­тың өнер тарланының ғұ­мыры қыс­қа болғаны үлкен өкі­ніш. Тәуба дейік, қайта дәтке қуат, Қайрат ағасы аман-есен, Қа­жыбайға, өзі секілді талай дарынды іні-қарындастарына қамқор, ақылшы болып келеді.

Қажыбаймен сол жылдарда бірге оқыған талай дарынды қыз-жігіттер бар. Олардың ішінде Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев, Айтбек Нығызбаев, Сәуле Аппазова, Ғалымжан Серік­баевтың жөні бөлек. Бұлар Қажыбаймен қатар танылып, оқуларын үздік аяқтап сол кезеңдерден бастап өнер биігінен көрініп келе жатыр. Бұл күндері олар Қазақ елінің маңдайалды өнер иелерінің қатарында. Қа­жыбай дос-құрбыларымен шы­­­ғармашылық байланысын үз­ген емес. Осылардың ішін­де, мі­не, бұл күндері ердің жа­сы­ елуді еңсеріп отырған Ра­ма­зан Стамғазиев бір төбе. Ол Қа­жыбайдың жан жолдасы, ақыл­шы серігі. Рамазанның жа­­­ры Ұлту Қабаева да танымал әнші, әзілдері жарасқан құрбылар. Қажыбай сондай дос­тары көтеріліп жатқан биікке тарылмайды, керісінше, қуанады.

Қажыбай еліміздің талай қиы­­рында ертелі-кеш өтіп жатқан кон­курстардың жүл­дегері. Со­нау 1990 жылы қа­сиетті Тор­ғай топырағында, Ар­­қалық қа­ласында қазақтың марғасқа пер­зенттері Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Ду­латовтың құр­метіне ұйымдас­тырылған дүбірлі тойда топ жарды. Қажыбайға әйгілі ата­ларының аруағы жар бол­ған­дай, қолдағандай болып еді. Сондай-ақ Кенесары Қасымовқа арналған республикалық конкурста Гран-приді жеңіп алды. 1989 жылы, тіпті атағы еліміздің аумағынан да асып, Польшаның астанасы Варшава қаласында халықаралық жастар фестиваліне қатысып, жүлдегер атанады.­ 2014­ жылы ел Президенті Н.Назарбаевтың алдында ән салды. Сонда Арқаның әніне үлкен құр­­метпен қарайтын, өзі де ән са­ла­тын Елбасы Қажыбайдың өнеріне ризашылықпен қол­ соғып еді. Қажыбайдың «Бал­қадишаны» орындауы өзгеше, еш­кіммен салыстыруға кел­мейді. Ол бұл әнді түрлентіп, құ­­былтып, нақышына келтіре, асқан шабытпен орындайды­. Кезінде марқұм Кәкімбек Салы­қовтың өзі бұл орындауға таң қа­лып, бас шайқаған екен. Кә­кімбек ағасымен арасындағы шы­ғармашылық байланыстары өз алдына бөлек әңгіме. Қажыбай К.Салықовтың ең танымал, ең үздік әндерін, атап айтқанда «Ғашығым-ай», «Көңіл назы», «Аққу жеткен», «Аңсау» әндерін асқан шеберлікпен орындап, авторды кезінде риза еткен болатын. Сол кештердің бірінде әнші баласына риза болған арқалы ақын:

Мен көрдім Көкшетауда Қажыбайды,

Ән салса таң атқанша қажы­майды – деп толқи жырлап бауырына басып, маңдайынан иіс­кеп еді.

Қажыбайдың тағы бір қыры із­денімпаздығы. Көп оқиды, із­денеді, жаңа ән естуге, үйренуге құ­мар. Кезінде «Шырмауық» әнін Қостанайдағы Асылболат әртіс ағасынан үйреніп, ел арасына кеңінен тарауына себепкер болған Қажыбай екендігін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Қажыбайдың көп ізденуінің бір дәлелі, оның ел-елді көп аралайтындығы. Ол 1989 жылы айға жуық уақыт Омбы өңірлерін аралап, бір айдай айтыскер ақын Серік Құсанбаевпен бірігіп Баянауыл, Кереку өңірлерін шарлағаны да шабытына қанат бітіргендей еді. Кезінде көп сапарларына облыс басшысы Қасым Тәукеновтің қолдау жасағаны өмірі естен кетпес жақ­­сылықтай еді. Ол сол сапар­ларда К.Ілиясов, Ж.Есекеев аға­ларымен бірге жүріп, өнер, музыка туралы көп ойларын ортаға салысып, жиі талқылап жүрді. Бұлардың бәрінің пайдасы ұшан-теңіз еді.

Қажыбай әнді талап-тал­ғам­мен орындайды, әрі соған сай ұлттық киімді де талғаммен киі­неді. Жарқырап сахнаға шыға кел­генде, асқақтата салған әні, ажар­лы келбеті, әппақ манардай көркем өрнекті ұлттық киімдері тұтас гармония құрап, халықты баурап әкетеді. Осындай, өнер­ге бола жаратылған жанып тұр­ған жігіттің кейде әлдебір әді­летсіздіктерге жабырқап жүруі де жараспас. Арқаның ән өнерінің туын биікке көтеріп жүрген Қажыбайдай азаматқа қолдау керек, ағайын!

Дәулет ӘМІРҰЛЫ,
журналист

КӨКШЕТАУ