Тарих • 28 Наурыз, 2018

Ақыртасты кім салған?

4361 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ортағасырлық Тараз қаласының шығысында 40 шақырымдай қашықтықта, Талас өзенінің арғы бетінде орналасқан, іргесі мен қабырғасы тастан қаланған Ақыртас қамалы ежелден саяхатшылар мен зерттеушілер назарын өзіне аударып келеді. Оның басты себебі – бұл құрылыс адамзат тарихындағы тастан қаланған байырғы ескерткіштер арасында өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі.

Ақыртасты кім салған?

Ақыртасты кім салғаны туралы әң­гіме қозғалғанда оны бәрінен бұрын араб қолбасшысы Әбу Муслимнің VІІІ ғасырдың ортасындағы Түргештерге исламды күштеп енгізуді көздеген жау­лау жорықтарымен байланыстыратын шығыстанушылар мен дін танушылар бар.

Ақиқатқа жүгінсек, деректерден кө­ріп отырмыз, араб қолбасшысы Әбу Мус­лим Тараз түбінде қытайлықтар мен арабтар арасында 751 жылы болған Атлах шайқасына өзі қатыспаған, яғни Тараз өлкесіне ол ешқашан аяқ баспаған. Араб әл-Макдиси айтқандай, шектен тыс кісі өлтіруге құнығып кеткен ол Самарқандта да көп тұрақтамай, араб халифы әл-Мансурдың шұғыл ша­қыруымен 752 жылдың басында, әуелі Мервке, онан соң, яғни Атлах шай­қасынан кейін бір жылға да жетпес уа­қыттан соң Мысырға қайтып, өлім жазасына кесілген. Араб халифы оның өлі денесін жерлемей, Тигр өзеніне ағызып жіберді. Яғни, Ақыртасты қайдағы бір негізгі тірлігі адамдарды жазықсыз қырғынға ұшырату болған араб қолбасшысы Абу Муслим салмақ болған деген пікір қисынсыз әрі тарихи шындықтан мүлде аулақ жатыр.

Ақыртасты қарлұқтар салды деп ойлайтындар да бар. Кезінде Алтынтаудың (Алтайдың) оңтүстік аймағында тоғыз оғыздарға құл болған үш тайпадан тұратын көшпелі қарлұқтар батысқа жылжып, 766 жылы Жетісу аймағын түгелдей басып алып, Баласағұнды ба­ғындырып, Шу аңғарын жағалап, батыс Тәңіртауына, яғни Талас Алатауына дейін барды. Х ғасырдағы авторы белгісіз «Худуд әл-Алем» атты деректе олардың Баласағұнды, Таразды, Испиджабты, Суябты басып алғаны айтылады. Х ғасырдың ортасында өмір сүрген Кудама ибн Джафар қарлұқтар мекені Ақыртастың солтүстігіндегі Мойынқұм аймағынан басталатынын нақты көрсеткен. Ал әл-Идириси болса: «...Түрік-қарлұқтар Тараздан әрі солтүстікті мекендейді», – деп тайға таңба басқандай анықтап жазып кеткен болатын. Осы айтылғандарды Х ғасырдағы (977жыл) араб саяхатшысы Ибн Хаукалдың орыс тіліне аударылған мына сөздері нақтылай түседі: «Тараз – место торговли мусульман с тюрками, на пути к ним (тюркам), вокруг него крепости, относящиеся к нему (Таразу), дальше его не идет ни один мусульманин, потому что тот, кто выходит за его пределы, попадает в шатры (т.е. кочевья) карлуков» Бұл деректен байқайтынымыз, Х ғасырдың екінші жартысындағы Тараздың айналасындағы қамалдар осы маңға жақын аймақтарда көшіп жүр­ген қарлұқтардан Таразда тұратын қарахандық мұсылмандарды қорғау үшін салынған.

Тараз қашаннан бері мұсылмандар мекеніне айналды? Деректерге жүгінсек, Тараздың жаппай мұсылмандануының айқын көрінісі – оны Қарахан әулеті билеген дәуір. Яғни Ақыртас кешеніндегі мешіттің орны бізді осы тарихи кезең­ге жетелейді. Қарлұқтармен және өзі­нің таққа таласқан бауырларымен күрес­те Қарахандар әулетінің негізін қалаған Сатұқ Боғра хан (915-955 жж.) саманидтердің қолдауымен жеңіске жетіп, Тараз бен Қашғарды бағындырып, 942 жылы Баласағұнда өзін хан жариялады. Енді солтүстікте Іле бойындағы Қойлық қаласын астанаға айналдырған көшпелі, тәңіршіл қарлұқтардан Тараз және Баласағұн аймақтарын қорғау аса маңызды мәселеге айналды.

Осы, біз әңгімелеп отырған Ақыр­тас өмірге келген Қарахандар билігі дәуірінің алғашқы кезеңінде көшпелі қарлұқтардың басым көпшілігі ша­ман­дықты, тәңіршілдікті ұстанып, мұсыл­мандықты мойындамай, жергілікті қара­хандық мұсылман ру-тайпаларына қарсы жанталаса, аяусыз күресумен болды. Егер кейініректе, ХІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген әл-Идрисиге жүгінер болсақ, одан айтылғандарға қо­сымша мынадай мәліметтер аламыз: «Город Тараз – место торговли между мусульманами и тюрками. Здесь помещены цитадели, относящиеся к мусульманам, и к тюркам. За Таразом на севере обитают тюрки-карлуки. Между ними часто происходят стычки и сражения, а когда наступает перемирие, они осуществляют между собой торговлю, обмениваются [разными] товарами, скотом, пушниной и др». Бұл айтылғандарды аталмыш аймақ туралы жазбалар қалдырған арабтар әл-Марвази мен Абу-л-Фиданың деректері толықтыра түседі.

Тараздан солтүстікке қарай мекендеген қарлұқтардың мұсылмандықты емес, шамандықты ұстанғандарын ХІІ ғасырдың соңында және ХІІІ ғасыр­дың алғашқы ширегінде өмір сүрген сириялық Йакут әл-Хамави жазып қал­дырған. Шығыс деректерінен бай­­қайтынымыз, қарлұқтар Таразға оқтын-оқтын тонаушылық жорықтар жасағанымен, онда тұрақтамаған және қалаға ешқашанда билік жасай алмаған. Тараз өңіріндегі Қарахан билеуші әулеті 955 жылы ислам дінін қабылдады, арада бес жыл өткен соң осы өңір халқының негізгі бөлігі (200 000 киіз үй) жаппай мұсылман болды. Мұның өзі осы дінді шын мәнінде мемлекеттік ресми дінге айналдырды.

Ал енді шығыстағы қарлұқтар иелігі Құ­лан қаласына дейін келді. Сондықтан да Ақыртас Құлан мен оған көрші Қасрибастың батысында шекаралық қа­мал ретінде бой көтеруі тиіс болды. Бірақ бұл қамал әйгілі археолог К.Бай­пақов тұспалдап айтқандай, қарлұқ қағанының емес, керісінше, көшпелі шаман қарлұқтарға қарсы мұсылмандықты ұстан­ған қарахандық билеушінің бекі­ніс-резиденциясы ретінде бой көтерді. Мұны онда, жоғарыда айтқанымыздай, мешіттің болуы да және қарахан дәуі­рінде қолданылған су құбырының са­лы­нуы да дәлелдейді. Айта кеткен жөн,­­ Ақыртастың әскери қамал бо­лып­ табылатынын ең алғаш Қазақ­стан архитекторларының «атасы» Т.Бәсенов айтып кеткен еді. Яғни Ақыр­­­­тас қамалы Жібек жолын жағалап, ол кезде арнасы кең, ағысы қатты Талас өзенінен Тараз қаласына өтетін атақты тас көпірге жететін қарлұқтардың жолын тосатын берік тасқорған тосқауыл еді.

Ал енді Ақыртас құрылысшылары кімдер еді деген сауалға жауап ізделік. Ақыртаста рулық таңба бар. Ол бір емес, бірнеше тас блоктарда кездеседі. Оны біз суретке түсіріп, оқырманға ұсынып отырмыз. Ақыртастағы тасқа басылған осы таңба нені аңғартады? Бұл рулық таңбаны кезінде өзіміз зерттеген, қазақты құраған 200-ге тарта рулардың рулық таңбалары арасынан іздестірер болсақ, Ақыртастағы таңбаның бәрінен бұрын кейініректегі, Түргеш (сарыүйсін) заманынан бастап белгілі бола бастаған дулулардың ежелгі үйсіндерден бас­тау алатын алғашқы таңбасына, яғни төртбұрышты абақ таңбасына ұқсас­тығы назар аудартады. Бұрын дулу атанған дулаттардың алғашқы абақ таңбасы  кезінде рулар таңбасын жинас­тырған Ақселеу Сейдімбектің еңбегінде де нақты көрсетілген еді. Ал кейінгі дулаттардың кең таралған рулық таңба­сының да осыған ұқсас, күн түрінде   болып келетіні елдің бәріне белгілі. 

Тағы бір айтарымыз, Ақыртасты ар­ғы дәуірге ежелгі үйсіндер немесе кейі­ніректегі түргештер заманына апа­ру да орынсыз. Түргеш қағанаты тұсында Тараз астаналық қалаға айнала қоймағандықтан (ол мұндай дәре­жеге қарахандар тұсында ғана ие болды), оның шығысына, яғни қазіргі Ақыр­тастың орнында, зерттеуші Н. Аристов айтқандай, Түргеш қағанының тас сарай-қамал тұрғызуы да ақылға сыймас іс.

Ақыртастың құрылысы неге аяқсыз қал­ды және Әулие Қараханның бұған қатысы бар ма? Осы заманда Қарахан әулетінің өзара билікке таласының тоқтамауы да Ақыртастың тағдырына кері әсерін тигізді. Шығыс Қарахан мемлекетін бұрын біртұтас Қарахан мемлекетінің соңғы билеушісі болған Жүсіп Қадырханның ұлы Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан басқарды(1032-1056 жж.). Ибн ал-Асир оны Абу Шуджа Арслан хан деп те атайды. Осы Абу Шуджа Арслан хан шын мәнінде мемлекет астанасы Баласағұнның және қарахандарға қарайтын түрік елінің билеушісі және соңғы, бесінші Ұлы ханы болды. Қашғар, Хотан және Баласағұн тәріз­ді мемлекеттің ірі қалаларында оған бағышталып хұтбалар оқылатын. Оны қосымша мұсылмандық есіммен Шараф ад-Даул деп те атайтын.

Өзі де өте діндар, әулие адам болғандықтан оның тұсында Тараз аймағында ислам салтанат құрды. «...Ешқашан аузына шарап алмаған және Құдай­ға қатты сенген ол, ғалымдарды және діндар адамдарды құрметтеді. Оған олар жан-жақтан ағылып келетін еді, ол да келушілерді көтермелеумен бол­ды, әрі оларға жақсы қарады». Ол өзі­нің инабаттылығымен өзінің бауыр­ларын да, сондай-ақ туыстарын да разы етті. Оларға өзара мемлекеттегі қала­ларды бөліп берді, мысалы, «өзінің бауы­ры Арслан-тегінге түріктердің көп­теген қалаларын берді, өзінің бауыры Богра-ханға Таразды және Испиджабты берді,... ал өзі Баласағұнмен және Қаш­ғармен қанағаттанды». Мұндай, шығыс қарахандары билейтін аймақты бөліске салу 1043-44 жылдары орын алды.

Бұл айтылғандардан байқайтынымыз, қазір Әулие Қарахан деп жүргеніміз Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан­(қосымша мұсылмандық есімі – Шараф ад-Даул) деп айтуға құжаттық негіз бар. Тараз қаласында оның басына кейі­нірек исламға адал ұрпақтары зәулім мазар орнатты. Өйткені оның әулие­лігі, діндарлығы және ғалымдарға қам­қорлығы жоғарыдағы деректе нақты айтыл­ған. Әрі рухани жағынан онымен таласа алатын басқа қарахандық билеу­шіні тарихтан көріп отырған жоқпыз. Сондықтан Тараз қаласындағы Қарахан әулиенің мазарына осы есімді жазып қойсақ қателесе қоймаспыз деген ойдамыз. Ол он алты жыл хан болды. Алайда, кейініректе Сүлеймен ибн Жүсіп Арыс­лан хан мен оның бауыры Богра-ханның аралары шиеленісіп, алғашқысы Тараз аймағына жорық жасады. Біздің ойымызша бұған басты себеп Сүлеймен Жүсіп Боғра ханның ешкімге, тіптен бауырына да бағынбауды көздеп, дербес саясат жүргізуге ұмтылуы болса керек. Әрине, бұл мемлекетті бөлшектеуге апаратын қауіпті бағыт еді. Екі бауырдың қантөгіс шайқасында Арыслан хан жеңіліп, Таразды билеуші бауырына тұтқын болды. Енді бүкіл патшалықты өзінің қолына алған Боғра хан Тараз бен Испиджабты ғана емес, Баласағұн мен Қашғарды да билей бастады. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмады (1056-1058 жылдар). Оның орнына билікке келген Жүсіп Қадырханның басқа бір ұлы Тоғрұл шамамен 16 жылдай билікте болды.

Осылайша, Ақыртасты салу осындай қайшылықты да күрделі заманда қол­ға алынды. Оны, жоғарыда атап кет­кеніміздей, Тараздың мұсылмандар аймағына тоқтаусыз жорықтар ұйым­дастырған, шамандықты ұстанған дінсіз түріктерге – көшпелі қарлұқтарға қарсы берік қамал-бекініс ретінде тұрғызуды исламдық ұстанымға берілген Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан (Әулие Қарахан) билік­ке келген соң, жеделдете, шамамен 1031-1032 жылдардан бастап қолға алған деп шамалаймыз. Оның жергілікті халықтан құралған тас қашаушы құрылысшылары, су құбырларын тартушылары бұрын, VІІІ ғасырға дейін Түргеш атанып келген сарыүйсіндерден, кезінде дулу атанған дулаттардан және т.б. қараүйсін және қызылүйсін (Ал­үйсін) руларынан, қаңлылардан жинал­ған тас қашаушы шеберлер болды.

Құ­ры­лыс архитектурасының кейбір орта­азиялық қамалдарға ұқсас болуына қарағанда оны жоспарлауға тараз­дық соғды архитекторларының да қатысқандары байқалады. Бірақ бұл ерекше әскери құрылыс арада біраз уақыттан соң, нақтылай түссек, 1043-1044 жылдардан соң, яғни солтүстіктегі шаман қарлұқтар жаппай мұсылман дініне кіріп, олармен рухани жақындық орнаған соң, қорғаныстық маңызын жоғалтып, біртіндеп оның құрылысы тоқ­тап қалды. Осыған себеп болған тари­хи оқиғаны Ибн әл-Асир былай суреттейді (аударманы жасаған К.Б.Старкова): «...В этом году, [в месяце] сафаре (сентябрь – начало октября)1043 г. приняли ислам 10 тысяч кибиток из неверных тюрок, которые, бывало, делали ночные набеги на мусуль­манские города в краях Баласагуна и Кашгара, грабили их и учиняли беспорядки. И принесли в жертву в день праздника Жертвы 20 тысяч голов овец, и Аллах [таким образом] избавил мусульман от их вражды. Они проводили лето в краях Булгара, а зимовали в краях Баласагуна, но когда приняли ислам, то рассеялись по стране; в каждом крае по тысяче кибиток, меньше или больше [в зависимости] от их безопасности, ведь они обьединялись только для того, чтобы защищать друг друга от мусульман».

Иә, осылайша Тараз іргесіндегі Мойын­құмды жайлап жатқан тәңір­шіл қарлұқтардың басшылары мұсылман­данған соң олардың Таразға бағытталған тынымсыз жортуылдары толастап, қар­лұқтар рухани тұрғыдан іштей ыдырап, және осыған сәйкес қарахандық билеу­шілер құрылысына жергілікті халықты жаппай жұмылдырған Ақыртас қамалы мемлекеттік мүдде тұрғысынан қажетсіз болып қалды. Осылайша кезінде қара­хандық билеушілер астаналарының бірі мұсылманданған Таразды көшпелі тәңір­­шіл түріктер – қарлұқтардан қор­­ғау үшін салынған Ақыртас та және оның төңірегіндегі Талас өзені жаға­лауындағы басқа қамалдар да өзде­рінің жау шапқанда елді паналататын қорғаныстық маңыздарын жойып, біртіндеп елсіз қоныстарға айнала бастады.

Әрине, Ақыртас құрылысының аяқ­талмай қалуының басқа да себептері де бар. Ол – жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қарахандық билеушілердің билікке таласқан 1043-1056 жылдар арасын­дағы өзара қырқысулары. Бұл қар­лұқ­тар мұсылманданып, олармен жауласу тоқ­таған кезеңге сәйкес келеді. Осылайша енді, Ақыртастың шашылып қалған орнына оның үстімен жүріп өткен жолаушылар таңдай қағып таңданатын жаңа заман туды.
Батысқа Шыңғыс ханды емдеуге ба­ра жатқан даоистер көсемі Чанчун иесіз қалған Ақыртастың екі ғасырдай уақыт­тан кейінгі осындай кейпін төмен­дегіше сипаттады: «...Қазанның 8-ші жұлдызында біз тауды бөктерлеп батыс­қа қарай сапарымызды жалғастыра бердік. Сапардың 7-8-ші күндері шама­сында тау оңтүстік жаққа таман мүйіс­теліп кетті. Осы маңда біз бір тас қала­ның үстінен түстік. Қала түгелімен қызыл тастан соғылыпты. Бұл қалада бір кез­дері қалың қол тұрғаны байқалады. Қала­ның батыс жағында самаладай тізілген қалың мазар тұр. Сол жерде біз тас көпірден өтіп, оңтүстік батыс жаққа қарай созылып жатқан тауды бөктерлеп жалғасты жол тарттық».

Бұл деректен байқайтынымыз, Ақыр­тас құрылысы сол тұста өткел бермес асау Талас өзенінен Таразға өтетін жалғыз жол – тас көпірдің «аузына», Ұлы Жібек жолының бойына (ол кезде бұл жол «Үлкен Тараз жолы» деп аталды) салынуы тиіс еді. Бірақ оның құрылысы жоғарыдағыдай себеппен Шыңғыс ханның жорығынан әлдеқайда бұрын тоқтап қалған еді. Салынып бітпеген қаланың батыс жа­ғында «самаладай мазарлардың болуы» бұл қала құрылысына көп адам қатысқанын және оның құрылысының біраз жылдарға созылғанын, оны салу барысында көптеген адамдардың, яғ­ни құрылысшылардың қаза болып кеткендерін аңғартады. Олардың бі­разы, әрине көшпелі қарлұқтардың осы қамалды салдыртпауды көздеген шабуыл­дарының құрбандықтары болса керек.
Сонымен айтылғандарды қорытар болсақ: 

1) Ақыртас ХІ ғасыр ескерткіші, нақты­лай түссек, 1031-1055 жылдар ара­лығында тұрғызылды, ол Тараз мұсыл­­мандарына жаулық әрекеттерін және әскери жорықтарын тоқтатпай қойған, Мойынқұм аймағын мекендеген, көшпелі шаман қарлұқтардан қорғану үшін Қарахан әулетінің соңғы «Ұлы ханы» Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан ханның (Әулие Қараханның) заманында (1031-1055 жылдар) салынған тас қамал болып табылады; 
2) Онда біз кездестіріп отырған ду­лат­тардың рулық таңбасына сәйкес келе­тін тасқа салынған таңбаның кез­десуі бұл ұлы құрылысты салуды соғ­дылар, саманидтер немесе арабтар тәрізд­і келімсектер емес, қарахандық билеу­шілердің бастамасымен жергілікті халықтың өзінің қолға алғанын айғақ­тайды. 
3) Алайда, ХІ ғасырдың 40-шы­ жылдарының ортасына қарай қарлұқ­тардың жаппай мұсылмандықты қабыл­дап, қарахандық билеушілерді рухани тұрғыдан мойындаулары және осыдан соң бұрын мұсылмандыққа қарсы күрес­те топтасқан олардың енді бұл аймақ­тан ыдырай көшулері қорғаныс мақсатымен тұрғызылған Ақыртас қа­ма­лын әскери тұрғыдан қажетсіз етіп, құрылыс аяқталмай, тоқтап қалған; 
4) Құрылыстың салынуына мұ­рындық болған Әулие Қарахан атан­ған Сүлеймен ибн Жүсіп Арыслан хан және оның бауыры, Тараз билеушісі Боғра хан ибн Қадырханның биліктен кетіп, о дүниелік болулары да Ақыр­тастың аяқталмаған құрылысын мүлде иесіз қалдырды.

Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, ҰҒА құрметті академигі