Театр • 28 Наурыз, 2018

Өскеменде «Жандауа» пси­хологиялық драмасы сахналанды

468 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскемендегі облыстық дра­ма театрда «Жандауа» пси­хологиялық драмасы сахналанды. Қойылымға ауылдан қалаға оқуға ке­ліп, нашақорлық дертіне шал­дыққан қазақ жігітінің өк­сікті өмірі өзек етілген. 

Өскеменде «Жандауа» пси­хологиялық драмасы сахналанды

Аға­сы­­­ның соңынан оқуға түскен қарындасы кейін ауылдағы таяққа сүйенген ата-анасын қа­лаға көшіріп әкеледі. Алайда қамқор әке-шеше нашақор баласынан көрмеген құқайды кө­реді. Зейнетақыларын бергені өз алдына үйдегі қымбат бұйым, құн­ды заттарының барлығынан айрылады.

Қарызға белшесінен батып, есірткіге есірген ұлдары шыр-пыр болған әкесінің «Қа­сиет деген сөзді ұқтыра ал­мадым-ау саған» деген сөзіне қа­рамастан ша­ңы­рақтарының төрінде тұ­ратын күмістелген ер­тоқымды да саудаға са­лады.­ Қос қария тас қала­дан, шу­лы шаһардың без­бүйрек тұрғын­дарынан әбден түңіледі. Ауыл­дың ақпейіл адамдарын аңсай­ды. Дегенмен де драма соңы жақсылықпен түйінделеді. Қыр баласын қызыққа ба­ты­рам деп есірткі сатқан­дар милицияның құрығына түседі. Бабадан жеткен құн­­ды мұра – күмістелген ер­тоқым да шаңырақ төріне ора­­лады. Ал жат­са-тұрса да­ дархан даланы аңсайтын жігіттің әке-шешесі «Ауыл­­­да ат үс­тінде жүрсең мұн­­дай бол­мас едің-ау, қа­­ра­ғым! Жүр, ауылға қай­тайық. Даланың жұпар ауасы мен бал қымызынан ар­тық ем жоқ» деп ұлын алып туған ауылына тартады. Қысқасы, қойылымды көр­­сеңіз аялы ауылға деген са­ғы­нышыңыз еселене тү­седі. 

Психологиялық драма­ның авторы – Болат Ұза­қов. Қою­шы режиссері – театр­дың көр­кемдік же­тек­шісі Сахан Әке­леев. Туын­дыны өскемендік зия­лы қа­уым өкілдерімен бірге тамашалаған облыс әкі­­мі­нің орынбасары Әсем Нү­­сі­пова жас ұрпаққа берер­ тағылымы мол осындай қойылым­дар­ды­ студенттер мен мектеп­ оқу­шыларына көр­сету қажетті­гін­ атап өтті. Қойылымда негізгі кейіп­керлердің бірі на­шақор жігіттің әкесінің рө­лін сомдаған актер Қанат Ниязбеков бұл драма ке­зінде сахналанғанымен, режиссер басқа тұрғыдан кел­­генін, оқи­ғаны тамаша шиеленістіре білгенін айт­ты. «Бізге баға беретін кө­рермен қауым ғой. Мә­селен, мен өз рөліме кө­ңілім толды деп айта алмаймын. Әлі де шикі тұстары бар. Мұндай қойылымдар 4-5 рет емес, 10-15 мәрте қойылуы керек. Сол кезде барып актер ашылады. Ол­қы тұстар түзеледі», дейді актер.

Драманың қоюшы ре­жиссері Сахан Әкелеев қо­йы­лымда ғасыр дертінің зар­дабынан бөлек ұлттық құн­дылықтарымызды ұлықтау, өт­кенімізді ұмытпау мә­се­лесіне ерекше назар ауда­рылғанын жеткізді. Қойы­лымды сахналамас бұрын бұл тақырыпты мұқият зерттегенін, Өс­ке­мен қа­ла­сындағы наша­қорлар дис­пансеріне барып, есірткіге елтіген жастардың мінез-құл­қын бақылағанын тіл­ге тиек етті. «Сенесіз бе, сен­бейсіз бе, қала­дағы жас­тар­дың біразы пайызы наша­қор.

Олардың басым көп­шілігі өзге ұлт өкілдері бол­са, бір-екі па­йызы өзі­міздің қаракөздер. Тіпті қазіргі уақытта нашақор­лық дерті мектептерге де жетіп жатыр. Есірткіні әде­мі конфет қағазына орап, оқушыларға ұсынып, олар­­­ды нашақорлыққа тартып жатқандар бар. Бұл – өте қауіпті. Біздің негізгі қа­­руымыз өнер ғой. Мен аза­мат ретіндегі, режиссер ретіндегі ұстанған пози­циямды жұртшылыққа осы қойылым арқылы жет­­кізуге ты­рыстым. Бай­қасаңыз, сахнада алты құр­лықтың суреті тұр. Осы ар­қылы нашақорлықтың ға­ламдық қасірет екендігін де кө­рсеткіміз келді. Қа­зақтың салт-дәстүрін, хал­қымыздың бойындағы асыл қасиеттерді сақтау­дың қаншалықты ма­ңыз­дылығын көрерменге ұғын­­дыруға талпындық. Ал­дағы уақыт­та облыс әкі­мі Даниал Ах­ме­тов пен мә­дениет басқар­масының қолдауымен осы дра­ма­мен өңіріміздің барлық аудан­дарын араласақ па де­ген жоспарымыз бар», дейді театр­дың көркемдік жетекшісі.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН