Қазақстан • 29 Наурыз, 2018

«Егемен академиясы» алғашқы дәрісін бастады

740 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтілді басылым мамандарының білімін арттырып, салалық журналистикаға бейімдеу және өзекті тақырыптар төңірегінде талқылау алаңын кеңейту мақсатында «Егемен Қазақстан» газетінің жанынан құрылған «Егемен академиясы» бүгін жұмысын бастады.

«Егемен академиясы» алғашқы дәрісін бастады

Суретті түсірген Ерлан Омар

«Баспасөзге кіріспе» тақырыбында өткен жобаның алғашқы сабағына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің 40-қа жуық студенті келіп қатысты. Әлеуметтік желі қолданушылары да сабақты онлайн тыңдауға мүмкіндік алды.

Дәрісті жүргізген бас басылым басшысы, «Егемен академиясы» жобасының авторы Дархан Қыдырәлі бұл жобаның басқа медиа тренингтерден айырмашылығы – ғасырға жуық қалыптасқан мектебі бар, ұлағатты ұстахана саналатын «Егемен Қазақстанның» тәжірибесімен бөлісу, дәрісті ұзақ уақыт үзбей жүргізу және жастарды жазуға машықтандыру арқылы баспаханадағы өндіріске араластыру екенін айтты. Әлемдік баспасөздің тарихына шолу жасаған дәріскер оның балама медиамен байланысы және болашағы жайлы сөз етті. Сондай-ақ қазіргі медиа трендтерге, жарнаманың рөлі мен журналистік этика тақырыбына да тоқталды.

«Егемен академиясының» ашылуында сөз алған жоба үйлестірушісі Дархан Өмірбек шараның мақсаттары мен міндеттерін атап өтті. «Газет өмірі үлкен конвейер екені белгілі. Газет өмірінің ерекшелігіне байланысты шығармашылық ұжымның бос уақыттары жоқ. Олар жиындарға бара бермейді, мінберлерден сөйлемейді, қоғамдық дәрістерге қатыспайды. Бірақ олардың мол тәжірибесі бар. Біз сол тәжірибемен бөлісуді газетіміздің миссиясы санаймыз», деді ол.

Сабаққа жиналған жастар да белсенділік танытып, спикерге өз сауалдарын қойды. Жаңа жобаның артықшылықтары жайлы пікірлерін білдірді.

«Университетте алған теориялық білімімізді топпен бірге келіп, редакцияның өзінде тәжірибе арқылы жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын.  Бұл еліміздегі ең үздік газеттің, ең үлкен редакцияның  болашақ журналистер үшін жасап отырған жанашыр жобасы деп есептеймін. Студенттерге газет шығатын қайнаған ортаны көру тамаша орай деп ойлаймын», дейді III курс студенті Айман Талғат.

Жүз жылға жуық тарихы бар басылымдағы тәжірибені жас журналистермен бөлісіп, ақпарат саласына білікті мамандар дайындауға үлес қосуды көздеген жобада әр курс үш ай уақытты қамтиды. Аптасына бір рет болатын дәрісті басылым қызметкерлерінен бөлек арнайы спикерлер де жүргізеді. Студенттер білікті мамандардың дәрісін тыңдай отырып, мақала жазу, хат қорытудан бастап, басылымның баспаханадан шығуына дейінгі процесімен жан-жақты танысады. Сабақтар бойынша танымдық мақала, эссе және сараптамалық материал жазған белсенді қатысушыларға курс аяқталған кезде арнайы сертификаттар табысталады. Алғашқы маусымда тақырып таңдау, тақырып қою, зерттеу мақаласын жазу, сараптамалық мақала жазу, мәтінді өңдеу, сұхбат алу, фотожурналистика, беттеу секілді тақырыптар қамтылады.

Майгүл СҰЛТАН,

Суретті түсірген Ерлан Омар

«Егемен Қазақстан»