Медицина • 30 Наурыз, 2018

Сөз сойыл №56

760 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №56

Ұлыбританияның ханзадасы Чарльз Кембриджде оқып жүргенде қасында оққағары жүріпті. Ол қайда барса да оққағары қасынан бір елі қалмапты. Ғылыми отырыстарда да, пікірталастарда да бірге жүреді екен. Оқу аяқталар сәтте ұстаздар оққағарға Чарльзбен бірге емтихан тапсыруды ұсыныпты. Нәтижесінде, Чарльзден де көп балл жинаған оққағар дипломды болыпты.

* * *

Француз жазушысы Ги де Мопассан Эйфель мұнарасын ұнатпапты. Дегенмен ол түстікті дәл осы мұнараның мейрамханасынан ішетін көрінеді. Оған «Неге?» деген сұрақ қоюшыларға: «Осы жерден ғана мен Эйфель мұнарасын көре алмаймын»,  дейді екен.

* * *

Белгілі жазушы, айтыскер ақын Баянғали Әлімжан Астанада бір үлкен ғимараттың қабырғасындағы басқы әріптері түсіп қалған «...ық-түлік» деген сөзді көріп:
– Әп-әдемі сөз еді – азық-түлік,
Әуелде оны дұрыс жазып тұрып,
Артына түсіп қалған екі әріпті
Артына қағар ма еді қызық қылып! – деген екен.

* * *

Жаңа жылда шаһарлардың бәрінде тырсылдатып аспанға фейерверк ататыны белгілі.
Сондай күннің ертеңіне күкірт сасыған қорғасын ауаға қарап тұрып, Баянғали:
– Күштінің арты диірмен тартады деуші еді атам қазақ. Қазіргілердікі фейерверк атады! – деген екен.
 

 

Осындай да бар кісі
Парақор деген «кәсіпкер»,
Айтады кейде ашық «Бер!».
Бір бума берсең, бұйырып,
Дейді «Давай, ашып бер!».

Келеді-ау санап алғысы,
Қалтаға сосын салғысы.
Топқа түскен тұлпардай,
Қатардан жоқ-ау қалғысы...

Осындай да бар кісі,
Пейілі тым тар кісі.
Жай халықтың жібермес,
Көз жасы мен қарғысы.

Кім не айтады?..
Білімдінің сөзін құйып аласың,
Үлгілінің сөзіне ұйып қаласың.
Отпен ойнасаң, күйіп қаласың,
Сезімдімен сөйлессең, сүйіп қаласың.
Суайтпен сөйлессең, сеніп қаласың,
Сеніміне сезбей еніп қаласың.
Сұғанақпен сөйлессең, «елтіп» жібереді,
Сыбайласымен «сапарға» ертіп жібереді...
Аңшымен сырлассаң, бөрібасар сұрайды,
Алқашпен сырлассаң, шөлбасар сұрайды...
Көбікауызбен сөйлессең, «сабақ» береді,
Сабақты бірнеше сағат береді...
Жемқормен сөйлессең, «жол-жобаны» айтады,
Өзіне пайдалы мол жобаны айтады...
Жұмысшы жалақысын алмағанын айтады,
Алу үшін амалдың қалмағанын айтады...
Баспанасы жоқтар безіп кеткенін айтады,
Пәтер үй іздеп, кезіп кеткенін айтады...
Біреу жәрдем сұрап арызданғанын айтады,
Біреу банкке көп қарызданғанын айтады...
Басқа да баршылық...

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

Қызылорда 

Бір күні Қожаның әйелі мұның бетіне ұзақ уақыт қарап тұрып:
– Мен сенің жүрегіңе таңғаламын. Расында ол өте төзімді, – дейді.
– Неге бұлай дейсің? – дейді Қожа.
– Сен сондай бір ұсқынсыз бейбақсың, тек жүрегің мықты болған соң ғана шыдап жүрсің ғой.
– Олай болса сенің жүрегің төрт есе төзімді екен, – дейді Қожа.
– Неге? – деп таңғалады әйелі.
– Мен болсам өз ұсқынымды күнде көре алмаймын ғой, – депті Қожа, – ал сен болсаң күнде көресің, сонда да былқ етпей төзіп келесің. 

* * *

Бір күні Қожанасыр әйеліне:
– Қатын-ау, біздің бұл тіршілігіміз түкке татымайды, бірақ сен қам жеме, біз о дүниеге барған соң шалқып-тасимыз, – дейді.
– Қалайша? – деп сұрапты әйелі.
– О дүниеде біз жұмаққа барамыз.
– Оны қайдан білдің, немене, бал аштың ба?
– Қайдан білуші едім, – депті Молда. – Екеуміздің бет-жүзімізге қарайықшы. Ұсқынымыз келіспеген, сонда да бір-бірімізге қарауға әсте жалықпаймыз, үлкен төзіммен шыдап келеміз. Ал басқа қандай қайғы-қасірет түссе де шыдай білген адам ғана жұмаққа барады.

* * *

Қожанасыр түрі келіспеген әйелімен керісіп қалып теріс қарап ұйықтауға жатады. Әйелі айнадағы жүзіне қарап отырып, Қожа ұйықтап жатқан болар деп:
– Мен сонша неге көріксіз болдым екен, егер сұлу болсам ғой, ерім мені жәбірлей бермес еді, – деп ақырын ғана кемсеңдеп жылай бастайды.
Мұның әлгі сөздерін естіген Қожанасыр кенет еңіреп жылап жіберіпті.
– Молдеке, сізге не болды? – деп сұрайды әйелі таңданып.
– Мен де қу тағдырға күйініп жылап жатырмын – депті Қожекең, – сен бар-жоғы жүзіңді айнадан бір көрдің де жылап жатырсың, ал мен ше? Мен сенің түріңді күнде көремін, шыдап келемін-ау, ол қашанға дейін созыла бермек? Сонда мен жыламағанда, кім жылайды?

 

Айта салдым...

Иттік жасағаныңды ит те біледі. 

* * *

Қатыгез болғың келсе, капиталиске айнал. 

* * *

Өзіңе өзің жасаған жарнамаң бойыңнан аспайды. 

* * *

Жақсыны жамандасаң да жарқырап тұрады. 

* * *

Тағдырың – дегеніңе көнбейді, өзі ауыртып, өз білгенімен жөндейді. 

* * *

Әдемілігіңді әдебің айтсын. 

* * *

Көрінгің келсе – табаныңды да тоздыр, талантыңды да оздыр. 

* * *

Әдебиетке асығыс келгендер – асығып кетіп қалады. 

* * *

Ағайын туыса да біледі, суыса да біледі. 

* * *

Сөз сендіре де, семдіре де алады. 

Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ

Алматы облысы

 

Қияндағы «Төбет» деген ауыл. Қораның ішіндегі шөптің үстінде жатқан Сабалақ атты ит көзін ашып аз-кем манаурап жатты да, бір керіліп алып «Ауу-уууу» деп ұлып жіберді. Сабалақтың барқылдаған дауысын естіген басқа да «ағайындары» бұған қосыла үн қатты да, аз уақыт өтпей ауылдағы барлық ырылдаған, қыңсылаған топ Сабалақ жатқан шөп аулаға да келіп жетті. Сабалақ ма­наураған көзімен келген топты бір шолып өтіп еді – төбеті бар, қандені бар, күшігі бар бәрі де жиналыпты. Сабалақ азу тісін ақситып тұрып ырылдаған дауыспен сөз бастап кетті. 

– Қадірменді туыс-ағай­ын­дар, мына келген жылы­мыз қайырымен болсын! Бұл жыл біздер үшін ерекше жыл болғалы тұр. 12 жылда бір келетін, тоист біздерді бір елейтін, суреттерімізді көшелерге іліп қоятын жыл атауында өзімізді бір түгендеп, алдағы қарекетімізді де белгілеп алған жөн сияқты. Бәрің де білесіздер, сонау ықылым заманда Ит деген тайпадан тараған үлкен қауым едік. Мына екі аяқты пенделермен дос болдық. Адал қызмет жасадық. Тазы руынан шыққандар аңшылық қызметте болды. Біздің Төбет руынан шыққандар ауыл-қораны күзетті. Қанден руынан шыққандар жаушылық қызметін, бүгінгі тілмен айтқанда – қожайындарға хабар беруші қызметтерін атқарды. Тіпті біздің рудан шыққан Сырттан деп аталатын ағайындар көк бөріні де алып жүрді. Заман өзгерді. Соның әсері ме, иттік кодымызды жойып алған сияқтымыз. Аумалы-төкпелі заманда түркімендердің алабайларына, немістің абшаркаларына, ағылшынның бұлдықтарына елік­тей­міз деп төбет тұқымына тән қасиеттерден айы­рыл­дық. Біздің қаншық ата­латын ұрғашыларымыз жоғарыда айтқандармен әуей болып, шата күшіктерді дүниеге әкелді. Өздерін ақыл­ды санайтын мына екі аяқты қожайындарымыз да бізді дәріптемей, ата жауымыз – көк бөріден тарадық деп даурығып жүр. Өздерің көріп жүргендей – кино шығарып, өлең айтатын болса – көк бөріні дәріптеп ұлытып қояды... Бізді ұлы­тып қойса да ештеңелері кетпес еді-ау... Жә, құрысын, айта берсе реніш таусылмас. Алдағы қарекетімізге де бір барлау жасап қояйық, – деп Сабалақ құйрығын бұлғаңдатып, ырылдап барып сөзін аяқтады.

– Дұрыс айтасың, Сәбеке! – деп Барбоз аталып кеткен боз ит сөз бастады. – Осы біз кім болып бара жатырмыз? Біз иттік намысымыздан айырылдық. Олай дейтін себебім – мына екі аяқтылар өздерінің небір жаман қасиеттерін біздерге теңейтін болды. Пәктімен айтайын, жақында қожайынымның екі ұлы арақ ішіп алып төбелесті. Сонда әлгілердің сақалы шошаңдаған әкесі оларға: – Ит болып кеттіңдер ме? Бір-біріңмен итше ырылдаспай жүріңдер! – деп ұрсып жатқандарын көрдім. Сары шашты ағайындарынан үйренген жынды суды ішіп жынданатындарына біздің қандай кінәміз бар?.. – деп ызалана үріп жіберді. 

Бір уақытта гүріліне ырылы қосылған, бөрі алмаса да атын бөрібасар қойған Бөрібасардың дауысы естілді.

 – Қарақтарым, иттер-ай! Бәріңдікі де жөн. Көргенім де, түйгенім де көп болғасын айтып жатырмын. Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Осы ауылдағы майлы сүйектің бәрін кемірдім десем өтірік айтқандық болмас. Енді міне, шау тарттым, сүйекті кемірмек түгіл быламық ішуге шамам келмей бара жатыр. Қожайыным да итаяққа жуынды­ны бірде құйса, бірде құй­майды. Қартайғасын, пайдам жоқ болғасын мені неғылсын. Алдында қала мен екі ортаға «Жеппен» әрлі-берлі шауып жүретін баласына: «Алабай бол­маса, абшарканың күші­гін алып кел» деп айтып жатқанын мына саңырау құлағым естіп қалды. Бұл екі аяқтылардан не үміт, не қайыр?! Өздерінің қаусаған кемпір-шалдарын қарттар үйіне ытқытып жіберетін бұлардан бәрін де күтуге болады. «Жақсы ит – өлімтігін көрсетпейді» деген мәтел бар ғой. Қыс кетіп жер аяғы кеңігесін кетемін деп жүрмін. Бір жерден топырақ бұйырар... Ендігі айтар аманатым – шамаларың жетсе, қожайындар әкеліп жатқан шет ағайындардың күшіктерін бәрің жабыла талайсыңдар ма, әйтеуір күн көрсетпеңдер. Болмаса даланың бөрісіне айдап са­лыңдар. Олар айқасып жат­қанда сендер бұғып қа­лың­дар. Бұл келімсек ағайын­дар күшіктерін өсіріп бір көбейіп алса, дес бермей кетеді. «Төбет» деген ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан мына ауыл да жер бетінен жойылады, – деп бар күшін сала ырылдаған дауыс шығарып сөзін аяқтады. 

Бір кезде топ иттің ішінен шіңк-шіңк етіп үрген дауыс шықты. Бәрі дауыс шыққан жаққа мойын бұрып еді, Саққұлақ атанып кеткен ақ қанден екен.
 – Туыстар, Сабалақ атам да, Барбоз ағам да дұрыс айтты. Біз құрып бара жатырмыз. Мен сияқтыларды бойыма қарап хабаршы атап жүр ғой. Бұның да пайдасы тиіп жүр. Елеусіз болғандықтан біздер үйдің дәлізі емес, төрге де шығып кететін жағ­дайларымыз болып қалып жатады. Бір естігенім, осы жылы ауылда біздің тұқымды көбейіп кетті деп жоймақшы болып жатқан әңгімені естідім. Олардың айтуынша, түрлі аурулардың таралуына жол береді екен­біз. Ал айтыңдаршы, ауаны да, жерді де бүлдіріп жат­қан кімдер? Тіпті біз жемейтін қалдықтарды шашып жат­қандар кімдер?.. Бұған да біз кінәлі болып жатырмыз. Сондықтан Сабалақ ата, сіз бастап, біз қостап өзімізді қорғап қалатындай бір шешімге келуіміз керек, – деп шіңк-шіңк үріп жіберді. 

Жиналған иттер қауымы қанден Саққұлақтың шіңкіл­деп айтқан шешіміне тоқ­тады. Ол шешім – «Ит – жеті қазынаның бірі» деген. 
Шешімді қабылдаған иттер үріп қоя берді. Ырылдаған, абалаған, қыңсылаған дауыстан «Төбет» ауылының түнгі аспаны азан-қазан шуға толды. 

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Батыс Қазақстан облысы

Мүйісті жүргізген Берік Садыр