Бокс • 03 Сәуір, 2018

Рубалкабаны есеңгіреткен Ділдәбеков

963 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұхтархан ердің сойы ғой. Ділдә­бе­ковті айтамыз. Боксшы болам деп талаптың атын ерттеп мінгендерден он жыл кейін бокс қолғабын қолына киді. Былайынша айтқанда, 18 жасында көкпар тартып жүріп келіп қалды. Айналдырған 5-10 жылда спорт жұлдыздарына арман болған барлық жүлделерді жеңіп алды. Аса ауыр салмақта кеше де, бүгін де оның алдына түскен қазақ жоқ.

Рубалкабаны есеңгіреткен Ділдәбеков

Жыл сайын турнир өтеді. Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесі үшін. Халықаралық. Қа­зақстаннан бөлек Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзер­байжан бар. Жиыны он бес шақты мемлекеттен жастар келген. Өз елінің кілең чемпиондары.

Біздің жігіттер мықты екен. Былтыр Азия чемпионатын Өзбекстан чемпионаты­мен шатастырып алған ала топылы ағайындардың ең соңғы үміті ауыр салмақтағы боксшысында. Алтыны жоқ. Жоқ болуы да мүмкін еді. Алматылық бозбала мықты шықты. Соқ­қылары жойқын. Таза ұрады. Жеңгеніне шүбәсіз едім, рефери өзбек боксшысының қолын көтерді.

– Әй, мыналарың не?

Мұхтархан, ақкөңіл інім кеңкілдеп күледі.

– Обал ғой, аға. Біздің жігіттердің алтынға өкпесі жоқ. Мыналар да еліне жарқырап барсын да...

Осы енді. Сөйтсек, облыстық бокс мек­тебінің директоры, кезінде айтулы бокс­шы болған Заңғар Қасқаев інім де ашуланып тұр. «Олар мынадай жекпе-жекте бізге өлсе де жеңіс бермейді» дейді.

Сосын Мұхтархан туралы әңгіме кетті. Сиднейде ол Кубаның ғана емес әлемдегі ең алып боксшылардың бірі – Алексис Рубалкабаны есеңгіретіп тастағанын дүние жүзі көрді ғой.

Бірақ, сол Рубалкабаның Сиднейден екі жыл бұрын Қазақстанға келіп Азияның супер алыптарын жамсатып кеткенін көп адам біле бермейді.

Оқиға Қарағандыда Ғалым Жарыл­қа­пов­ты еске түсіруге арналған халықаралық жарыста болған. Ол кезде Өзбекстан құра­масының бетке ұстары Әлем кубогінің жеңімпазы Ләшкер Закиров болған. Рустам Саидов екінші. Қазақстаннан Мұхтархан Ділдәбеков бар. Алексис Рубалкаба бәрін дырдай қылып сабапты. Арбаға таңып қоймаған. Бес батпан жұдырығымен алдымен Закировті құлат­қан. Сосын Сабировты. Мұхтарханмен ақтық сында айқасыпты. Бокстың «Әліп­песін» оқымай-ақ құрамаға өтіп кеткен біздің батыр қайқалаңдап қаша ұрыс салды дейді.

Рубалкаба төрт раунд бойы еңкілдетіп қуған.

Заңғар айтады. Мұхтарханмен бір бөлмеде жатамын. Жарыстан соң қарай­мын, Мұхтархан жоқ. Бапкерлер де, бокс­шылар да таппай жатыр. Бөлмеге келсем Мұхтарханның бір қолында қойдың құйрығы, бір қолында пышақ. Қиялап турап жеп отыр.

Артық сөз айтсам ұрып тастауы мүм­кін. Қорқып та отырмын. Бірақ, үнсіз отыра беруге болмайды. Сөз табу керек.

– Мұхтархан, сен маладессің.

Мұхтархан маған тесіле қарады. Ке­ке­тіп отырма деп. Қасында пышақ. Сыр білдірмедім.

– Мұхтар, өзің қара. Ана екі өзбекті Ру­балкаба талдырып тастады. Саған төрт раунд бойы ештеңе істей алмады ғой.

Әлі де бойымда қорқыныш бар. Ашу­ланып бір ұрса сүйегің шашылып қалады.

Жоқ, ұяттан өртеніп отырған Мұх­тар­хан ептеп жадырады.

Қолындағы құйрықтан бар білем кесіп алып ұсынды.

– Мә, Заңғар, май жейсің бе?

Осыны айтып, Заңғар кеңкілдеп күледі. Батыр аңғал деген осы. Жеңілгенін Мұх­тархан білмей отырған жоқ. Бірақ, аналар құсап құлап қалмағаны дәтке қуат. Тауып айтылған сөз іштей тығылып отырған батырдың құлағына майдай жаққаны анық.

P.S. Мұхтархан Ділдәбеков. Азия чемпионаты, Азия ойындарында алдына жан салған жоқ. ТМД-нің жеңімпазы болды. Әлем чемпионатында және Олимпия ойындарында ақтық сынға жетті. 

Бір қызығы, осынау жетіс­тіктерге ол қазақша құлаштап ұрып-ақ жетті. Оны Елбасы да айтып күлген. Бапкері Нұрғали Сафиулин, Рубалкабадан сескеніңкіреп бокстасып жатқанда, алыс Аустралияның шаршы алаңында, бүкіл әлем көз алмай қарап отырған айқаста «қазақ емессің бе?!» деп жағынан тартып жіберетін. Нұрғали көкеміздің айтқаны бар. «Мұхтархан бокстаса білмейді, бірақ, қалай жеңуді біледі» деген. Қанатты сөз. Ол ойдың бір кілті бар еді.

Намыс. Қазақтың, ердің намысы. Елдің тілеуін орындау. Мұхтархан намыс жолында қабырғасын біртіндеп сөксең де қабағын шытпайтын ердің сойы ғой.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»