Тарих • 04 Сәуір, 2018

Әйгілі Әміре жайында Париж газеттері не жазып еді?

1545 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бесінші сәуір жұлдызында қазақтың қайталанбас ғажайып әншісі Әміре Қашаубаевтың қиын-шырғалаң тағдыры жайлы баяндайтын «Әміре» атты үлкен киножоба қалың қауымға жол тартады. Фильмнің бұдан үш күн бұрын Астанада өткен жабық көрсетілімі кәсіпқой мамандар тарапынан аса тәуір бағаланғаны белгілі.

Әйгілі Әміре жайында Париж газеттері не жазып еді?

Трейлер көрермендерге жарқын да сапалы ғажаптарын молынан ұсынбақ. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қанаттанған «Қазақфильм» «Рухани жаңғыру» стратегиясына қапысыз үйлескен күрделі де мерейлі жобаны жүзеге асыру жолында аз күш-жігер жұмсамағаны байқалады. Жобаға камерадан тыс әрі соның алдында да жұмыс істеген батыстық кәсібилердің қатысуы осыны айғақтайды.

Бұған дейін бірқатар қызғылықты фильмдер (өз басым «Анаға апарар жол» және «Районы» фильмін бөліп атап едім) түсірген картинаның бас продюсері Алидар Өтемұратов басқаратын «Dar-Play» компаниясының жобаға қатысуы елеулі киноөнімін күтуге негіз болғандай. Фильмді түсіру кезінде танымал музыкатанушы Жарқын Шәкәрім кеңесшілік қызмет атқарған. Соңғы қырық жылда Ә.Қашаубаев тағдырындағы көптеген беймәлім деректерді білгеніміз үшін нақ осы өнертанушының ізденістері мен жарияланымдарына қарыздармыз.

Біздің үміттенгеніміздей, картинаның сәтті прокатына дайындықтың құрамдас бөлігі ретінде, жобаға қатысушылар өткен жылы «Әміре Парижде» атты, безендірілуі де, мазмұны да тамаша кітапты ұсынған еді. Әлбетте, бұл басылымның ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы аса көрнекті қазақ әншісінің баға жеткізсіз мұрасын көпшілікке таныту ісіне қосылған кезекті үлес екендігі сөзсіз.

Сірә, кинофильмнен 1925 жылғы оқиғаларды сипаттап суреттеудегі құжаттық қасаң дәлдікті күту артықтау болар. Егер Әміренің Мұстафа Шоқаймен кездесу дерегі кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік органдарының мұрағаттық құжаттарымен расталса, қазақ әншісінің атақты сазгер Джордж Гершвинмен танысуы, меніңше, сценарийшінің батыл да сәтті қиялының жемісі болып табылады.

Шын мәнінде де американдық өнер иесі 1920 жылдардың ортасында өмірінің бірнеше жылын Парижде өткізген. Әміремен кездесе қалса, бәлкім, ол онымен орысша да сөйлесе алар еді. Себебі, Гершвиннің ата-анасы Нью-Йоркке Ресей империясынан қоныс аударған, әкесі – Санкт-Петербургтен, шешесі – Вильнюстан. Алайда, Дж. Гершвиннің Парижге бірінші сапары, ғаламтор мәліметтеріне қарағанда, 1926 жылға сәйкес келеді. Қайталап айтар болсақ, сценарийшінің осындай кездесуді ойлап табуға толық хақысы бар. Киноның көркем атануы сондықтан.

Бұл картинаның өз көңіл күйіме ерекше әсер еткенін айтуым керек. Франция астанасына үш ай бұрын дипломатиялық қызмет бабымен келген мен 1925 жылғы Дүниежүзілік көрме барысында Ә.Қашаубаевтың өнер көрсетуімен байланысты жерлерді аралап көруге мүмкіндік алдым. Әрине, ол орындарды қаланың көптеген басқа қонақтары да көрді. Өйткені, Париждегі дүниежүзілік көрмелер дәстүрлі түрде Сена өзенінің қос қапталындағы үлкен саябақ аумағында, атақты Елисей алқаптары даңғылы басталатын Келісім алаңы мен Наполеон мәйіті тыным тапқан Мүгедектер үйінің аралығында өтіп жүрді. Осы арада 1900 және 1925 жылдардағы көрмелерде орталық павильон қызметін атқарған Үлкен сарай (Гран-пале) орналасқан. Дәлірек айтқанда, соңғысы, заманауи терминологияға сәйкес әмбебап емес, баршамыздың жадымызда жатталып қалған Астанадағы ЭКСПО-2017 сияқты, мамандандырылған халықаралық көрме болды. Соған қарамастан, ол өз онжылдығындағы аса ірі халықаралық іс-шаралардың қатарына кіріп, ХХ ғасырдағы декоративтік өнер мен сәулеттің дамуына үлкен ықпалын тигізді, «ар-деко» мәнерінің шырқау шыңын әйгілеп, «конструктивизмнің» асқақтауы басталғанын паш етті.

Әміре Қашаубаев

Әміре Қашаубаев1925 жылы «Париж апталығында» Әміренің әншілігі туралы шыққан мақала

Трейлерден алған әсерім менің 1925 жылғы шілдедегі француз баспасөзінің «тігінділерін» іздестіріп, олардан Әміренің осында болуы туралы ақпарат-хабарларды табуыма қозғау салды. Осы мақсатпен мен Францияның Ұлттық кітапханасына жазылуға ұйғардым.

«Париж апталығы» басылымынан Ә.Қашаубаевтың өнер көрсетулеріне байланысты лебіздердің түпнұсқаларын тапқым келді (Ж.Шәкәрім кітаптарында оның аудармасы, сірә, осында болған делегацияның мәскеулік есептерінен келтірілсе керек.

Кітапхана каталогынан «Париж апталығы» деп отырғанымыз 1922-1937 жылдар аралығында шығып тұрған, астананың мәдени өмірін көрсетуге маманданған «La semaine a Paris» екенін анықтадым.

Кітапханада сондай-ақ өткен ғасырдың бірінші жартысындағы Парижде бұл саланың оқиғаларын «Comoedia» газеті неғұрлым толық көрсетіп отырды деп кеңес берді. Ол аз-кем үзілістермен 1907 жылдан 1944 жылға дейін күн сайын (!) шығып тұрған. Атауына қарамастан ол өте байыпты да байсалды басылым болған, әрбір санында өз заманының таңдаулы музыкалық шолушылары мен сыншыларының мақалаларын, сондай-ақ Париждегі маңызды мәдени оқиғалардың аңдатпаларын жариялап отырған.

Әйткенмен, кітапханада екі басылымның да қағаз нұсқалары жоқ болып шықты. Іс жайы мынада: олар ХХ ғасырдағы мерзімді баспасөздің жүздеген басқа аталымдарымен бірге, өз ауқымымен таң қалдырарлық Франция Ұлттық кітапханасының жобасы аясында басқа құралдарға көшірілген. Бір жағынан, Әміре туралы пікір-лебіздер басылған сарғыш тартқан беттерді өз саусақтарыңмен сипап көру мүмкіндігінің жоғы өкінішті. Екінші жағынан, цифрландыру жұмысымды айтарлықтай жеңілдетті.

«Париж апталығының» беттерін қарап отырмын. 1925 жылғы Дүниежүзілік көрме аясындағы мәдени шаралар аңдатпалары көп-ақ, әрбір нөмірде павильондардың орналасу тәртібінің егжей-тегжейлі картасы берілген.

10-17 шілдедегі №163 шығарылымның 49-шы бетінде, ақырында, «Орыс этнографиялық өнерінің сеанстары» аңдатпасы орын алған (Semaine d’Art ethnographique russe). «Salle Comoedia» (Сан-Жорж көшесі, 51) – жұма, 10 шілде және сенбі, 11 шілде 21.00. Билеттердің құны – 8-ден 20 франкке дейін».

Бағдарламада – Григорий Любимов жетекшілік ететін «аспапшылар квартеті» (сірә, орыс домрасында орындаушылардың атақты ансамблі болса керек), әншілер Анатолий Доливо, Мухитдин Кара-Якубов, Ольга Ковалева, Оксана Федоровская-Станиславская, Шовкет Мамедова, қурайшы Юмабай Исенбаев, биші Тамара Ханум және, ақыры, әйгілі жерлесіміз – сhanteur Kirghiz Monsieur Amre Kaschalbaeff.

Демек, Әміренің Париждегі алғашқы өнер көрсетулерінің уақыты – 1925 жылғы 10 және 11 шілде, ал орны – Сан-Жорж көшесіндегі 51-үй, Salle Comoedia болып шығады.

17-24 шілдедегі №164 нөмірдегі 40-шы беттен біз енді «Орыс этнографиялық өнерінің аптасы» ретінде таңбаланған концерттердің тағы екі аңдатпасын табамыз. Жұма күнгі 17 шілде, 18.00-де және сенбі күнгі 18 шілде, 15.00-де, сол зал, қатысушылар құрамы да бұрынғыша. Тағы да көзге Chansons Kirghiz (Monsieur Amre Kaschalbaeff) деген сөздер оттай басылады.

Бұл арада 1920 жылы астанасы Орынбор қаласы болып құрылған Қырғыз АССР-ы Әміренің Париждегі ән шырқауынан бір айдай бұрын, дәлірек айтқанда, 1925 жылдың 15 маусымында атауы Қазақ болып өзгергенін еске алу артықтық етпес. Сірә, француздарға «Kazak» кімдер екендігін түсіндіріп жатуды тым қиын санаса керек. Сондықтан Ж.Шәкәрімнің туысқан қырғызстандық әріптестеріне материал іздеуде қолұшын беруі оның Ә.Қашаубаев дауысының жазбасын табуына жол ашып, сәттілік әкелді. Ал қырғыз халқы нақ сол апталарда өздерінің «жаңа» этнонимін иеленген болатын (бұған дейін оларды құжаттарда «қара қырғыздар» деп атап келген-ді).

«Париж апталығының» шілдедегі соңғы нөмірінен (24-31 шілдедегі №165) біз Ж.Шәкәрімнің кітаптарында аудармасы келтірілген мақаланы көреміз. Ол бұрынғы жарияланымдардан белгілі 1925 жылғы үлгідегі КСРО фольклорлық өнері «жұлдыздары құрамасының» ұжымдық фото-суретімен безендірілген.

«Comoedia» беттеріне шұқшия үңілу неғұрлым үлкен жаңалықтарға жол ашты.

Ә.Қашаубаев тегінің француздық транслитерациясының нұсқалары тым көп болып шықты. Сөйтіп, «Kirghiz» іздеудегі негізгі кілт сөзге айналды. Бұл жүйе 13, 17, 20 және 27 шілдедегі нөмірлердегі «Орыс этнографиялық өнері аптасының» мән-мәтінінен сөздің төрт мәрте аталғанын анықтады.

Бірінші жағдайда 15 шілдеден бастап Salle Comoedia-да КСРО-ның бірқатар ұлттарының, соның ішінде “қырғыздардың” фольклорлық музыка өнері өкілдерінің қатысуымен концерттер сериясы өтетіні туралы аңдатпа жарияланған. Аңдатпаға қоса әртістердің белгілі ұжымдық фотосуреті берілген.

17 шілдеде газеттің бірінші бетінде алғашқы концерттерге қысқа пікір шықты. Бір қызығы, мақалаға «Comoedia»-мен жүйелі ынтымақтастықта болған аса көрнекті француз композиторы, хор дирижері әмбе музыкатанушы Поль Ле Флем (1881-1984) қол қойған. Оның сондай-ақ революцияға дейінгі Мәскеудегі жұмыс тәжірибесі болғандығы белгілі, ал Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Франциядағы Орыс экспедициялық корпусының әскери оркестріне жетекшілік еткен. Сол себептен де, әрине, Ресей музыкасын жақсы білген. Сондықтан, біздің ойымызша, оның білікті бағасының құндылығы ерекше болмақ. Әміре туралы ол былай деп жазады: «Батыс адамының ауқымымен алғанда мсье Қашаубаев шырқаған қырғыз даласының төлтума әндері бізге үйреншікті тәсілдермен өңделмеген. Олардың созылмалы шарықтауы, тәтті әуені, жан елжіретер шынайылығы бізге байтақ дала жазирасына ауысуға, ұшы-қиырсыз көкжиектердің поэзиясына енуге мүмкіндік берді».

Газеттің 20 шілдедегі санында нақ сол күннің кешінде Salle Comoedia-да «орыс этнографиялық музыкасы аптасының» соңғы концерті болатыны хабарланады.

Ақырында, бір апта өткеннен кейін П.Ле Флем «Орыс аптасы» туралы бұрын уәде етілген кең көлемді пікірін жариялайды. Сыншы әуелі концерттер бұрынырақ, неғұрлым сәттірек мерзімде ұйымдастырылмағанына өкініш білдіріп бастайды. Өйткені, шілденің екінші жартысында көптеген париждіктер теңізде демалуға кетіп қалады. Оның сөзіне жүгінсек, соған қарамастан, фольклорлық музыканың қадірін білетіндер «төлтума әуендердің асқақтығы мен бекзаттығын барынша адал ниетпен жеткізген» музыканттардың өнер көрсетулерін үлкен ықыласпен тыңдаған. Барлық тұрғыдан алғанда талғампаз париждік қауымның алдында қол жеткен табысты автор халық өнерінің түпнұсқаларына деген нақ осы адалдықпен («діни құрмет дерлік») түсіндіреді. «Музыкада жан жоқ болса, сиқыр арбамайды» деп П.Ле Флем бейнелі түрде қадап айтады. Нақ сондықтан да, сыншының пайымдауынша, батыстың музыка білгірлері «ешбір жағдайда да автохтондардың музыкасына және олардың халықтық аспаптарына үстірт қарауына болмайды».

«Бұл әуендерге жанды баурап алатын әсемдік тән, мен бұны қарапайым дей алмас едім, өйткені халық жүрегінен шыққан туындыға абайсыз сөз айту «қылмыс» болар еді. Әміренің әні «темпераменттің» шеңберіне сыймай, оның біз құтылуға асығатын өктемдігінен үстем барып, өзінің биік деңгейіне жайғасады. Төрт тондық жүйеге негізделетін ноталық жазуымыз бұл құбылысты әділ, риясыз бейнелей алмайды» дейді сыншы.

П. Ле Флемнің айтуынша, «қырғыз» әндерін орындаушылар өздеріне “бәсең тембрмен ерекшеленетін добмыра атты ішекті аспапқа сүйемелдеп орынайды, және олар көбінесе гармониялық интервалдардың арасынан кварталар мен квинталарға негізделіп, терцияларды сирек пайдаланады. Сонымен қоса автор «қырғыз, түркістандық әуендер біздің мажор мен минорға догмалық ұстаныммен қарайтын музыканттарға «жабайы» көрінуі мүмкін» деп мойындап, және «бұл мелодияларды толық қабылдап, сезіну үшін музыкалық әлемнің жаттанды дағдыларынан бас тартуға тура келеді. Бұны біздің көп жағдайда «византизмге» толы дәстүрлі доктринамыз қабылдауы неғайбыл» деп түсіндіріп кетеді.

Майталман композитор өзінің мақаласын еуропалық әріптес бауырларына үндеу жолдаумен аяқтайды. «Біз үшін бөтен поэзия бөгде аспан астында дүниеге келген осы ән арқылы жарқырай көрініп, тыңдармандарына адамзаттың бәріне ортақ бақыт жолына үміт сыйлап, ортақ қайғымызды қозғайды. Жаттанды уақыт өлшемі мен ескі бағалау жолынан бас тарта тұрайық. Себебі, бұл ән құбылысындағы терең сұлулық – біздің кейбір нәзік, тіпті, ақылға қонбайтын дүниелерімізде жоқ, сирек байлық».

Өкінішке қарай, «Comoedia», «La Semaine a Paris» басылымдарынан өзге жарияланған мақалаларды кездестіріп үлгерген жоқпыз.

Тағы не деуге болады? Бұл ән кештері КСРО-ның Франциядағы Елшілігінің Париж мәдениетін насихаттайтын жетекші басылыммен бірігіп ұйымдастырған шара болуы керек. Бір жағы оқырманы көп белді басылымның жылы лебізіне есеп жасаған болуы да мүмкін. Оның үстіне Ресей музыкасымен жақсы таныс музыкатанушы осы басылыммен ынтамақтастықта еді. «Comoedia» газеті өзінің жеке концерт залында кеңестік делегацияны қарсы алған. Кейбір басылымдарда аталған гала-концерттің Гран-пале (Халықаралық көрменің орталық алаңы) алаңында өткенін растайтын құжат әлі табылған жоқ. П. Ле Флемнің сөзіне қарағанда концерттің кеш ұйымдастырылуына байланысты орындаушылардың саны шектеулі болған сияқты. Бүгінгі таңда Париждегі даңқты залдарда өтетін кештердің афишасы бір жыл, тіпті, одан да ұзақ уақыт бұрын жоспарланып қояды. Бұндай жағдайға редакцияның ұсынысы кеңестік делегацияға ұтымды көрінуі де мүмкін еді.

Газет редакциясы мен концерт залы Париждің 9-ауданындағы 51 rue Saint-Georges-те. Қазір ол жерде Theatre Saint-Georges драма театры орналасқан. Театр тарихы 1929 жылы концерт залы қайта жөндеуден өткен уақыттан бері басталады делінген сайтында. Бірақ 1925 жылдың шілдесінде Әміре ән салған париждік ғимарат өнер адамдарына әлі де қызмет етіп келеді.

Әміре Қашаубаевтың мәдениет астанасында болып, Ромен Ролланмен кездескенін, Анри Барбюстің пікірін, әнші тұрақтаған «Дария» қонақ үйін, Әміренің әнін фонографқа жазып алған, Сорбонна университетінің музыка зерттеушісі Перноның дерегін растайтын фактілерді әлі де тыңғылықты іздеуіміз қажет. Әншінің даусы жазылған таспаны табамын деген үмітім де жоқ емес...

«Париж апталығында» жарияланған 10-11 шілдедегі концертті неге «Comoedia» газеті жазбағаны мен үшін жұмбақ болып тұр.

Бұл сұрақтардың жауабы табылар. Интернет ресурсының мол мүмкіндігі мен біздің тіл білетін мамандардың тағатсыз еңбектері өзімізге әлі құпия боп жатқан арыстарымыздан қалған қазынаға молынан кезігеді дегенге сенгім келеді.

Асқар АБДРАХМАНОВ,
Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары

ПАРИЖ