Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Зайыбыңа қол жұмсау – еркектік емес

1359 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адам жас кезінде кез келген мақал­ды орайы келген жерде сөздің салты­мен судыратып соға береді ғой. Уақыт өте келе «Ойпырым-ай, мына сөзді данышпан ата-бабаларымыз босқа қалдырмаған екен-ау», деп жаның күйзеліп, санаңнан өткізіп, жүрегіңді сыздатып айтатын нақыл сөздер табылады. Біздің халықтың көп мәтелі қыз-қырқынға, жақсы әйел мен жаман еркекке қатысты болып келеді. Соның ішінде қисындысы да бар, қиыстырып айтыла салғаны да бар.

Зайыбыңа қол жұмсау – еркектік емес

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген тәмсіл де табыла­ды. Жігіттің де төресі, аза­мат­тың да асылы болмақ. Сыр­ты­­нан көз салсаң судай жұм­сақ, сыр­­баз. Күш-қуаты жүре­гін­де жасырулы. Мына елдің бай­лығы мен қорғаны сол – пара­сат­ты жігіттер.

Бірақ бәрі біз ойлағандай бол­ған емес. Өзегіңді тіліп өртей­тін өкінішті жайттар да бар.

«Өмір деген таңғалдырады. Менің Маржан атты әп-әдемі шаштараз қызым бар еді. Күйеуі, 3 жасқа екі ай қалған ұлы бар-тын. Сондай керемет маман, тиянақты, көңілді болатын. Соңғы кез­дері «Енеммен тұрамын, оның қандай екенін білсеңіз, күйеуім шешесінің сөзінен шықпайды, үнемі ұрыс шығарып, мені сабатады» деп айтып жүрді. Мен барынша жұбатып қоятынмын. Неге мән бермедім екен?! Сол Маржанымды осыдан 1 ай бұрын жоғалтып алдық. Не болғанын білесіздер ме? Күйеуі өлтіріп үйдегі кілемге орап тау етегіне апарып көміп тастаған. Мәйітті ашқан кезде ұялы телефоны қалтасында болған. Ең масқарасы Маржанды өлтірген кезде енесі мен қайнысы болған үйде. Өлікті барлығы жабылып көмуге атсалысқан. Не болып кетті өзі?! Бүгін барлығының анық-қаны­ғын естіп қан жыладым. Бұл жайын­да ешбір телеарна айтпады. Талғар ауданында болған қан­ды оқиға. Қаншама қазақ қыз­дары осылай күйеу қолынан бақи­лық болуда Бір Алла біледі. Елі­мізде ешкім оның анығын айт­пайды, жарияламайды» деп жазып жіберіпті «Игілік» журналының бас редакторы әріп­те­сім Меруерт Әйтенова ханым.

Сосын тағы да жазыпты. «...Иә, солай болса болар еді, бірақ тек күйеуі ғана қамау­да. Ене, бауыр деген еркіндікте. Күй­еуі қарапайым қарауыл жігіт еді. Жа­сы 25 шамасында. Осыншама әйелді пышақтап сойып салу деген не өзі? Сән бе? Осыдан кейін мен кіммен өмір сүріп жатырмын деп ойланатын боламыз-ау? Мына жігіттің осындай жауыздыққа баратынына сену мүмкін емес. Түріне қарасаң қарапайым-ақ қазақ баласы...».

Тағы да ескі жараны тырнап отыр. Көзіміз ашылды, өр­ке­­­ниеттің көшіне ілестік деп жүр­­генде жұрттың көз ал­дын­­да жүрген Баянның ба­сын­дағы жағ­дай үшін де жұ­рт екіге айырылып даулас­­­ты, әлі де пікір қайшы­лас­ты­рады. Ерлі-зайып­тылардың ара­сына есі кеткен түссе де, ер­аза­мат ешқашан әйел адамға қол көтеріп, қорламауы керек екенін есі дұрыс адам біледі.

Осы бала күнімізде жүректе дақ қал­дырған қайғылы бір оқиға болған-ды. Ол кісіні ұдайы күйеуі ұрып-соға беруші еді. Күләш апа тым момын болды ма, әлде жетім өскені әсер етті ме, сөзін сөйлейтін, қорғайтын адамы табылмағаннан кейін сол азаптың бәріне төзіп жүре беретін. Сөйтіп жүргенде айдың аман, күннің жылысында, бір күн де ауырмай, тапа тал түсте ол кісі көз жұмды. Қазір қарап тұрсақ, отызға да толмаған келіншек екен.

Кейін мәйіті көкала қойдай екенін, қи­налып өлгенін сүйегіне түскендер сы­бырлап айтып жүруші еді. Адамның қор­қауы ғана баратын қылмысты жария­лауға жұрттың неге дәті бармады екен сол кезде?

Осындай жан түршіктірер оқи­ғалар орын алған сайын Жел­тоқ­сан көте­рі­лі­сі­нің қаһар­ма­ны Қайрат Рыс­құлбеков өзі­нің түр­ме­ден елге аманат етіп айтқан сөзі еске түседі:

– Менің түсінігімше, ер адамдар тұр­мақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүй­із, я болмаса тұяғын көтермейді. Ал біз бә­рі­міз аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз! Сондықтан ер адам әйел затына қол кө­теріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ!

Қайрат Рысқұлбеков: «Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым». Батырдың сөзі! (Қайрат Рысқұлбековтің сотқа берген жауабынан).

Тағдыры қылдың үстінде тұрған осы аз­аматтан асырып не айтуға болады?! Ұлт­тың намысы мен азаттығы сынға түсіп жатқанда қарындастары үшін басын ажалға тіккен осындай арда жігіттер барда, неге қазақтың әйелдері түкке тұр­ғысыз үй ішілік кикілжің үшін өлім құшады?

Мәселен, Қазақстанда әрбір сегізінші әйелге зорлық жасалады. Жыл сайын 400 әйел отбасындағы зорлық-зом­бы­лықтың кесірінен көз жұ­ма­ды, дейді бір дерек көзі. Бұл рес­ми статистика. Ендігі бір мәлі­мет­тер­де жылына 500-дей әйел күй­еуі­нің қолынан қаза табатыны айтылады.

Ал біздің мақсатымыз, қанша әйел­дің таяқ жегенін анықтау емес, осы жау­ыздықты тоқтату. Қит етсе жұбай­ы­на қол көтеру, азаптау – ол адамның пси­хикалық ауытқушылығын білдіретінін тү­сіндіру. Мәселенки, ер адамның әйел адамға қол көтеруінің мынадай себеп­те­рі болады-мыс:

1. Мас күйде есін білмей ұруы;

2. Ішкілікке салынуы. Бұл – ер­кекті тоқыратып, адам­шы­лы­ғын жоғалтады;

 3. Ер адамның психикалық ауытқуы;

4. Ер адамның тым қызғаншақ болуы;

5. Әйелдің өзін ұруға дейін жеткізуі;

6. Әйелдің ер адамға өзі бастап қол көтеруі.

Отбасылық кикілжіңдерді талқылаған ин­тер­н­ет-форумда осы келтірілген мы­салдарға қа­тыс­ты «Психикалық ауыт­қу­ға ұшыраған деуге болмайды. Оның бірнеше себептері болады ғой. Әйел көп нәрсені өз тілінен, не ісінен табады» деп уәж айтыпты бір «азаматтарымыз». Әрине бұл – ақталу. Бұл адамның жүйкесінде кінәрат болуын ақтау. Еш­қашан нағыз азамат балаларының кө­зінше шешесін шырылдатпайды. Ұл-қыз­дарын ұлардай шулатып, итше те­пкілеп, ұрып-соқпайды.

Кейде біз заман азды, адам тозды дейміз. Заман орнында тұр. Өтіп бара жат­қан уақыт емес, біз өтіп барамыз. Алла­­ның азды-көпті ғұмырын қия­нат­қа суаруды ешбір дін мен қоғам қол­да­май­ды.

Жігіттерге бір мысал. Мүмін­дердің әміршісі Омарға (р.а.) әйелінің ұрсып жатқанын көріп таңғалған адамға Омар (р.а.): «Шын мәнінде әйелім мен үшін тыныштығым, бала­ла­рымның анасы, мен демалсын деп астыма төсенішімді төсейді, та­ма­ғымды пісіріп, киімімді жуа­ды. Менің тарапымнан бол­ған бар ауыртпашылыққа са­быр­лылық танытады. Ендеше әйе­лімнің кей кездері маған дауыс көтергеніне қалайша сабыр ет­пей­ін» деп жауап берген екен. Бұл – өзіне сенген, рухы күшті пай­ғамбардың сөзі!

Не десек те, қиянат пен зор­лық-зомбылық надандықтың айна­ласында жүреді. Мәселен, был­­тыр қараша айында ғалам­торда Ауғанстанның Гор про­винциясындағы бір ауылдың діни қыз­меткері, жасы 50-ден асқан Сайыд Мұхамет Кәрім тұтқындалып, кәме­лет жасқа толмаған 6 жастағы қызды ұрлап, үйленбек болды деп айыпталды. Бұл оқиға Ауғанстандағы бала жастан үйлену және оның заңсыз екені туралы мәселеге тағы да жұрттың назарын аударды. Өйткені биыл 16 шілдеде осы Горда 14 жастағы «жүкті әйел» Зухра қаза тауып, оның ата-анасы оны «күйеуі­нің туыстары азаптап, өртегенін» мә­лім­деген болатын. Ал Зухраның күйеу­і­нің туыстары «әйел өзін-өзі өртеді» дей­ді. Сол кезде кейбір ауған әйелдері мәж­бүрлі некеден құтылу үшін өзін өзі өртеген оқиғалар жиілегені жазылды... Міне, әйелге деген қиянат қай жерде жүреді?

Мысалы, жуырда бір қазақ сайты «Ислам әдебі туралы кітап авторлары әйел адамды қалай және қай жерінен ұру керектігін түсіндірді» деген материал жариялап, үзінділер келтіріпті. Ақыл-есі бүтін адамның күлкісі емес, ашуын туғызған сол «кеңестерді» қабылдаған бір адам жоқ. Ал күйеуінен махаббаттың орнына азап көрген әйелдің жүрегі суып, сыйластығы жоғалатынын жазып отырудың өзі де артық.

Ендеше, еркек анасына даусын, әйеліне қолын көтерген күні еркек атынан айырылады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ