Білім • 06 Сәуір, 2018

Қосымша 20 мың грант қайда бөлінбек?

822 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы мақұлданған Үкімет отырысында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы негізіндегі іс-шараларды іске асыруға қажетті қаржы көлемін бағыттауды ұсынды. Яғни, осы аяда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 миллиард теңге бөлінбек. Бұл заң жобасы Үкімет басшысының тапсырмасымен Парламент қарауына енгізілді.

Қосымша 20 мың грант қайда бөлінбек?

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыстың көлемі жыл сайын өсуде. 2017-2018 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс 10 мыңға көбейген болатын. Биыл Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында қосымша 20 мың грант берілетін болды. Бүгінде аталған міндеттерді іске асыру үшін жол картасы әзірленіп, қосымша білім беру гранттарына арналған ұсыныстар қаулы жобасы ретінде министрліктерге, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына және жоғары оқу орындарына жіберілді. Бұл жоба бойынша техникалық мамандықтарға – 11 мың грант, басқа мамандықтарға – 5 мың грант, магистратураға – 3 мың грант және PhD бағытына 1 мың грант бөлінді.

Үкіметтің 2000 жылдары қазақстандық маман тапшылығын білім несиесі есебінен түгендегені елдің есінде болар. Тоқсаныншы жылдардың соңында орын алған қаржы дағдарысынан кейінгі уақытта аталған бағдарлама білім деңгейі жоғары мектеп бітіруші түлектердің жоғары білім алуына жан-жақты жағдай жасады. Әрине, белгілі мамандыққа ие болған білім несиесінің иегерлері еңбек жолын бастаған соң үкіметтік займды өтеуде аса қиналған жоқ. Ал бұл жолы ешқандай қарызсыз қосымша 20 мың гранттың бөлінуі елдің адами капитал ресурсын нығайтуға бағытталған тиімді қолдау болары анық.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керектігін айтқан болатын. Сондықтан 20 мың грант шын мәнінде 20 мың адамның аталған саладағы үлесін арттыруға соны серпін береді деп күтілуде. Бұл ретте металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІТ-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамытуға көңіл бөлінбек.

Қазір Қазақстанда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы Quacquarelli Symonds World University Rankings атты әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне 8 қазақстандық жоғары оқу орны кірді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында биыл университеттердің академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту, білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингін жүргізу және үздік білім беру бағдарламаларының тізімін жасау, шетелдерде білім беру көрмелерін ұйымдастыру, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Түркіменстанда халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдіктерін ашу мәселесін пысықтау, екі дипломдықбілім беруді жүзеге асыру арқылы шетел студенттерін тарту, ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын іске асыру, ақпараттық технология, педагогикалық, медициналық, техникалық бағыттар бойынша жаңа университеттер ашуды талқылау, ағылшын тілінде 10 жаңа бағдарлама әзірлеу іспетті жұмыстар жалғасын табады.

Таяуда Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Білім және ғылым министрінің төрағалығымен жоғары оқу орындарының ректорларымен өткен кеңесте де келелі мәселелер қаралды. Мәселелерді талқылау барысында министр Ерлан Сағадиев еліміздегі жұмыс орындарының басым бөлігін бизнес-қауымдастықтар құратынын, сондықтан жоғары оқу орындарын бітірушілерді бәсекеге қабілеттілікке қойылатын қазіргі талаптарға бейімдеу қажеттігін атап өтті. Осы орайда министрлік өкілдері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс берушілерді тарта отырып, білім беру бағдарламаларын бағалау жұмысына кірісті. Бұл білім беру бағдарламаларын бағалау негізінде талапкерлер мен жұмыс берушілерге еңбек нарығында сұранысқа жауап беретін білім беру қызметін ұсына алатын мамандықты да, жоғары оқу орнын да таңдауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларына қажеттілік пен сұранысты ескере отырып, мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде шешім қабылдау мүмкіндігіне жол ашады. Мұның өзі білім беру бағдарламаларын өзектендіру мен жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен байланысын нығайтуға септеседі деп күтілуде.

Әрине, қазіргі білім алушылар ел экономикасында 30, 40, 50-жылдары еңбек ететін болады. Егер 1760 жылдардан 1840 жылдарға дейінгі алғашқы өнеркәсіптік революцияның негізгі тетігі механикалық өндірістің дамуына жол ашқан бу машинасын ойлап табу мен темір жолдардың құрылысы болса, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан екінші өнеркәсіптік революция шеңберінде электр қуаты мен конвейердің енгізілуі өндірістің жаппай таралуына жағдай жасады. Ал үшінші өнеркәсіптік революция 1960 жылдарда басталды. Бұл үлкен ЭВМ-дер мен жеке компьютерлердің енгізіле бастаған шағы. Ал бүгінгі төртінші өнеркәсіптік революция цифрлы қоғамды қалыптастырып отыр. Әлем елдері жедел өзгерістердің бастауында тұр. Ал оған дайын болудың бір шарты – білікті маман даярлау. Осы үдеден табылу үшін де 5 әлеуметтік бастама шеңберіндегі 20 мың қосымша оқу грантының бағытталар межесі әр саладағы ақпараттық технологиялар болуы тиіс. Бұл ретте сарапшылар жаһандық сипат алған корпоративтік инвестициялармен жұмыс істеу тәжірибесін зерделеу арқылы өте пайдалы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын айтады. Өйткені еңбек нарығының өзгеруі мен отандық білім беру саласының жаңғыруы егіз өрімдей бір-бірін толықтырып отыруы тиіс.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»