Бизнес • 09 Сәуір, 2018

Кепілдікке кеңшілік жасалмақ

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бас­тамасын жүзеге асыру аясында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудағы мәселелер Үкі­меттегі баспасөз мәслихатында толығы­рақ айтылды. Шағын және орта кәсіп­кер­лікпен айналысуға ниетті тұлғаларға биылғы жылы да берілер мүмкіндік мол. 

Кепілдікке кеңшілік жасалмақ

Осы мақсатта, шағын несиелендірудің көлемі 20 млрд теңгеген ұлғайып, 62 млрд теңгені құрап отыр. Мемлекет жеңілдетілген несие беруді 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырмақ. Бұл арқылы биылғы жылы өз кәсібін ашуға, ісін өрге домалатуға мүмкіндік алған қазақстандықтардың саны 14 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқармасы төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, шағын несиелендірудің негізгі қағидалары мен механизмдері бағдарламада, сондай-ақ несиелеу ережелерінде қарастырылған. Несие алушылар 6 пайыздық үстемемен 5 жылға, оның ішінде мал шаруашылығы саласындағы несиелерді 7 жылға ресімдеуге мүмкіндігі бар. Ал берілетін несие мөлшері 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 19 миллион 240 мың теңгені құрайды.

Бағдарлама аясында біздің қор 19,3 млрд теңгеге 5694 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 11,5 млрд теңге бөлінген 3426-сы стартап жобалар. Бұл барлық қаржыландырудың 60 пайызын құрап отыр, деді Ж.Омаров.

Өткен жылы стартап жобаларға 4 млрд 600 мың теңгеге 850 несие, соның ішінде «Бизнес Бастау» жобаларына 3 млрд көлемінде 523 несие берілген. Еліміздегі микронесиенің көп бөлігін Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және  Қарағанды облыстары алып отыр. Ескеретіні, халық көп шоғырланған Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысында несие алуға нетті шарулардың қарасы қалың. Былтыр көбі аталған жобаларға ілікпей қалған еді. Енді биыл осы олқылықтың орнын толтыру қарастырылып отыр. 

Еліміздегі шаруалар екінші деңгейлі банктерден несие алу үшін меншігіндегі мүлкін кепілдікке ұсынуға тиіс. Ал кепілдікке қояр мүлкі жоқтар, көп жағдайда қала сыртындағы, я болмаса ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін ұсынып жатады. Мұны өз кезегінде банктер қабылдамай, жағдай күрделене түсетін-ді. Осындай қордаланған мәселелерді шешу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілдік саясатын жүргізе бастады. Қолын іске іліктірген жас кәсіпкер үшін бұл бастаманың берері мол. Аталған қор барлық шектеуді алып, жылжитын немесе жылжымайтын мүліктер, салынған жылы мен материалдарына қарамастан, үйлер мен ғимараттарды кепіл ретінде қабылдауға нетті.

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама бойынша шаруаларға кепіл ретінде қолдау білдіру елімізде былтырғы жылдан бастап жүргізіліп келеді. Осы орайда бұл жүйе жас шаруа үшін не береді деген сұрақтың тууы заңдылық. Өз кәсібін ашуға ниетті тұлға банктерден несие алу үшін кепіл ретінде қалдыратын қаражаты, я мүлкі болмаған жағдайда қысқа мерзімді, пайызы жоғары, тиімсіз несие алуына тура келеді. Осындай жағдайдың алдын алу мақсатында елімізде  «ҚазАгроКепіл» АҚ кепілдік мәселесін жүйелеген. Яғни шаруа аталған мекемеден кепіл қағазын алып, қажетті ақшаны кедергісіз іске жаратады. Ал кәсіпкер белгілі себептермен банктегі борышын өтей алмаған жағдайда, кепіл қағазы арқылы мәселе өз шешімін табады.

Басқарма төрағасы Қайрат Әміржанұлының айтуынша, өткен жылы 180 кәсіпкерге 1 млрд теңгеден асатын кепілдік берілген. Биылғы жылы бұл салаға бөлінетін қаражат 7 есеге артып, мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілмек.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»