Аймақтар • 10 Сәуір, 2018

Маңғыстаулық кәсіпкерлер 1 пайыздық несие алады

378 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жүзеге асыру жұмыстары Маңғыстау облысында қарқынды қолға алынды. Өңірде бастаманың төртінші бағыты – шағын несие беруді ұлғайту бойынша «Нұр капитал» бағдарламасы іске қосылды. 

Маңғыстаулық кәсіпкерлер 1 пайыздық несие алады

Бағдарламаның ерекшелігі және тиімділігі – шағын және орта бизнеске несиенің жылына 1 пайызбен берілуінде. Мем­лекет басшысының өзі қолдап,  мақұлдаған жобаға маңғыс­тау­лықтардың қызығушылығы жоғары. Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқар­масының мәліметінше, об­лыс­тағы қалалар мен аудандар әкімдіктеріне кәсіпкерлер тарапынан 2 млрд теңгеден астам қаржыға есептелген 192 өтінім келіп түскен.

Несиені бес жыл мерзімге 1 па­йызбен ғана беретін бағдар­ламада қатысушының жасына немесе өзге де ерекшеліктеріне, сон­дай-ақ бағыттарға шек қойыл­маған. Келіп түскен өтініштердің 35%-ы мал шаруашылығы секторына, 22 пайызы өңдеу және жеңіл өнеркәсібіне, 16 пайызы ту­ризм саласына, 8 пайызы көлік жә­не қойма ісін өркендетуді қол­ға алуға қатысты болса, өсімдік шаруашылығына қатысты және денсаулық сақтау саласына үлес қосамын деген жобалар әрқайсысы  5 пайызды, қызмет көр­сету мен білім беру саласы да әр­қайсысы  тиісінше  3 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар тамақ­тану қызметтері 1 пайыз, көтер­ме және бөлшек сауда 1 пайыз, инвестициялар 0,3 пайыз­ды құраса, өнер, ойын-сауық жә­не демалыс бағытына қатысты өті­ніш әзірге 0,1 пайызды құрап отыр екен.

– Біз халықтың қоғамдық сана-сезімін жаңғырту үшін ша­ғын және орта бизнесті дамытуға нақты жағдай туғызу міндетін қойдық. Қазіргі уақытта жалпы несие портфелі 2,7 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 900 млн теңге жергілікті бюджеттен, 1,800 млн теңге «Даму» қорынан. Бүгінгі таңда «Қазақстанның Халық банкі» АҚ Маңғыстау об­лыстық филиалымен 400 млн теңге, «Қазақстанның Ха­лық банкі» АҚ-тың Жаңаөзен өңір­­­лік филиалымен 400 млн теңге және «ForteBank» АҚ-пен 322 млн теңге, «Сбербанк Рос­­сии» АҚ ЕБ-мен 150 млн теңге көлеміндегі сомаға келі­­сім жасалды. Сондай-ақ осы бағдарламаға қатысу үшін «Банк Центр Кредит» АҚ жә­не «Атамекен Микрофинанс» ЖШС өтінімдерін берді, – деді Маң­ғыс­тау облысының әкімі Ера­лы Тоғ­жанов. Жобаның тұсаукесеріне «Атамекен» ұлт­тық кә­сіп­керлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлы­баев, Маңғыстау облы­сын­дағы қалалар мен аудандар әкім­дері, кәсіпкерлер мен қоғам­дық бір­лес­тіктер мүшелері, екін­ші дең­гейлі банктердің, қаржы инс­титуттарының өкіл­дері қатысты.

Жалпы, Маңғыстау облы­сын­да кәсіпкерлікті жолға қою, кәсібін бастаймын деген жанға қолдау көрсету деңгейі жоға­ры. Мысалы, өңірде 2018 жыл­дың қаң­тары­нан бастап оқушы­лар арасын­да кәсіпкерлік негіздерін үйрету, биз­несті жүргізу әдіс­терін та­ныс­тыру мақ­сатында «Кә­сіпкер боламын!» атты қанат­қақты жобаның тұсауы кесілді.

Жоба барысында мектеп оқушыларына кәсіпкерлік негіздегі ойын жаттығулар арқылы әлеуметтік-білім беру көзделген. «Кәсіпкер боламын!» жобасы аясында облыстың 12 қанатқақты мектебінде 365 жоғары сынып оқушыларына арналған 14 бизнес-тренер факультативті сабақтар өткізілмек, сондай-ақ бизнес-тренерлер мен олардың студенттері арасында байқау ұйымдастырылып, 150 жеңімпазға халықаралық бизнес-тренерлердің қатысуымен бизнес-лагерь ұйымдастырылады. Жеңімпаздар аймақтың ірі кәсіпкерлері, «Даму» қоры және «Атамекен» ҰКП гранттарына қол жеткізеді.

 Бизнесті өркендетуді мектептен, оқушылар арасынан бастаған өңірде «Нұр капитал» бағдарламасына қатысқысы келетін барлық кәсіпкерлер қажетті құжаттарды дайындау және жинаумен айналысатын бизнес-бөлімшелерге өтініш тапсырады.  Мұндай бөлімшелер Ақтау және Жаңаөзен қалаларына орналасқан.  Барлық қажетті құжаттарын екінші деңгейлі банктерге тапсырған кәсіпкер ол мақұлданған жағдайда банкпен бірлесіп, субсидия алу үшін құжаттарды облыстық үйлестіру кеңесіне жібереді. Аймақтық үйлестіру кеңесі әрбір аудан үшін маңызды деп танылған жобаларды қарастырады.

Ниет білдіргендер арасында мал шаруашылығына өтінімдердің көптігі аталмыш бағыт бойынша бәскелестікті арттыратыны анық. Ал, маңғыстаулықтар үшін  өзге де маңызды, креативті жобаларды жолдауға мүмкіндік бар. Әр жобаның артында басталайын деп тұрған бизнес, әр бизнесте бірнеше адамның жаңа жұмыс орны бар екені қуантады. Демек, бұл арқылы жоба  өлкедегі жұмыссыздықты азайтуға қол жеткізуді мақсат етеді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы