10 Сәуір, 2018

Халық рухы асқақ

1970 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халық – ұлы ұғымның атауы. Оның рухы, жасампаздығы, құдіреті өлшеусіз. Халық тағдыры – ел, мемлекет, жер-су, болашақ тағдыры. Халықтың тарихы, тілі, мәдениеті, көркемөнері, мифологиясы, ақыл-ойы, парасаты, дүниетанымы, дәстүрі, шаруа-кәсібі, даналық тәжірибесі, көзқарасы, ғұрып-салттары – мәңгілік игіліктеріміз, алтын тамырымыз, асыл жауһарымыз. 

Халық рухы асқақ

Ел аузында «Хан ақылы – қырық кісілік, халық ақылы – қырық мың кісілік» дейтін қымбат сөз бар. Ескілікті деректерді ескеретін есті кісі халықтың таным-түсініктеріне, ой-байламдарына, терең де толық, тамаша тәжірибелеріне барлау жасайды, миға жүгіртеді, жүгінеді. Халық қағидаты – адас-
тырмайтын темірқазық жұлдыз.

«Халық сүйген суға батпас, отқа күймес» дейді дана халқымыз. Замана сөзін сөйлеген, халық тағдыры мен рухын қорғайтын айбар сөз, үздік іс-қарекет, қаһармандық қимыл дәуірлер ауысқан сайын ұлт санасында алмастай қырланып, гауһардай құбылып, жарқырай түспек. Халық бетегеден биік, жусаннан аласа болғанымен, мейлінше сыншыл, төреші, әділ таразы, ұшқыр ойлы. Жақсы-жаманның баршасына да қырағылық танытады, қылаудай нәрсенің өзінен философиялық түйін тудырады, болашақты болжайды, терең толғайды. Мысалы, арқан ноқта мен темір ноқтаның мәнісі. «Халық – Құдайдан бір жас кіші», «Халық қартаймайды, қара жер қартаймайды» дейтін нақылдарда қаншама салиқалы сабақ, мағыналы салмақ бар.

Жаһанданудың азан-қазан дәуірінде қаншалықты құтырынған құйындар көтерілсе де халықтың құдіреті мен тегеурінінен аса алмаса керек-ті. «Халық алмас қамал болмас» дейтін сөз бар. Адасқанды артыңдағы, жаңылысқанды жанындағы білдіреді емес пе?! Халықты қолжаулық, қуыршақ, ойыншық есебінде ойлау – әбестік. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы орта мектептің «Жалпы тарих» оқулығындағы мына бір тікенектей қадалатын, қабырғаны қарс айыратын пікірді оқытқанда тіксінуші едім. Ол мынау:

Мырзалар: «Бәрінен де шаруаның жыла­ға­ны жақсы, қуанғаны жаман», – дейтін. Тіпті рыцарьлық өлеңдердің өзінде де феодалдар өздерін асырап және киіндіріп отырған адамдарды жек көретіндігін білдіріп отырды:

Зәрлі, ожар, мұжық ойы –

Дворянның көзін жою.

Мен тілеймін қайыршылық,

Аш-жалаңаш жүрсін халық,

Шаруа атаулы қасіретті,

Ол семіріп, секірмесін –

Жоқшылықта өмір шексін: –

Жылдар бойы бәрін бірдей

Ұстау керек бас көтертпей.

Бұл аты өшкір, пәлелі сөздер сорақылықтың қалдықтары ғой.

Шындығында, осы бір улы ойлар өрке­ниет құшағында өмір сүріп жатқан елдер­ге жат. Дегенмен де, «КТК», «31» теле­арна­лар­ындағы жаңалықтарды көргенде тө­бе-құй­қаң шымырлайды. Қорлыққа, зұлым­дық­қа, жыртқыштыққа, әділетсіздікке душар бол­ғандар, отқа оранғандар, ас-суға улан­ған­дар, әділетсіздікке ұрынғандар, тасқын суға тап бо­лып, бейшара күй кешкендер, үйсіз-күйсіз міс­кіндер, тастанды сәбилер...

Бұлардың бәрі өзіне тілемегенді өзгеге тілейтін ішмерездердің, іске шалағайлардың, көзге жылпың, сыртқа қылпың пасық, іші сасық пысықайлардың әрекеті. Ұлт ұстазы Ахаң: «Халықты қан жылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату  иттік» деп жазады. Тәу­ел­сі­з­дігімізді, Ұлы Дала Елі­мі­з­ді қаді­р­ле­се­к, ұлт мұраты жолында жан­қи­яр­лықпен ең­бектеніп, демографиялық өрке­н­деу­і-
мізді діт­­тесек, әз халықты бағынан айыр­май­ық де­сек, халықтың тұрмыс-тіршілігін, абыройын ой­лайық! Конфуцийдің: «Қалың қолды көсе­м­сіз қалдыруға болады, қара халықты кә­сіп­сіз қалдыруға болмайды» дегенін қаперде ұстайық!

немесе

ХІХ ғасырда Қашаубай жыраудың:

Халық қазанын қайнаттым,

Қолымның кәні қарасы?

Ел үшін қорлық көп көрдім,

Етімнің кәні жарасы? –

дегеніндегі ұлт ұлағаты, патриоттық ой қандай!

«Жақсылардың көзі – жүз, құлағы – мың болады» дегендей, халықтың намысын өз намысындай қабылдайтын, жыртысын жыр­та­­тын, бағын ашатын, игі бастамаларға мұ­­рын­дық, тілеуқор, ұйымдастырушылық қа­білетін жұмсайтын, жер-судың берекесін кел­тіріп, ел қондыратын Құдай жолындағы хан-патшадай арлы, қайратты ерлер керектігі айқын. 10 аққудың 1 басшысы болады емес пе!

Бұл ретте Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Ей, көп халық, көп халық,

Көп те болсаң шөп халық,

Партияшылды құтыртпа

Мен сендікпін деп, халық.

...Ылайлап тұнық шайқамай,

Тура жолмен кет, халық,

Таласты көрсең – басын айт,

Кемдігін көрсең – қосып айт,

Кекеп, мұқап қыздырма,

Берекесін бұздырма.

Ызаның айт дегенін,

Желіктіріп сыздырма.

Адалдың әділ жолына

Ақырын басып жет, халық! –

дейтін өлеңінде дұрыстық жолында халықтың қолында жұмсайтын мүбәрәк, таза мүмкіншіліктер барын көрсеткен.

Елбасы: «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақтікі» я болмаса: «Тарихты тудырушы да, мемлекеттік биліктің бір­ден-бір бастау бұлағы да – халықтың өзі», деп туған халқының қуатына сенеді. Ендеше, ха­лық жолы – даңғыл, халық рухы – асқақ, ха­лықтың күйлі-қуатты, заманының шуақты болғанын ұзағынан тілейік!

Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор