Аймақтар • 10 Сәуір, 2018

Шығыс Қазақстанда қанша кітапхана оңтайландырылады?

1938 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әбден үрейленіп, жауыр аттай жасқанып, көлеңкесінен қорқып қалған халықпыз ғой. Әлеуметтік желіден «Шығыста 245 кітапхана жабылуы мүмкін» деген жазбаны оқығанда жағамызды ұстамасақ та «бұл қалай?» деп аң-таң күйге түскеніміз рас. 

Шығыс Қазақстанда қанша кітапхана оңтайландырылады?

«Үміттен үрей басым болып тұр. Бұл жолғы үрейдің тетігі «Ру­ха­ни жаңғыру» аясында руха­ни бұ­лақ көзі болып отырған киелі шаңырақ – кітапханалар жабылады деген болжам. Егер кездесуде көтерілген мәселе шындыққа айналар болса, әр ауылдағы руханият ошағының оты сөнбек. Мәселенің мән-жайы туралы: «Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары М.Магеррамов пен Н.Ми­каелян және Өскемен қа­ла­сы әкімінің орынбасары О.Бу­­лав­кина мәдениет қыз­мет­­кер­ле­рімен кездесті. Таяу ара­да об­лыс ауылдарындағы 245 ауыл­дық кітапхана жабы­ла­ды деп күтілуде», деп жазды об­лыс­тық Пушкин кітап­ха­на­сы­ның сай­ты», деп жазыпты өзінің фейс­бук әлеуметтік желісіндегі па­­рақ­шасында Қызырбек Дүр­гін­байұлы.

Мән-жайды білейік, істің анық-қанығына көз жет­кі­зейік деп Өскемендегі А.Пуш­кин атындағы облыстық кітап­ха­на­ның директоры Хабиба Ақжі­гі­-
т­оваға телефон шалдық. Иә, мұн­дай әңгіменің болғаны рас екен. Әңгіме қайдан шыққан дей­сіз ғой. Ұлттық экономика ми­ни­стрлігінен. «Ұлттық экономи­ка министрлігінің руханиятқа, мә­де­ниетке не қатысы бар?» дер­сіз бәлкім. Біз де жауабы жоқ бұл сауалды іштей өзімізге қо-
й­ып көрдік. Хош. Негізгі әңгі­ме­ге оралайық. «Министрлік Шы­ғыс Қазақстан мен Батыс Қазақстанда экс­перимент ретін­де аудандық кітап­хана­лар­ды облыс­тық кітап­ханаға филиал қылып қосып, ауылдағы кітап­ханаларды мек­теп­­ке берсе қайтеді?» деген ұсы­­ныс айтып­ты. «Біз жаппаймыз, қо­самыз» депті. Кітапхана са­ла­­сында жүргеннен кейін жақ­сы білеміз ғой. Мектептің кі­тап­­ханасы негізінен оқушылар мен мұғалімдерге арналған. Кө­бі­не оқулықтармен жұмыс іс­тей­ді. Халыққа қызмет көр­се­те ала ма, алмай ма? Бұл – бір. Екін­шіден, олардың өз нор­ма­тивтік стандарттары бар. Кі­тап­ханашыларды бала­лар­­дың санына байланысты ұстай­ды. Қазіргі кезде аудандық кі­тап­ханалардың барлығы ком­му­нал­дық мемлекеттік кәсіп­орын сана­лады. Егер олар облыстық кіт­ап­ханаға филиал болса, бас­шыларының жалақысы азаяды. Бү­гінде өңірдің қала мен ау­дан­дарында 19 кітапхана жұ­мыс істейді. Демек 19 бухгалтер қыс­қарады. Ал облыстың ауыл­да­рында 245 кітапхана мен 287 кі­тапханашы бар. Кітап­ха­на­шы­лардың 150-і ғана толық став­кад­а, қалғандары 0,5, 0,25 ставкамен жұмыс істеп жүр. Ауылды жер­лердегі кітапханалар онсыз да қалт-құлт етіп отыр. Ауыл кітапханаларын мектепке қос­қан­нан гөрі, керісінше қазіргі қызмет аясын кеңітіп, барынша қолдау көрсетуіміз керек», деген кітапхана басшысы бұл іс­ті қолға алуға әлі ерте еке­нін, аудан-ауылдарда қажетті ин­фра­құрылым жоқтығын, жоға­ры жылдамдықтағы интернет көптеген ауылдарға әлі күнге дей­ін толық жетпей отырғанын ал­ға тартты.

Шет мемлекеттерде кітап­ха­налар тек кітап оқитын ғана емес, үл­кен-кішінің компьютерлік сауатын ашатын, сабақтан кей­ін балаларға қосымша білім беретін орталыққа айналған. Мәселен, Өскемендегі Пушкин атындағы кітапханада газет-кітап оқуды былай қойғанда, шет тілдерін тегін үйренуге, тіпті оқу арасында дене шынықтырып, жаттығу жасауға да мүмкіндік бар. Облыс орталығындағы О.Бөкей атындағы кітапханада да оқырмандарға барлық жағдай жа­салған. «Біз өзге елдегі кітап­ха­налардың іс-тәжірибесін үнем­і назарға алып отырамыз. Барлық мем­лекеттерде кітапхана ісіне ар­налған арнайы заң бар. Мұндай заң бізге де керек. Мәселен, шет­елдің кітапхана ісі туралы за­ңы­нда егер кітапхананы жабу ке­рек болса, әуелі сол жердегі тұрғындардың пікірін білуі, еск­е­руі керектігі қарастырылған. Осы мәселені Парламент Мә­жі­­­лісінің депутаттарымен кез­де­­­суде де көтердік», дейді Х.Ақжігітова.

«Кемедегінің жаны бір» де­мек­ші, қазір Өскемендегі Орал­хан Бөкей атындағы орта­лық­тан­дырылған қалалық кітапхана ұжымынан да маза қашқан. «Не болар екенбіз?» деп әрі-сәрі күй кешіп жүр бәрі. Әрине уайымдайтындай жөні де бар. Бүгінде бұл кітапханада 14 бөлімін қос­қанда 110 адам еңбек етеді. Атал­ған кітапхана директоры Жа­нар Кенжебекова егер филиал­дар оңтайландырылар болса, қан­шама адам жұмыссыз қала ма деп те уайымдайды. «300 мыңға жуық тұрғыны бар Өскеменнің әр шағын ауданында шағын кітапханаларымыз бар. Қалаға жақын Меновное мен Шығыс ауыл­дарында кітапханаларымыз жұмыс істейді. Ол жерлерде отыздан астам клубтар мен шығармашылық бірлестіктеріміз бар. Халық бос уақыттарын сонда өткізеді. Балалармен де, үл­­кен кісілермен де жұмыс іс­тей­міз. Мына хабарды естіп, кө­ңіл күйіміздің түсіп кеткені рас. Мәдениетке, руханиятқа осын­дай көзқараспен қарап отыр­ға­нына жүрегіміз ауырып отыр», дейді ол.

Әрине «жел соқпаса шөптің ба­сы қимылдамайтыны» белгілі. «Жер астынан жік шықты, екі құ­лағы тік шықты» дегендей, аяқ астынан дүңк еткен бұл ха­бар өңірдің зиялы қауым өкіл­­дерін де алаңдатып отыр. «Тәу­ел­сіздік алған алғашқы жыл­да­ры еліміздің экономика­сы құ­лдырап тұрған кезде кітап­ха­­налардың бәрі жабылып еді. Жағ­дай жақсарғаннан кейін барлық аудандардағы, барлық ауыл­дардағы кітапханалар қай­тадан ашылып еді. Ел қуанып еді. Не нәрсенің жабылып барып қай­тадан ашылғаны жағдайдың жақсарғанын білдірмей ме? Ал енді қазіргі жағдайда ауылда кітапханадан басқа қандай ақпараттық орталық бар? Көп ауыл­дарда интернет те жоқ. Ауылдағы газет-журналдарды оқи­тын, интернетке кіретін, ақ­парат алатын жалғыз орын – осы кітапхана. Кітапхана қыз­мет­керлері Елбасымыздың, мем­лекетіміздің саясатын жүргізіп, на­сихаттап отыр деуге болады. Егер ауылдағы кітапхананы мектепке қосса, ауылдың адамдары балалармен жағаласып ақпарат ала алмайды. Ауылдың адамдарын ешқандай ақпаратсыз, ақпарат көзінсіз қалдырамыз. Ке­рісінше ауылда қосымша мә­де­ни, танымдық нысандарды ашу керек. Қазақтың тамыры ауыл­да жатқандығын ұғуымыз керек. Ауыл халқының қала халқымен бірдей ақпарат алуға құқы бар. Олардың құқына еш­уақытта нұқсан келмеуге тиіс. Ауыл­ды қалаға жақындатамыз д­е­­ген үлкен, кешенді жоспарлар бар секілді еді. Соның керісінше бол­­ғанына таңғалып отырған жай­­ым бар», дейді қоғам қай­рат­кері, ұзақ жылдар облыстың мәдениет саласында басшылық қызметтер атқарған Түсіпхан Түсіпбеков.

­Әрине кітапханашылардың алаң­даушылығы орынды. Де­сек те бұл мәселеге әлі нүкте қой­­ыл­мағанын ескеру ләзім. М­ұ­ны бізге Ұлттық экономика ми­нистрлігінің бейнережімде өткі­зген мәслихатына қатысқан об­лыстық Мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасы бас­шы­сының орынбасары Раушан Нұрмұханова айтты. «Наурыз айында министрлікте осындай жиын болғаны рас. Олар кітапханаларды жабу мәселесін қойып отырған жоқ, еліміздегі кітапханалардың құрылымын өз­герту мәселесін қарастырып жа­тыр. Қазір бұл мәселе барлық об­лыстарда талқыланып жатыр. Ми­нистрлік бізге: «Осы мәселені зерт­теп, зерделеп, өз ұсы­ныс­тарыңды беріңдер, ойлар­ыңды айтыңдар» деді. Дегенмен көп­шілік бұл ұсынысқа қарсы болып жатыр. Алдағы уақытта осы сала мамандарының пікір-ұсы­ныстарын министрлікке жет­кізетін боламыз», дейді бас­қарма басшысының орынба­са­ры.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы