Театр • 17 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстанда сатира театры ашылды

942 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары облыста «Жаңаша» ойын-сауық отауы шаңырақ көтеріп, әзіл-қалжыңға, уытты күлкіге толы туындыларды көрермендер назарына жүйелі түрде ұсынған болатын.

Солтүстік Қазақстанда сатира театры ашылды

Жергілікті өнерпаздардан құралған труппа еліміздің бірқатар облысына, Ресейдің шекаралас аймақтарына гастрольдік сапарларға шығып, талғампаз көрермендерді қазақы қалжыңға қарық қылып жүрді. Өмірде де, өнерде де ойып тұрып орын алғанмен түрлі себептермен жұмысын тоқтатқан әзіл әлемінің орнын енді  «Теріскей» сатира театры басты.

Оны ұйымдастырушылардың бірі, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының белді актері әрі режиссері Боолатбек Шамбетовтің айтуынша жұртшылық арзан, ыржақай шоулардан мезі болған сықылды. Кез келген теларнаны ашып қалсаң ой саларлық ештеңесі жоқ, табиғатымызға жат көріністер андыздап қоя береді. Әсіресе, шетелдерге еліктеуден, солықтаудан туған татымсыз қойылымдар жастардың санасын улап, ұлттық нақыштан ажыратып барады.

«Оның басты себебі бүгінгі күннің өткір мәселелерін, толғақты проблемаларын астарлап та, тікелей де жеткізетін салмақты, мазмұнды репертуарлық шығармалар тапшы.  Екіншіден, езуіңе мысқыл үйіретін, жағымсыз құбылыстарға жиіркеніш тудыратын ойлы сатираны адамдар теледидардан ғана емес, жергілікті жерлерде тікелей тамашаласа деген ой болды», дейді ол.

Болатбек осыдан онбес шақты жыл бұрын облыстық телеарна жанынан  «Ойпырмай» атты әзіл-сықақ бағдарламасының ашылуына ұйытқы болып, біраз тәжірибе жинақтапты.  Жаңа театрға бірқатар талантты, талапты әріптестерін тартыпты. Қалалық мәдениет үйінен орын беріліп, барлық жағдай туғызылыпты. Келешекте 500 орынды қазақ театры бой көтерсе, өрістері кеңейеді деген үміттері басым.

«Қазіргі көрермендердің талғамы да, көзқарасы да мүлдем бөлек. Сатира да– тәрбиенің маңызды құралы. Ол тек  күлкіден тұрмайды. Астарында салмақты ой, әлеуметтік астар жатуы керек. Кей жағдайларда сатираның рухани күш беретін, жақсы көңіл-күй сыйлайтын құдыретін елеп-ескере бермейміз. Өңір тұрғындары  алғашқы қойылымды жуық арада тамашалайтын болады», дейді Б. Шамбетов.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»