Театр • 18 Сәуір, 2018

Махаббат пен ғадауат

833 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Астанаға көктем кеш келеді. Әйтсе де, сол көктемнің жылуын сезіндіріп, көңілге жарқындық сыйлайтын өнер оқиғалары елордалық көрерменді бір сәт те бейжай қалдырып көрген емес. Жақында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында елорданың 20 жылдығына орай сахналанған У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясы соның айғағы. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.

Махаббат пен ғадауат

Талғат Теменовтің «Отел­лоға» дейінгі шығар­машылық жұмыстарымен таныс көрермен, сөзсіз, режиссердің әйгілі тра­гедияға барынша жан-жақты ізденіспен келгенін бірден аңғарады. Себебі Талғат мыр­заның бір ғана Қаллеки театры сахнасында бұған дейін қойыл­ған қойылымдарына Алматы театрлары арқылы қа­нық көпшілік көрермен қатты таңырқаса қоймаған. Әйтсе де бұл «Отеллоның» жолы да, жөні де бөлек. Режиссердің ізденісі сахнада сайрап жатыр.

Спектакльдің ең әуелгі ұтқан тұсы – формалық һәм сим­­волдық ойнатуларға батыл ба­руы. Мұны сценограф-сурет­ші Қанат Мақсұтов та жақсы тү­сінген. Мақсаты бір арнада тоғысқан шығармашылық тан­демнің сапалы жұмысы бірден назарын өзіне бұрғызады. Шымылдық ашылды. Көзіңіз сахнада сән түзеген өзге реквизитке емес, ортада тұрған алып төсекке түседі. Осы арқылы режиссер оқиғаның негізінен махаббат, қызғаныш сынды адами сезімдер арпалысы айналасынан өрбитіндігінен хабардар етеді.

Әрине, драматургия ко­ро­лі У.Шекспир шығарма­шы­лы­ғымен таныс кез келген кө­рермен «Отелло» трагедия­сы­ның сюжетін жатқа біледі десек қателеспеспіз. Әйтсе де әр режис­сер классикалық шығарма желісінен өз жанына жақын бояу­ды таңдайды, соған басымдық береді. Бұл қойылымның бас­ты кредосы – махаббат һәм құштарлық. «Отелло» – Шекспирдің өзге шығармаларымен салыс­тыр­ғанда «отбасылық трагедия» жанрына ең жақыны. Сезім мен қызғаныш, сенім мен күдік тайталасқа түскен ерлі-зайыпты екеудің арасындағы қарым-қатынас көбірек сөз етілетін жалғыз туынды. Драматург сол арқылы күллі қоғамның бүркемесіз бет-бейнесін бедер­лейді. Сондықтан да режис­сердің сценографияда басты план­ға қозғалмалы төсекті шы­ғаруы қисынсыз емес. Жыл­жымалы жиһаз сахнада өтер оқиғаның өрбу ауанынан алдын-ала  хабардар етеді.  Алай­да біз күткендей,  төсек тек ерлі-зайыптылық өмірдің, отба­сылық қарым-қатынастың, мөлдір сезімнің символдық белгісі ғана емес, ол бірде кең жүректі Маврдың тұғырлы тағы­на, енді бірде жымысқы ойлы Ягоның қайығына айналып ке­теді. Яғни өмір бар жерде махаб­бат та, билік те, мансап та, қыз­ғаныш та қатар жүрерін ұғындырады. 

Спектакль басында Ягоның жар төсегін аяғымен таптап, оны қайық қылып мініп алуы­нан-ақ ғашықтардың махаббат пен гармонияға толы мамы­ражай өміріне бір қауіптің келе жатқандығынан хабардар еткендей. Екеудің арасына түс­кен сол қара күш сезім мен сенім­нің ойранын шығарып, жас шаңырақты ортасына түсіріп тынады. Қайшылыққа құрылған пьеса сахнада қай кезде де қы­зықты болған. Бұл тек режис­сер ғана емес, қойылымға тартылған әрбір актер үшін абыроймен бірге жауапкершілігін де қатар жүктейді. Мұны жақсы түсінген режиссер де қойылымына барынша мықты актерлерді жұ­мыл­дыруға тырысыпты. Отелло – Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, Яго – Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов,  Брабанцио – Қа­зақстанның халық әртісі Тілек­тес Мейрамов сынды Қал­леки театрының сақа актер­лері сахнадағы өз өрнегін бедерледі.

Ал Дездемона бейнесін кескін­деген жас актриса Ақмарал Танабаева үшін  ең үлкен олжа –  театрдың осындай талантты әртістерімен бірге өнер көрсетуі дер едік. Сахналық серіктестің мықты болуы  – актер үшін үлкен бақ. Бұл қойылымда  Дездемона – Ақмарал, сөзсіз, сол қуатты сезін­ді және оны сахнада барын­ша көрерменіне жеткізуге тырысты. 

Спектакльдегі негізгі қозғау­шы кейіпкер – Яго. Барлық қай­шылық Ягоның айналасынан өрбіп, қаншама жан сол ашкөз пиғылдың құрбанына айналады. Бұл жерде Ягоның сол конфликтіні асқан қисынмен құрастыра білген шеберлігін де айта кету орынды. Яго айна­ла­сындағы адамдардың психо­логиялық сипаттамалары мен мінез ерекшеліктерін, әлсіз тұс­тарын  жіті зерттеп-зерделеп алып, сол арқылы есеппен өз мақсатын жүзеге асыруға кіріседі. Ол  Отеллоны – венециялық ару Дездемонаға деген кіршіксіз махабаты мен соны жоғалтып алам ба деген қорқынышынан, Кассионы қайырымдылығы мен тумысына тән сенгіштігінен, Родригоны Дездемонаға деген ессіз ғашықтығынан, өз әйелі Эмилияны ерік-жігерінің әлсіз­дігінен ұстайды және сол мінез ерекшеліктеріне сай жы­мысқы жоспарына кіріседі. Тра­гедияның бар қайшылығы осыдан өрбиді. Демек, Ягоны ойнайтын актерге аз міндет жүк­телмейді. Қай жағынан да әккілік керек сахнагерге. Мұны Қаллеки театры сахнасында небір бейнелерді кемеліне келтіре кес­кіндеп жүрген актер Нүркен Өтеуілов жақсы түсінеді. Яго бейнесіне барынша ерекшелік енгізуге талпынғаны да көрініп тұр. Сахнадағы әр қиымылы мен әр серіктесіне бағытталар репликасының мақсаты мен кейіпкер мінезіне сай сан түрлі құбылып шығуы, тіпті кейбір тұста үнсіз ғана көзбен сөйлеп, бар ойын жанары мен мимикасы арқылы ұғындыруы, сахналық ішкі және сыртқы пластикасы, дауыс мәнері – бәрі-бәрі де  актер шеберлігінің шексіздігін әйгілейді. Көңілге құрмет орнық­тырады. Яго кейпіне енген әртіс­тің бұған дейін кемеңгер Абай бейнесінде кемелдік биігі­нен көрінгеніне тіпті де сенбей қарайсыз. Шеберлік  деген осын­да болса керек –  бір-біріне қара­ма-қарсы бейнелерді шашауын шығармай өз биігінде бедерлеу. Бұл жағынан сахнагер жарады. Қулығына құрық бойламайтын Яго Нүркен Өтеуіловтің кейіп­теуінде тек айлакер, жымысқы мінез иесі ғана емес, қатігездіктің барлығын ішіне сыйдырып, соны салқын ақыл мен терең логикаға салып нақты әрекет ете алатын шексіз білімнің де иесі еке­нін анық сездірді. Актердің, әсі­ресе Отелло – Қуандық Қыс­тық­баевпен сахналық қарым-қатынасы, бірін-бірі серіктес ретінде сезінуі ерекше әсерлі. Әсіресе М.Әуезовтің қазақы құнарға бай бейнелі тілінде үн қатқан динамикалы диалогтар спектакльдің көркемдік қуатын байытып, көрерменін бір сәт те жалықтырмайды. 

Қазақ театр сахнасында Елубай Өмірзақов, Қапан Ба­ды­ров, Шәкен Аймановтар кес­кіндеген Отелло бейнесін бү­гінде дәстүр сабақтастығын үзбей, Қ.Қуанышбаев атындағы ака­демиялық қазақ музыкалы драма театрының талантты актері Қуандық Қыстықбаев өз ерекшелігімен бейнеледі. Оның Отеллосы бұрын-соңды қазақ сахнасына шыққан Отеллоларға мүлдем ұқсамайды. Өз мінезі, өз арпалысы, өз сезімталдығы бар. Тіпті кейбір тұста адуын мавр махаббаттың әсерінен шектен тыс лирик те болып кететіндей. Бұған дейін сахнадан көріп, қабылдап келген батыр маврды сахнадан мұндай сараптауда кезіктіргенде, әрине тосырқай қарауыңыз да мүмкін. Біз де сөйттік. Әйтсе де оқиғаның дамуы мен режиссердің қойған талабы негізгі планға қос ғашықтың кіршіксіз сезімін шығару бол­ған­дықтан да, бұл Отеллода адуын­дылықтан бұрын ғашық болған жанның дірілшіл көңілі мен басқа да мұңайып, қуанып, қайғырып, қызғана алатын адами сезімдері негізгі назарға алынған. Басында жатырқай қабылдаған көрініске оқиға дами келе бірте-бірте бой үйрете бастайсыз. Әре­кет линиясы арқылы актер өз кейіпкеріне жаңаша өмір сыйлады.  Өйткені адам қоғамдық ортада, ел алдында бір басқа да, өзінің ары мен сүйген жарының алдында мүлдем басқа жанға айналуы заңдылық. Төрдің төбесіндегі хан да ғашықтықтың алдында тақтан түсіп, тәжін шешпей ме? Себебі ол да жүректі пенде.

Отелло да дәл сондай. Сондықтан да режиссер бас кейіпкерге бетперде кигізбейді, оның адами сезім мен көңіл күй арпалысын алға шығарады. Осы тұрғыдан келгенде Қуандық Қыстықбаев ойыны ақталымды. Ғашық жанның демін сезесіз, күйін кешесіз. Тіпті актердің Дездемона – Ақмарал Танабаевамен тандемінде де сондай бір нәзіктік айқын аңғарылады. Ол баладай таза, кіршіксіз көңілді сүйген жарын сәбидей мәпелеп, еркелетеді. Дездемона рөліндегі Ақмарал Танабаеваның да сахналық келбеті сондай сұлу, тартымды. Жан тазалығы аңғарылады. Әйтсе де актрисада оқиға дамуына сай сахналық ішкі өсу жағы әлсіз. Сыртқы сұлулықпен қатар ішкі көңіл мен дауыс пластикасына да болашақта жіті мән берілсе, Дездемона рөлінің одан әрі жарқырай түсері анық.

Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов­тың кескіндеуіндегі Брабанцио рөлі актерлік өнердің тағылымын танытты. Керісінше, режиссер Кассио мен Родриго арасындағы ерекшелікке аса мән бермеген секілді. Екі кейіпкер бір планда суреттеліп, өзіндік мінез бояула­рын бедерлеп үлгермегендей әсер қалдырды. Мінез ғана емес, костюмдегі бірізділік те қос актер­ді бір-бірінен ерек­ше­ле­мей­ді. Кассионы өзге­лерден даралап тұратын сұлулықтан бө­лек, зиялылығы да өз нотасына түс­пей, солғын көрінді. Алдағы уа­қытта осы бейнелердің мінез боя­уы бедерленіп, ерекшелігі екшеле түссе, қойылым бұдан да гөрі көркемдікке қол жеткізері сөзсіз. 

Жалпылай алғанда, қойы­лымның көркемдік қуаты бай. Режиссер барынша сахна­ның эсте­тикасын сақтауға тырыс­қан. Ол, әсіресе Кассио мен Род­риго­ның шайқас сахнасындағы кейіпкерлердің өлімі, Дезде­мона­ның ақтық сапарға аттануы секілді сахналар өзіндік ерек­шеліктермен қызықты.  
Бұл жерде режиссерден бөлек,  Мәскеуден арнайы шақырылған сахна қозғалысы маманы Ми­хайл Вишневскийдің, хореограф Салтанат Жолымбаеваның, киім үлгісінің суретшісі Шынар Елембаеваның шығармашылық ізденістерін айтпай кету әділетсіз. Жасалған жақсы жұмыс, әлбетте көңілге құрмет орнықтырды. 

Астаналық Қаллеки театры­ның үздік актерлері мен кәсіби мамандары тартылған қойылым театр ұжымы үшін де, көрермен үшін де шын мәнінде рухани мерекеге айналды. М.Әуезовтің қазақы құнарға бай бейнелі ті­лінде үн қатқан Шекспир жау­һары елордалық көрерменнің көңіліне берік бекіп, өнер оқи­ғасын тамашалауға жиылған жұрт үйді-үйіне риза болып тарқасты. 

Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»