18 Сәуір, 2018

Алматы: Шағын ауданның астарлы ақиқаты

621 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда аты жоқ, бірақ, нөмір­­­лен­­ген 12 шағын аудан бар. Шын­туай­­тында, олар 12 емес, барлығын қос­­қанда – 13. Қала сәулетіне билік жүр­гізуші партия қызметкерлері, сірә, жобалау үстінде «шайтанның 12-сін» сес­ көрген-ау, ақырғы шағын ауданды – 10 «А» деп белгілепті. 

Алматы: Шағын ауданның астарлы ақиқаты

Мешіт пен шір­­кеуді мойындамаған коммунист-идео­логтардың бұлайша сақтануына кей­де шын таңданады да екенсің. Қа­зақстанның сол кездегі астанасы Алматыда сол кездегі қазақтардың шын­­­ үлесі болса, ол сан міндетті түрде иі­сі қазаққа жат емес «13» атауында қа­­­лар еді. Ендеше, қаланың оңтүстік-ба­­тыс аумағында небәрі 10 жылдың ішін­­де асығыс салынған (1960-1970 ж.ж.) бұл шағын аудандар, қазақтың бас­­­ қа­ласындағы бұл үйлер кімдер үшін са­лынған, онда кімдер жайласқан?

Алматының кешегі, тіпті бүгінгі жа­зылған тарихында да әсем қаланың шырайын ашқан ғимараттар мен алаңдар, қонақ үйлер мен концерт залдары, мейрамханалары туралы дерек жетіп артылады. Бірақ зымыранның жылдамдығымен салынған жоғарыдағы шағын аудандар ұмыт қалған. Мәскеу басқарған сол замандағы миграциялық қитұрқы саясаттың астарына үңілген сайын көптеген жайттарға қаныға түсесің, өзің куә болған оқиғалар көз алдыңда жіпке тізіледі.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін партияның саяси шабармандары күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Алматының шырқын бұзған нашақор, маскүнем ауыл жастарын (!) қалай да қалаға жолатпаудың жолдарын қарастырып әлекке түсті. (Бүгіндері әлеуметтік желілердегі Алматының, Астананың шырқын бұзып жатқан ауыл жастары дегенде тіксінеріміз содан – авт.) «Қазақ жастары дәріс алатын Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірқатарын тез арада өңірлерге ауыстыруға тиіспіз. Оқу-білімге үміткерлерді Ресейдің ішкі аудандарынан, өзге республикалардан тарту керек. Өйткені бүгінгі Алматыда қазақ жастарының үлес саны «белгілі мөлшерден» (!) асып кетті.» Облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Меңдібаев 1987 жылдың жаз айында Алматыда өткен үлкен жиында тура осылай деді. Ал бөлім меңгерушісі Долгирев деген «көсем» қызмет-лауазымының төмендігіне қарамастан бірінші хатшыдан да асып түсті: «Алматыда қазақ жастарының саны тым көп. Әрине содан соң жас буынның бойын­да ұлтшылдық психологиясы орнығады. Сол себептен де партияның Орталық Комитеті (Мәскеу) қазір бізге мынадай болашақ жобасын ұсынды. Алматы мен Қапшағайдың арасынан Одақта теңдесі жоқ жаңа көлік жасау зауытын саламыз. Оған тек қана Ресей аймағынан оқыған, жаңа кәсіпке бейімделген жастар қабылданады. Біз қазір келетін бұл контингент үшін баспана салатын аумақ жайын ойластыру үстіндеміз...». Алматыда онсыз да немен шұғылданып жатқанын жан баласы білмейтін – станок жасаушы, машина жасаушы (ауыр машина емес), Крючков атындағы деген «құпия» зауыттар бар еді. Жоғарыда еске алған аты жоқ шағын аудандардың тұрғындары – сол секілді өзге де зауыт-фабрика жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлері болатын. Халық мұны білді. Бірақ олар сансыз кәсіпорындар мен шағын аудандар тек қана партиялық миграциялық саясат үшін жасалынып жатқанын білген жоқ...

Алматының тұрғыны, тігінші-зейнеткер Таисия Шевченконың сөзі осы мәселеде алғаш рет менің журналист ретінде көзімді ашқаны бар. «Біздің Пермьде оқу жылы аяқталар тұста қала бойынша барлық аялдамалар мен телеграф бағандарында Орталық Азияға жұмысқа шақырған хабарландырулар ілінетін.

Мәтіні ұмытпасам былай болып келеді: «Ташкент, Алмалық, Фрунзе, Жаңатас... қалалары, 9 ай жаз. Бірнеше зауыт, бірнеше фабрика жұмысшыларға зәру. Екі ай оқытамыз. Жатақхана дайын. Үйленгендерге отбасылық жатақхана, бала туса жайлы пәтер беріледі. Соның ішінде мен «Ташкент секілді жеміс-жидекке бай, тау баурайындағы әсем Алматыны ұнаттым. Сол жылы мұнда 60 жас келдік. Қазақтармен қалай тіл табысамыз деген едік, келсек, жарты Ресей осында жүр... Қазақ халқы мейірбан екен. Бірақ шынын айтсам, біз олармен қоян-қолтық араласа да алмадық. Дзержинский атындағы тоқыма фабрикасында жіп иірдім. Нөмірі 5-ші шағын ауданнан жайлы пәтер берді. Жақсы өмір сүрдік. Тәуелсіздік жылдары жұрттың көбі басы ауған жағына көшті. Шалым дүниеден қайтты. Қызым Германияда, ұлым Ресейде. Хабарласып тұрады». 
Астарлы саяси қызметі зор болған Алматыдағы шағын аудандардың бүгінгі тірі куәсі жалғыз Таисия апай емес, баршылық, талайымен тілдестім. Бүгін олар құлдықты арман еткен миграциялық саясаттың күйрегеніне, Алматы мен Қапшағайдың арасына автомобиль жасау зауыты емес, автобанның салынғанына шын қуанып жүр... 

Талғат Сүйінбай,
«Егемен Қазақстан»