20 Сәуір, 2018

Кісілік әліппесі

580 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жер бетінде сонау да сонау көз жеткісіз, көңіл сенгісіз небір ықылымдардан бері жасап келе жатқан заты адам баласының ең зарлы мақсаты не десе, ол – адам болу дер едік. Түр-сипатыңмен, тәніңмен ғана емес, жаныңмен, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен. 

Кісілік әліппесі

Хайуани шартты түйсіктері барынша аласталған адами асыл қасиеттермен. Абай хакім айтатын нағыз кемел адам болудың ілім-өнері тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта ешқашан, ешбір түгесілмек емес. Жалпы, адамзаттан үшін ол мәңгіліктің жолымен тең ұлы мұратқа саймақ.

«Адам қайткенде адам болып қалады?» деген сауалға бұл дүниенің кемеңгер ойшылдары әр кезде жауап іздемей тұра алмаған. Аристотель мен әл-Фараби бабамыздан бас­тап Шекспирлер, Толстойлар тоғыз ойланып, тоқсан толғанған адам болудың ілімін індетіп, адамзаттың келер ұрпағына аңдатпалық қаншама толағай еңбектер қалдырған. Қазақтың өндір жастары адам болуын көксеген Бұқар жырау Алладан екі қолындағы саусақтары жеткенше санамалап, тіпті одан да асырып әзиз тілектерін тілеген. Қазақтың адам боламын деген әрбір адамына арғы-бері данышпандардың барлығымен терезесі кәміл тең Абайымыз еттен өткізе, сүйекке жеткізе айтып кетті. Ой көзімен зерделеп, тәмсілін танып, көкейге түйе білген пендеге одан кейінгі Алаш арыстарының да әрбір сөзі адамшылық ғибратына шақырады. Әттең дүние, елдің бәрі осынау асыл мұраларға мо-
йын бұрса, көңіл қойса, қане?!

Біз айтар едік, қазіргі қазақ үшін, үлкені мен кішісіне бірдей, адамшылықтың әліпті таяқ деп білгізерлік, темірқазық жұлдызындай адастырмас, ең ғажап әліппесі халқымыздың ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай қалыптасып сақталған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында, неше мың жылдық өмір-тіршілік тәжірибесімен қордаланып жинақталған қазыналы да қормал даналығында жатыр. Сонымен бірге мың жылдан бергі хақ мұсылман қазақтың имани ізгілігі де халықтың өзі қалыптап жасаған осынау адамшылық әліппесінің алтын арқаулы өзегіне айналды деп айта аламыз. Бұған қоса, түп байтағымыз Өтікеннен темір балқытып басталған түркілік терең тамырлы, тылсым сырлы көкбөрілік рухымыз адамшылықтың, адамгершіліктің асқақ мұраттарын шырқау биіктерде самғатып, «ежелден еркіндік көксеген» Қайым Мұхаметханов ар-намыстың туын желбіретеді. Құдайға шүкір, тексіз емеспіз, тамырсыз емеспіз, бүгінгі ұрпақтың адамшылық ілімінен құмарын қандыра сусындатар өзіміздің тұнық тұмалы бастау-бұлағымыз да, телегей дариямыз да бар екен.

Айтты-айтпады, адамшылық негізі иман­ды­лық пен ата дінімізде, әдет-салтымызда жат­қандығы күмәнсіз. Тәуелсіздікпен бірге қай­та оралған асыл дініміз, алпыс екі жылдан бері көзайым болып көріскен әз Наурызымыз ізгілік, мейірім, қайырым, дарқандық, кеші­рім­ділік, жан тазалығы сынды қаншама адам­дық сапаларды түптен қозғап жаңғыртты. Қа­зақ ауылындағы ешқашан желісі үзілмеген ағайын-абысынның татулығы, үлкенді сыйлау, кішіні ілтипаттау, келіннің сәлем салуы, өс­келең ұл мен қызға жан-жақты жана­шыр­лық­­пен жасалатын тыйымдар адами тәрбиенің пәр­­менді тетігі болып келеді әмбе келешекте де солай бола бермек. Мұның өзі ата-баба дәстүріне қылау түсірмеген қазақы орта адам­­шылықтың мүлтіксіз мектебі екендігін ай­ғақтай түседі.

Қазақтың ертедегі ауыз әдебиетінен, ер­тегі-жырларынан, мақал-мәтел, нақыл мен қа­нат­ты ой орамдарынан түзілген бабалар сө­зінің байыпты даналығы адамшылықтың ең бас­ты әліппелерінің бірі десек, артық айтпас­пыз. «Аяз би» ертегісі тәмсілінің, жақсылық пен жамандық күресі ғибраттарының кім-кім­ге де үйретер тектілік пен адалдық өнегесі мол. Қазақтың мақал-мәтелдерінің араласпайтын жері, айшықтап бейнелемейтін мінезі, шаш­бауын көтермейтін жақсылық үрдісі, түйреп шанышпайтын жаман ғадеттер жоқ десе де болғандай. Осы тұрғыдан келгенде халқымыздың даналығы, бабалардың байтақ ақыл кеніндей бахадүр де байсал сөзінің телегей-теңіз мұрасы талай замандар бойы бүтін қазақ жұртының, оның елдігінің еңселі конституциясы болып келгенін де ешкім жоқ­қа шығара алмаса керек. Олай болса, бос­тан еліміздің болашақ ұрпағын адамшылыққа баулимын деген мекеме-институттарымыз, мек­тептеріміз, білім ордаларымыз өзгенің қаң­сы­ғына бас ұрып жүгіне бермей, баз-базында өз жұртымыздың даналығын, бабалар сөздерін басшылыққа алғаны ғанибет емес пе деп ойлаймыз.

«Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деген Абай шығармалары, ғақлия сөз­дері мен өлеңдері, поэмалары адамтанудың тұ­тас ілімі, адам болудың маңызын күні бү­гінге дейін жоғалтпаған оқулығы деген тұжы­рым­ға көпшілік қауым келісіп, қол қоятын шы­ғар. Дүниеде адамдық хикметінің алуан қырларын анықтап, керемет сырларын аша білген Абайдай данышпан кемде-кем. Про­фес­сор Мекемтас Мырзахметов үнемі ізер­леп айтып жүргеніндей, толық адам, кемел адам дәрежесіне көтерілу орайындағы қа­зақ хакімінің хадистей қағидат толғамдары, ақыл­ман ғақлиялары бүгінгі таңдағы рухани жаңғыруымызға да септігін тигізер бас ақыл­шы болары айдай ақиқат.

Кемел келешегіміздің атпал азаматтарын, кө­ненің көмбесін де, жаңаның жасынын да жан-жүрегіне бірдей дарытқан асқақ рухты, азат ойлы ұрпақты баулу қиын да абыройлы міндет. Осы ретте халқымыздың, Абай сынды ұлыларымыздың, Алаш арыстарының толғап кеткен адамшылық әліппесін қаперден шығармай, тәрбиенің мықты құрал-қаруына айналдыра білейік, ағайын.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»