23 Сәуір, 2018

Оқшауланудан – интеграциялануға

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алдымен мына мәселеге назар аударайық. Өткен жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдерінде сапарда болды. Биылғы жылдың наурызында ол Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Душанбе халықаралық әуежайында Ш.Мирзиёевті Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өзі қарсы алды.

Оқшауланудан – интеграциялануға

Былай қарасаң, мұнда тұрған ешнәрсе жоқ сияқты. Ал түптеп келгенде, осы «қарсы алуда» елдер арасында көптен бері қордаланып қалған өткір проблемаларды шешуге деген құлшыныс, өзбек пен тәжік халықтарының салқын тарта бастаған ынтымақтастығын қайта жандандыруға деген ұмтылыс жатқанын байқауға болады. Өйткені сапармен келген елдің бірінші басшысын екінші елдің бірінші басшысы әуежайда қарсы алу халықаралық саясатта өте сирек кездесетін оқиға. Екіншіден, Өзбекстан президентінің бұл сапарын сарапшылар тарихи сапар деп атады. Себебі көрші екі мемлекеттің басшылары бір-біріне сапармен келмегелі, жоғары деңгейде кездесулер өткізбегелі жиырма жылға жуықтапты.

Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев өзін ұлықтау рәсімі кезіндегі сөйлеген сөзінде «Өзбекстан Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа ерекше басымдық береді» деп атап өткен еді. Расында да ол елдің ішкі саясатына ғана емес, елдің сыртқы саясатына, оның ішінде көрші мемлекеттермен байланысына да тың өзгерістер әкелді. Өңірдегі төрт елге арнайы сапарлап барып, бұрынғы «өкпе-ренішті» қойып, тығыз байланыстар жасауды өтінді. Орынсыз оқшауланудың алысқа апармайтынын алға тартып, интеграциялануға шақырды. Оның жолын ешкім жаппады, қолын қақпады. Барлығы ойдағыдай болды.

Соның нақты дәлелі – Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның келіс­сөздері барысында қол қойылған екіжақты құжаттар. Көршілес екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған және қол қойылған құжаттардың саны 20-дан асады, ол барлық саланы қамтиды. Осының нәтижесінде кезінде үзіліп қалған әуе, темір жол, автокөлік қатынастары қалпында келтірілді. Азаматтардың бір ай мерзімге визасыз келіп-кету тәртібі енгізілді. Өзбекстан мен Тәжікстан шекаралары миналардан тазартылды. Енді мемлекеттер басшылары өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі кезде Өзбекстан-Тәжікстан ортақ сауда кеңесі құрылып жұмыс істеуде. Кеңестің алғашқы отырысы наурыз айында Душанбеде өтті.

Ал Өзбекстан мен Тәжікстан арасын­дағы қатынастың нашарлау себебіне келсек, 1992-1997 жылдары болған азамат соғысынан енді есін жинап келе жатқан Тәжікстанның солтүстігіне 1998 жылдың қарашасында полковник Махмұд Худайбердиев бастаған оппо­зициялық топ шабуыл жасайды. Төрт күнге созылған «соғыста» олар шегі­­ніп, Өзбекстан аумағына өтіп кетеді. Тәжікстан парламентінде сөйлеген сөзінде Э.Рахмон осы оқиғаға байланысты: «Бүлік ұйымдастырып, жасақтарға көмектесу арқылы Өзбекстан басшылығы бүкіл Тәжікстанды өздерінің бақылауына алғысы келеді» деген мағынада мәлімдеме жасады. Бұл Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Каримовтің шамына тиетіндей-ақ сөз еді.

Өзбек-тәжік қатынасының ушығуына, сондай-ақ Тәжікстан аумағында салынуы тиіс Рогун су электр стансасы жобасының да «қосқан үлесі» жетерлік. Сонау кеңестік кезеңде жобаланып, қаржы тапшылығына байланысты құрылысы тоқтап қалған бұл стансаның пайдалануға берілуі Тәжікстан үшін өте маңызды. Себебі Тәжікстан халқы, әсіресе қыс маусымында электр энергиясынан қиындық көреді. Егер Рогун су электр стансасы іске қосылатын болса, ел бұл қиындықтан құтылады. Сонымен бірге олар өндірілген электр энергиясын Пәкістан мен Ауғанстанға, тағы басқа елдерге экспорттап пайда тапқысы келеді.

Ал Өзбекстан тарапы Рогун ГЭС-нің салынуына мүлде қарсы. Оны елдің бұрынғы басшысы ірі жиындарда талай мәрте айтқан, тіпті мәлімдемелер де жасаған болатын. Өйткені Өзбекстанның егіншілікпен айналысатын аудандарына су аса қажет. Станса пайдалануға берілген жағдайда су қазіргі мөлшерден бірнеше есе аз жіберіледі. Бұл ауылшаруашылық дақылдарынан алынатын өнім көлемін төмендетеді. Өз кезегінде ол тұрғындардың әл-ауқатына кері әсер етеді.

Бүгінде Өзбекстан мен Тәжікстан арасында ынтымақтастықты жандандырудың барлық мүмкіндіктері үкіметаралық деңгейде қарастырылуда. Алыс-беріс, барыс-келіс артады, әлі де жақсарады деп айта аламыз. Ал көрші елдердің бір-бірімен тығыз байланыста болуы көп мәселені шешетіні тарихтан белгілі.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»