Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Алыста жатып, ауылды басқарғандар азаймай тұр

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің ойымызға ауыл шаруашылығы басқармаларының кеңейтілген отырысы оралып отыр. Онда есеп берген Солтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылық ведомствосының басшысы Қайрат Омаров төмендегідей деректер келтірген болатын. Теріскейдің диқандары былтыр соңғы 5 жылда болмаған бітік егін өсіріп, 5,5 миллион тонна алтын дән жинаған. Өнім гектарына берекелі 18,2 центнерден айналған.

Алыста жатып, ауылды басқарғандар азаймай тұр

Табыстың тайқазанын тасытып, ел ризығына зор үлес қосып жүр­ген агроқұрылымдардың ерен ең­бе­гі мерейді тасытса, кей шаруа­шы­лық­тардың өз әлеуеттерін тиімді ұқ­са­та білмейтін орашолақ іс-қимылы кө­ңіл­ге қаяу түсіреді. Кезінде «Богби», «Транс­авто» секілді сырттан келген алпауыт фирмалардың дәурені ж­ү­ріп, түкірігі жерге түспей тұрды. «Бар­мақ басты, көз қысты» жолмен 1 миллион гектардан астам жерді мен­шіктеп, ұқыпсыз пайдаланудың ақы­ры банкроттыққа ұрындырды. Олар­дың қарамағындағы уақытпен са­­наспай жұмыс істеп келген 43 ша­руа­­шылық қазір далада қалғандай күй ке­­шіп отыр. Не мандытып жалақы бе­­ріл­меген, не күткендегідей өнім алы­нбаған, не салық төленбеген. Алыс­та жатып ауылды басқарып, же­ке құлқынын тойдыруды әдет ет­кен қалталыларды жұмысшы қыз­мет­кер­лердің әлеуметтік жағдайынан гөрі жер телімдерін кепілге қою арқылы есеп­сіз алған миллиардтаған несиелер кө­бі­рек қызықтырған секілді.

Қазір одан 400 мың гектар ғана кері қайтарылған. Сот процесінің ұзақ жүруіне қарағанда жуық арада нүк­те қойылады дегенге сену қиын. Жа­сыратыны жоқ, көктемде келіп, күз­де қайтатын жыл құсына ұқсаған кез­дейсоқ жандардың қатары әзірге қа­лың. Керісінше, осы өңірде туып-өс­кен, бар ғұмырын туған өлкемен бай­ланыстырған, қолынан іс келетін жер­гілікті кәсіпкерлер үшін кедергілер же­тіп артылады. Ішкі мүмкіндіктерді ұтым­ды ұйымдастырудың орнына ар­қаны кеңге салатын, жағасы жайлауда жү­ретін аудандар да баршылық. Был­т­­ыр Уәлиханов, Аққайың, Ғ.Мү­сі­ре­пов аудандарында қажетті ты­ңай­т­қыш­тардың 33-52 пайызы ғана жерге сі­ңірілген.

Тұқым алмастыру шаралары да сын көтермейді. Осы екі фактор өнім­ді­лікке үлкен әсер ететінін кей аудан әкім­дері мен шаруашылық басшылары ескермейтін тәрізді. Тракторлардың – 84, комбайндардың 72 пайызы тоз­ған. Агроқұрылымдардың жауапты нау­қанға дайындық жұмыстары тал­қы­ланған жуырдағы жиында облыс бас­шысы Құмар Ақсақалов тағы да егін­шілік мәдениетін, ауыспалы егіс жүйе­сін жетілдіру, агротехникалық шараларды қатаң сақтау, ауыл еңбеккерлерінің жалақысын көтеру мә­селесіне айрықша тоқталды. «Қа­зақ­станда өндірілетін астықтың үш­тен біріне жуығы біздің өңірге ти­есілі болғандықтан, көктемгі дала жұ­мыстарын ұйымшылдықпен өт­кізу аса маңызды. Болашақ өнім­нің мол әрі сапалы болуы көбінесе жақсы әзір­лен­ген бағдарламалар мен жаңа тех­но­логияларға байланысты», деді Құ­мар Іргебайұлы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың хабарлауынша, биыл 4,1 миллион гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары егілетін болса, оның 2,6 миллион гекта­рын дәнді дақылдар құрайды. Май­лы дақылдардың көлемі 1 миллион гектарға жеткізіледі. Бұл көрсеткіш өт­кен жылмен салыстырғанда 41 пай­ызға артық. Картоп алқабының көлемі екі есе ұлғайтылмақ. Алайда егіс та­наптарын тыңайтқышпен құ­нар­­лан­ды­ру жайы әлі де өзекті күйінде қа­лып отыр. Тапсырыс берілген 109,1 мың тонна минералды тыңайтқыштың үштен бірімен ғана есеп айырысқан. Айыртау ауданында – 10, Уәлиханов ауданында – 13, Тайынша ауданында 20 пайыз ғана орындалған.

Сол сияқты қажетті жанар-жа­ғар­­май жеткізу мәселесі де көңіл көн­шіт­пейді. Үкімет жеңілдетілген баға­мен 66,6 мың тонна сұйық отын бөліп отыр­ғ­анына қарамастан 38,2 мың тонна­сына ғана келісімшарт жасалған. Қырда еңбек дүбірі қызған шақта 13,6 мың трактор, 16,2 мың тұқымсепкіш, 1,1 мың егіс кешені жұмысқа жаппай атсалысатын болады. 34,2 миллиард теңгеге 1310 жаңа техника сатып алу жоспарланса, Аққайың, Тайынша аудандары бірде-бір өтініш бермеген.

«Солтүстік Қазақстан ауылша­руа­­­шылық тәжірибе стансасы» ЖШС ди­ректоры Белгібай Қанафин қар­д­ың аз түсуіне байланыс­ты кли­мат­тық ерекшелікті жете ескер­у­ге, то­пы­рақты жеткілікті түр­де ыл­ғал қо­ры­мен қамтамасыз ету­ге ке­ңес бер­ді. С.Сей­фуллин атын­дағы Қазақ аг­ро­­техникалық универ­си­те­ті­­­нің рек­то­ры А.Күрішбаев IT-техно­­ло­гия­­ның, цифр­лан­дырудың ауыл ша­­­­­­руа­шы­лығына ти­гізер пайдасы жөнінде әң­гімеледі. Өңір­де астық танап­­­­та­ры­ның 52 пай­ызы элек­тронды кар­­таға ен­гі­зілген. Жар­ты милли­он егіс­тік алқабы Жер серігі арқылы ба­қы­ланады.

Алқалы басқосуда шаруа­шы­лық­тардың жалға берілген жерлерді мақ­сат­ты пайдалануына қатысты мо­ни­то­ринг жария етілді. Былтыр 188,2 мың гектар алқапты жалға алған аг­ро­құрылымдармен келісімшарт бұз­ы­лыпты. 91,4 мың гектар жер мемле­кет меншігіне қайтарылған. Осы орай­да жер бей-берекет пайдаланатын­дардан мәж­бүрлі түрде қайтарып алынып, жер­­гілікті іскер адамдарға үлес­ті­рі­лсе, нәтиже де еселене түсер еді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы