Реттеушілік килігу, араласу түрлерінде ғана келіспеушілік пайда болуы мүмкін, мысалы, жауапкершілікті реттеу қаржылық-технологиялық сектордың өркениетті дамуына ықпал етуі мүмкін. Ал орынсыз немесе көңілге қонымсыз реттеу нарықты бұзып, іргелес салаларға да жағымсыз әсерін тигізуі ықтимал.
Қазір қалай жұмыс істеп тұр?
Қазір Қазақстандағы онлайн-несиелеу секторында салалық заңнама жоқ. Интернет арқылы ең жиі берілетін несие көлемі 55 000 теңге екен. Орташа ставка – күніне 1,2-1,3%. Нарыққа қатысушылар өзін өзі реттейтін «ҚазФинТех» қауымдастығын құрған. Ол құқықтық және этностық нормалардың сақталуын қадағалайды және жұмыстың жаңа стандарттарын жасап шығарады. Қауымдастық ережелері бо-
йынша, компаниялардың клиенттен өндіріп ала алатын ең жоғары сомасы несиені қосқандағы дәл осындай үш жарым несиенің көлемінен аспайды.
Нарықтың жауапты қатысушылары қауымдастық шеңберінде жұмыс істейді, бірақ ішкі реттеу ғана емес, бақылаушы органдар тарапынан да реттеу жұмыстары қажет. «ҚазФинТех» Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің халықты өсімқорлар мен қарызды өндіріп алудың кейбір әрекеттерінен қорғауды көздейтін ұстанымын қолдайды. Қауымдастық Ұлттық банкке ұсыну үшін нарықты дамытудың алдағы 3-5 жылға арналған жол картасы жобаларын дайындап жатыр.
Аталмыш нарықты реттеу құралдарын таңдағанда несие берушінің де, несие алушылардың да мүддесін ұмытпау керек, дейді RAEX рейтингтік агенттігінің («Эксперт РА Қазақстан») бас директоры Әділ Мамажанов. Оның сөзіне сенсек, ұсынылған құралдардың қай-қайсысы болмасын, нарықтың талаптарына балта шабатын болса, оны пайдаланудың қажеті жоқ. «Клиенттерді қорғау керек, бірақ нарықты да өлтіріп алмайық», дейді ол.
Қандай қадам жасалады?
Қазақстан Парламенті нарықты реттеудің бірнеше жолын қарастырып отыр. Бұл орайда бизнестің табыстылығы ғана емес, тұтас бір саланың тыныс-тіршілігі Парламенттің қандай құралды таңдайтынына байланысты болып тұр. Реттеуші сыйақының жылдық мөлшерлемесін 100% көлемінде шектеу және несие бойынша артық төлемнің ең жоғары мөлшерін 100%-дан асырмау мүмкіндігін қарастырып отыр. Былайша айтқанда, заңнамаға түзету енгізген жағдайда жылдық мөлшерлеме мен ең жоғары артық төлемнің сомасы шектеледі: екі жағдайда да бұл көрсеткіштер қазіргі нарықта бар көрсеткіштен әлдеқайда төмен.
– Егер реттеуші жылдық мөлшерлемеге шектеу қойса, бұл шешім жалпы нарыққа жағымсыз әсер етеді: ұйымдардың бір бөлігі нарықтан кетеді, қалғандары басқа өнімдерді іске қосады,– дейді «Честное слово» микронесие беруші халықаралық онлайн-сервисінің бас директоры Андрей Петков. Оның айтуынша, бұл жағдай қарыз алушылар үшін қолжетімді несие құралынан айырылу деген сөз, ал нарық үшін – ойыншылар «көлеңкелі» іске бет бұрып, бір кездері мемлекеттің шамасы келмей, әбден әуреге салған 90-жылдардағы қарақшы өсімқорлар қайтадан пайда болуы әбден мүмкін.
– Ставканы шектеу нарықтық экономикаға қайшы, реттеушінің қызмет құнын қалыптастыруға тікелей араласуы нарықты бұзады,– дейді Қазақстандағы онлайн-сервистермен жұмыс істейтін ірі инвестор. Айтуынша, оның орнына ең жоғары артық төлемнің сомасын шектесе, әлдеқайда тиімді болар еді. Ол дұрыс бәсекелестікке кедергі келтірмейді және тұтынушыны қорғауға мүмкіндік береді.
«ҚазФинТех» қауымдастығы да осындай пікірде. Қауымдастық реттеушілік ықпалды бағалап, ставканы реттеу қоғам мен мемлекет үшін көптеген тәуекелдер алып келеді деген қорытынды жасады. Бұл дегеніңіз қаржылық қолжетімділіктің төмендеуі және әлеуметтік қысымның өсуі, өсімқорлықтың, қылмыстық «сұр» және «қара» базардың көбеюі. Яғни қылмыс та өседі, қарыз алушылар және олардың кредиторлармен келіспеушіліктері қорғалмайды, отандық қаржы нарығы технологиялық тұрғыда артта қалады және басқа да қауіп-қатерлер аз емес.
Онлайн-несиелеу сервистерінің экономикалық моделі мөлшерлемені 100% көлемінде шектеп қоюмен үйлеспейді дейді нарыққа қатысушылар. Егер шектеулер енгізілсе компаниялар шығынға ұшырап, жабылуға мәжбүр болады. Қауымдастықтың мәліметінше, несиенің мерзімі мен мөлшерлемесінің ағымдағы орташа көрсеткіші жағдайында онлайн-сервис бизнесінің табыстылығы шамамен 7%-ды құрайды. Салыстыратын болсақ, стоматологиялық бизнестің табыстылығы – 14,7%, ал мейрамхана (кофехана) бизнесінің табыстылығы – 26%.
Әлемдік тәжірибе
Барлық дамыған елдердің қаржылық технологиялар нарығында реттеушілік шектеулер бар. Олардың көпшілігінде несие мөлшерлемесіне тікелей шектеу қойылмаған. Мысалы, АҚШ-тың көптеген штаттарында ставкаға шектеу жоқ, ал орташа ставка – жылына 600 %. Ұлыбританияда 2016 жылы мемлекет қарыздың жиынтық борышына 100% деп шектеу қойды (Қазақстандағы «ҚазФинТех» те соны ұсынып отыр). Дәл осындай шектеулер Чехияда (2016 жылдан бастап) және Латвияда (2013 жылдан бастап) бар. Ресейдің Орталық банкі борыштың ең жоғары мөлшерін 150% көлемінде шектеуді жоспарлап отыр.
Аталған елдердің барлығында қаржылық- технологиялық сектор дамып жатыр, бірақ жағымсыз халықаралық тәжірибе де жоқ емес. Мәселен, Грузияда қаржылық-технологиялық сектор 2014 жылдан 2016 жылға дейін еселеп өсті, бірақ 2017 жылы елдің жаңа үкіметі ешбір ескертусіз тиімді пайыздық ставканы 100% көлемінде шектеп қойды. Бұл көптеген қаржылық-технологиялық компаниялардың банкротқа ұшырауына себеп болды және қаржылық-технологиялық сектор елде іс жүзінде жұмыс істемей қалды, сөйтіп елдегі осы саланың дамуын бірнеше жылға кері шегеріп тастады.
– Дамыған елдердің заң шығарушылары басқа мемлекеттердің табысты тәжірибесін қолданып, сол жолдан қиналмай өтеді. Біз де шет мемлекеттердің тәжірибесін егжей-тегжейлі зерттеп, соның ішіндегі ең үздігін пайдаланып, бірте-бірте өзімізде енгізуімізге болады, өйткені ойын ережелерінің бірден өзгеруі қаржы нарығындағы сенімді құртады,– дейді ID Finance халықаралық қаржылық-технологиялық топтың негізін қалаушылардың бірі Борис Батин. Қазақстан халқының 20%-ы үшін классикалық банк несиелері қолжетімсіз. Ал онлайн-несие секторына қолдау жасалмаса, халықты қиналған сәтте ала қоятын соңғы заңды қаржысынан айыруымыз мүмкін.
Дәулет ЖАҚСЫЛЫҚОВ
«Онлайн Финанс» ЖШС тапсырысы бойынша жарияланды