Хоккей • 27 Сәуір, 2018

Жоғары топқа өтуге мүмкіндігіміз жете ме?..

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының үшінші матчында Италия құрамасымен кездесіп 0:3 есебімен жеңілді. 

Жоғары топқа өтуге мүмкіндігіміз жете ме?..

Алғашқы екі турда жеңілістің не екенін білмей келе жатқан Қазақстан құрамасын үшінші кездесуде Италия хоккейшілері тоқтатты. Бұл – Италия құрамасының біріншіліктегі екінші жеңісі. Бұған дейін италиялық хоккейшілер бірінші турда Польшаны 3:1 есебімен жеңсе, екінші матчта айдын иелері Венгрия құрамасынан 2:3 нәтижесімен жеңілген-ді. Жанкүйерлердің есінде болар, чемпионаттың алғашқы матчында отандастарымыз Италияны жеңген Венгрия құрамасынан 3:0 есебімен басым түскен еді. 

 Енді Италия – Қазақстан ойынына аз-кем тоқталып өтсек. Матч бастала сала ойын тізгінін өз қолдарына алған Италия құрамасының ойыншысы Петер Хоккофлер 5-минутта есепті ашты. Арада төрт минут өткенде Диего Костнер есепті еселей түсті. Осыдан соң Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері есепті қысқартуға қанша тырысқанымен, бірінші кезеңде Италия қақпасына шайба соға алмады. 

Екінші кезеңді италиялықтар шабуылмен бастап, ойынның 25-минутында өз дегендеріне жетті. Бұл жолы Шон Мак-Монагл мергендігімен көзге түсті. Отандастарымыз есепті теңестіруге қанша ұмтылғанымен, Италия құрамасының ойыншылары қорғаныста өте сауатты ойнады. Осылайша екі құрама арасындағы матч 3:0 есебімен италиялықтардың пайдасына шешілді. Сөйтіп Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында бірінші рет жеңіліске ұшырады. 

Матчтан соң екі құраманың бас жаттықтырушылары баспасөз мәслихатына қатысып, ойын туралы пікірлерін айтты. 

Ғалым МӘМБЕТӘЛИЕВ: «Меніңше, шәкірттерім жылдам шайба өткізіп алған соң өздеріне келе алмай қалды. Жігіттер Ұлыбританияға қарсы өткен матчта қатты шаршап қалды. Ал біз ойнаған күні италиялықтар демалған болатын. Ойынға осы фактор қатты әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ олар бізге ойнауға мүмкіндік бермеді және өздері жылдам гол соғып, ойын тағдырын шешіп кетті», деді.

Клейтон БЕДДОС: «Бұл ойында біздің жеңіске жетуіміздің негізгі себебі – командалық рух және жеңіске деген ұмтылыс. Дегенмен Қазақстан құрамасы бізге қарағанда өте ақылды ойын көрсетті», деді. 

Қазақстан құрамасы бүгін Словениямен кездеседі.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»